Астана төріндегі "Барыс Арена" спорт кешенінде Қазақстан республикасы Тұңғыш президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен "Қазақстан Барысы" VII республикалық турнирі жалауын желбіретті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Биыл ЭКСПО-2017 аясында ұйымдастырылып жатқан додаға еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан іріктелген ең мықты 34 балуан қатысқалы отыр. Жарыс балуандар сап түзеп кілемге шығып, жеребе тарту рәсімінен кейін мемлекеттік әнұранмен басталды.
Бәсекенің жүлде қоры - 50 миллион теңге. Айталық, балуандар әр белдесудегі жеңіс үшін - 100 000 теңге көлемінде сыйақы алып отырса, жарыс соңында бас жүлдені жеңіп алған балуан 25 миллион теңгені қалтасына басады, ал бапкері 3,5 миллион теңге сыйақы алады. Екінші орынға ие болған балуан 5,5 миллион теңгемен марапатталса, бапкері 1,8 миллион теңгеге ие болады. Үздік үштікті түйіндеген балуанның қалтасы 1,8 миллион теңгеге толықса, бапкері 900 мың теңгені қанжығасына байлайды. Бұл турнирде балуандар ғана емес, көрермендер мен жанкүйерлер де сыйлықсыз қалмайды. "Қазақстан Барысының" финалдық бәсекесіне кіру билеттері бойынша "Renault Logan" маркалы автокөлігі ойнатылады.