"Медеу Баспалдақ-2018" жарысында 71 жасар қария жеңімпаз атанды

1104

Осымен 30-рет өткізілген бұл жарысқа 7 жастан жоғары 1000-нан аса әуесқой қатысқан.

"Медеу Баспалдақ-2018" жарысында 71 жасар қария жеңімпаз атанды

"Медеу" шатқалындағы селден қорғау бөгетінде "Спорттық Алматы" бағдарламасы аясында дәстүрлі "Баспалдақ-2018" бұқаралық жүгіру жарысы 30- рет өтті, деп хабарлады қаланың дене шынықтыру және спорт басқармасынан.
Жарысқа 7 жастан жоғары 1000-нан аса әуесқой қатысты. Олардың арасында ең үлкені 71-жасар Владимир Гашута болды. Кезінде танымал спортшы болып, гиннес рекордына енген акробатшы биыл да кезекті жеңісіне қол жеткізіп, өз жас дәрежесінде (60-тан жоғары) 100 сатыны бірінші болып бағындырды.
"Мен осы шараға 1993-жылдан бері қатысып келемін. Бүгін 43-ші жеңісіме қол жеткізіп, қуанып отырмын. Әр жылдары әр түрлі қашықтықта жүргенмін, бірақ менің ұнататын қашықтығым - 200 баспалдақ. Осы шараға күнделікті дайындығыммен келдім. Өзім бір қалыпта болу үшін жиі жүгіріп, жаттығулар жасап тұрамын. Бұл жарыс мен үшін азарт" - деді Владимир Гашута.

Бұл қалалық жарыс 100, 200, 300, 500 және 841 баспалдақ бойынша әр түрлі жас айырмашылығы бойынша өткізілді. 
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер барлық жас ерекшеліктеріне сәйкес медаль тағынып, сыйлықтармен марапатталды, ал белсенді қатысушыларға жарыс ұйымдастырушылары мен серіктестері атынан сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, барлық қатысушылар жарысқа қатысқаны үшін сертификаттарға ие болды.
Аталмыш спорттық шара бұқаралық спорттың дамуына бағытталған "Спорттық Алматы" бағдарламасының аясында өткізілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу