Астанада "Мәңгілік ел" салтанатты аркасының үстінде қала көркін тамашалайтын шолу алаңы мен көрме галереясы ашылды, деп хабарлайды inform.kz.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнап тұрғызылған Салтанатты арканың биіктігі 20 метр. Шолу алаңына дейін келушілерді кәсіпқой гид Ақмола өңірінің қалыптасуы мен тарихы көрсетілген фотосуреттері бар баспалдақпен алып жүреді және қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қала тарихымен таныстырады. Ерекше күтімді қажет ететін келушілер үшін арнайы лифт орнатылған.
Қақпаның жетінші қабатында аумағы 120 шаршы метр жаңа көрме залы орналасқан. Онда шетелдік және отандық суретшілердің, мүсіншілердің, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің туындылары қойылып, түрлі фотокөрмелер өткізіледі деп жоспарланған. Көрме залы арқылы қақпа төбесінде орналасқан шолу алаңына шығуға болады. Келушілер шолу алаңының төрт бұрышына қойылған төрт дүрбімен тұтас қаланы тамашалай алады.
"Қақпа дүйсенбіден өзге барлық күні, таңғы 10-нан кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Әрине, ЭКСПО қарсаңында қала қонақтарының көбеюіне байланысты, жұмыс уақытын ұзарту көзделіп отыр. Кіру құны ересектерге – 500 теңге, балаларға – 350 теңге. Бұл орыннан келушілердің қазақ халқының өнері мен мәдениеті туралы өте құнды деректер мен ұмытылмас әсер алып кетері анық. Жаңа шолу алаңы туристердің қызығушылығын оятып қана қоймай, түлектер мен жас жұбайлар арасында танымал орынға айналады деп үміттенеміз", – дейді Астана қаласы мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.
Айта кетейік, салтанатты аркада шолу алаңы мен көрме залын ашу әлемдік тәжірибеде бар. Оған дәлел – Париж, Барселона, Мумбай, Бухарест қалаларындағы қақпалар. Әсіресе, Париждің Шарль де Голль алаңында орналасқан триумфалды аркаға жыл сайын миллиондаған турист келеді.
"Мәңгілік ел" салтанатты аркасы – Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2011 жылы тұрғызылған. Авторлары – сәулетші Сағындық Жамболатов және мүсіншілер Мұрат Мансұров пен Нұрлан Далбай.