"Химфарм" АҚ өнімін енді Өзбекстанға экспорттайтын болады

811

"Химфарм" АҚ өнімін енді Өзбекстанға экспорттайтын болады

Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстан Республикасында мемлекеттік сапарының аясында маңызды келіссөздер жүргізіліп, бірқатар келісімдерге қол қойылды. Өзбекстан елімен шекаралас Оңтүстік Қазақстан облысы үшін де бұл сапардың орны ерекше. Сондықтан қазақстандық ресми делегацияның құрамында ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев та болды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан арасында әріптестік байланыс арта түсті. Мәселен, биылдың өзінде бекеттер ашылып, екі елдің арасында жаңадан поезд бен автобустар қатынап, кедендегі бірқатар акциздік төлем алынып тасталды.

Бұл жолғы мемлекет басшысының жұмыс сапырында да  10 ма­ңыз­ды құжатқа қол қойылды. Соның ішінде екі ел президентінің қатысуымен Оңтүстік Қазақстан об­лы­сының әкімі Жансейіт Түймебаев пен Ташкент облысының хокимы Бабаев Шукурулло мен Сырдария облысының хокимы Ашурматов Ойбек және Джизак облысының хокимы Исмолилов Сайфуддин арасында сауда-экономикалық және мәдени-гу­манитарлық салалардағы өзара тү­сіністік туралы меморандум түзілді.

Сонымен қатар, елбасының көрші елге жасаған сапары аясында ұйымдастырылған екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен қазақ-өзбек бизнес-форумы өтті. Бауырлас елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығының артуына мүмкіндік беретін кездесуге қазақстандық 300-ден астам кәсіпкер қатысты. Іскерлік кездесуге Оңтүстік Қазақстан облысынан өңір басшысы бастаған 150-ден астам кәсіпкер қатысты.

Екі елдің ғасырдан бері жалғасқан достық қарым-қатынасы жанданған іскерлік жиында ОҚО кәсіпкерлері мен өзбекстандық бизнесмендер арасында сауда-экономикалық туралы 7 ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Сондай-ақ, Қазақстан бойынша құны 1,2 млрд АҚШ долларын құрайтын бірнеше келісім түзілді. Сондай тиімді келісімдердің біріне еліміздегі 200-ден астам дәрі-дәрмек шығарумен айналысатын "Химфарм" акционерлік қоғамы қол жеткізді. Елдегі осы саладағы жетекші кәсіпорын бұған дейін көрші Қырғызстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Монғолия сынды елдерге өз өнімдерін экспорттап келген болса, енді міне Өзбекстанға өз өнімін шығармақ.

Айта кетейік, жыл басынан бері  Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев көрші елмен қарым-қатынасты күшейту мақсатында бірқатар келіссөздер жүргізіп, іскерлік жиындар өткізді. Мәселен, елбасының тапсырмасына сәйкес трансшекаралық Өгем өзенінен суды бірігіп пайдалану мақсатында Өзбекстан мемлекетімен келіссөздер жүргізіліп, ауыз су бөліп алуға келісім жасалды. Нәтижесінде, алдағы бес жылда Оңтүстік Қазақстан облысының 700 мыңға тарта халқы бар үш ауданы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.

Өзбекстан күнгей кәсіпкерлері үшін 32 миллиондық тұтынушысы бар ең жақын нарық. Сондықтан да тауар айналымын арттырып, кәсіпкерлікті бірлесе дамыту мақсатында наурыз айында Ж.Түймебаев бастаған оңтүстікқазақстандық делегация Өзбекстанға ресми сапармен барған-ды. Нәтижесінде мамыр айында Ташкент тауар өндірушілерінің көрмесі Шымкентте ұйымдастырылып, оған 200-дей кәсіпорын өз өнімдерін ұсынды.

Екі елдің қарым-қатынасын жақсарту мақсатында наурыз айында "Алматы-Ташкент" және "Самарқанд-Ташкент-Астана" бағытындағы алғашқы пойыз жолға шықты. Бұдан бөлек, шілде айында Ташкент-Термез автожолы мен "Сырдария" өткізу бекеті ашылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу