"Қайраттың" шабуылшысы Жерар Гоудың жылдық табысы жарияланды

837

"Қайраттың" шабуылшысы Жерар Гоудың жылдық табысы жарияланды

"Jeune Afrique" журналы Қайрат командасының шабуылшысы Жерар Гоудың жылдық табысын жариялады. Африкалық басылым мәліметі бойынша футболшы жылына 2 миллион еуро алады екен, деп хабарлайды vesti.kz.
28 жастағы ивуарлық футболшы алматылық команда сапына 2014 жылы Ресейдің "Краснодар" клубынан ауысып келген еді. Одан бергі аралықта Қазақстан премьер-лигасында 102 ойынға қатысып 80 гол соқты. Соңғы үш маусымда да үздік сұрмерген атанды. Ал барлық турнирлерді қоса алғанда 143 ойыннан 103 гол соққан.
Жерар Гоудың алматылық клубтағы табысы жылына 2 миллион еуро болса, қосымша сыйақылар бұл қаржыға қосылмаған. Команда мен ойыншының келісімшарты желтоқсан айында аяқталады. Әзірге "Қайрат" командасы ойыншымен келісімді жалғастыру, не жалғастырмау туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Ал шабуылшының өзі командада қалуға ниетті көрінеді.
Қазақстанда танымал футболшылар жоғары көлемде жалақы алатыны жасырын емес. Осыған дейін Қазақстан футбол федерациясын басқарған Ерлан Қожағапанов Қазақстан премьер-лигасында айына 70 000 еуро алатын футболшы барын айтқан еді. Ал "Самрұқ-Қазына" қорының атқарушы директоры Дархан Кәлетаев "Астана" клубында қазақстандық ойыншының біріне жылына 1,1 миллион доллар беретінін тілге тиек еткен-ді.
2015 жылы "Ақтөбе" футбол клубының ойыншылары қанша жалақы алатыны жайлы да ақпар тараған еді. Ал 2016 жылы Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев "Қайратта" Андрей Аршавинжылына 1 миллион еуро алатынын жеткізген-ді. Алайда алматылық клуб командада ешбір ойыншы қомақты жалақы алмайтынын мәлімдеген болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу