"Болашақта сұранысқа ие болатын білімді таңдау қажет"

1109

Мемлекет басшысы дарынды балаларға арналған орталықтың тәрбиеленушілеріне осылай деді.

"Болашақта сұранысқа ие болатын білімді таңдау қажет"

Нұрсұлтан Назарбаев "Әсем" білім беру және таным орталығына барды. Мемлекет басшысы дарынды балаларға арналған орталықтың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Бұл білім мекемесінің мақсаты – балалардың зияткерлік және тұлғалық әлеуетін дамыту үшін қолайлы жағдай жасау.  

Орталықтың тәрбиеленушілері Қазақстан президентіне оқу аудиториялары мен лабораториялық кабинеттерді көрсетті.  

Нұрсұлтан Назарбаев жас жеткіншектерге "Болашақ" стипендиясы, Назарбаев Университеті, Назарбаев Зияткерлік мектептері және олардың жалпы ел экономикасына тигізіп отырған пайдасы жөнінде әңгімелеп берді.

"Облыс жастары мұнай-газ саласы бойынша білім алуға тырысады. Бүгінде мұнай бағасы қалыпты, бірақ бірнеше жылдан кейін оның құны төмендеп, мұнай өндіру азаюы мүмкін. Сондықтан, болашақта сұранысқа ие болатын білімді таңдау қажет", – деді мемлекет басшысы.

Қазақстан президенті жұртшылық өкілдерімен әңгімелесу барысында Ақтөбе облысының еліміздегі тез өркендеп келе жатқан өңірлердің бірі екенін атап өтіп, 20 жыл ішінде Ақтөбе қаласының тұрғындары екі есе көбейгенін және қазіргі уақытта жарты миллионнан асқанын айтты.

"Ақтөбе бай табиғи ресурстарының, дамыған өндірісі мен кен өндіру саласының арқасында Батыс Қазақстанның орталығына айналды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына оң баға берген Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған жаңа жолдаудағы және өңірлік деңгейде шешілуге тиіс бірқатар мәселені атап өтті.

"2019 жылдан бастап ең төменгі жалақы 1,5 есе өсетін болады. Бұл 40 мың ақтөбеліктің әл-ауқатына оң ықпал етеді. Олардың жартысы – бюджет саласының қызметкерлері.  Ірі кәсіпорындар осы бастаманы қолдайды деп сенемін", – деді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев көлік инфрақұрылымын дамыту және жергілікті маңызы бар жолдардың сапасын жақсарту мәселелеріне арнайы тоқталды.

"Облыстың географиялық жағдайын ескере отырып, Еуразия экономикалық одағына мүше елдермен сауда-саттық жасаудың транзиттік мүмкіндіктерін кеңейту қажет", – деді мемлекет басшысы.

Қазақстан президенті сапар қорытындысы бойынша журналистер алдында сөйлеген сөзінде өңір басшылығының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жөніндегі жұмыстарына жоғары баға берді.

"Облыс экономикасы өсіп, жолдар, мектептер салынып, қала инфрақұрылымы дамуда. Ақтөбеліктердің әл-ауқаты жақсарып келеді. Жергілікті атқарушы органдар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және "Бес әлеуметтік бастама" мен "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты жолдауды одан әрі іске асыруға күш жұмылдыруы керек", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу