Азаматтық авиация комитетіне Алматы әуежайына қауіпсіздік қызметін күшейту үшін, тарифтерді ұлғайту туралы өтініш келіп түсті. Бұл өтініш тыңдалымда талқыланды. Алдағы 5 жылда әуежай өз аймағындағы қауіпсіздікті арттыру үшін 1,8 млрд теңге инвестиция тартады деген болжам бар.Бұл туралы astanatv.kz хабарлайды.
Оған қауіпсіздік қызметі, қарау пункттері, қауіпсіздік қызметінің қажет құрал-жабдықтары кіреді. Қазіргі тарифтер 2009-шы жылы бекітілген және шығынды ақтамайды дейді Арнат Ахметжанов.
"Авиация қауіпсіздігінің үлес салмағы, былтырғы жылғы есептеу бойынша "Эйр Астана" АҚ негізінде 6 пайызды құрады. Қызмет бойынша тарифтің қымбаттауы 1 адамға 168,3 теңгені құрайды. Бұл орташа баға. Ал сырт елдерге 636,29 теңге шығып отыр", - дейді "Халықаралық алматы әуежайы" АҚ баға белгілеу және монополияға қарсы басқарма басшысы.
Ал "Эйр Астана" Алматы әуежайы қауіпсіздік қызметін тасымалдаушылар есебінен қымбаттатып отырғандарын түсінбей дал. Компания өкілдері, тариф қымбаттаса, тек "Эйр Астана" алдағы 5 жылда 2 млрд теңге шығын көреміз, деп отыр.
"Негізі әуежайдың кірісі мол. Оның қаржы есептерінде де ресурстары бар. Мысалға, 2016-шы жылы жылдық таза пайдасы 50,6 млрд теңге көлемінде болған. Оның үстіне депозитте тағы 27 млн теңге көлемінде бар. Біз, әрине, әуежайдың дамып, заманға сай болуын қолдаймыз. Бірақ өз мүмкіндігі бола тұра, тұтынушы есебінен алғаны несі?!", - деп түсінбей отыр "Air Astana" АҚ менеджері Евгений Аксенов.