Қарағанды станциясынан "Саламатты Қазақстан" медициналық пойызы Жезқазған станциясына келіп тоқтады. Дәрігерлер бригадасының құрамында терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, лор, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог сияқты білікті бірінші және жоғары дәрежелі мамандары бар, деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" АҚ баспасөз қызметі.
Медициналық пойыз қызметін Қазақстанның шалғайдағы елді мекендеріндегі медициналық көмекке мұқтаж тұрғындар, теміржол қызметкерлері мен зейнеткерлер және олардың отбасы мүшелері пайдалануға мүмкіндігі бар.
Пойыздың бас дәрігері Арман Әбішевтің айтуынша, Жезқазған станциясында қазірдің өзінде жергілікті тұрғындарды қабылдау басталып кетті.
"Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қорының басқарушы директоры Лима Диастың айтуынша, жобаның арқасында станциялар мен оларға іргелес жатқан елдімекендердің халқы аурудың алдын алу үшін медициналық тексеруден өтеді, қажетті алғашқы көмек, кәсіби консультация мен әрі қарай емделу үшін жақын орналасқан медициналық орталықтарға жолдама алады.
Қазақстан" медициналық пойызы Қарағанды қаласынан аттанып, 11 сәуір мен 6 қараша аралығында орталық, солтүстік, шығыс өңірлерінің қалалары мен кеңшарларына барады.
Оңтүстік және батыс өңірлерінің халқы 18 сәуір – 20 желтоқсан аралығында Алматы-1 станциясынан шығатын "Денсаулық" пойызының медициналық көмегін ала алады.
Айта кетейік, "Саламатты Қазақстан", "Жәрдем", "Денсаулық" пойыздары "ҚТЖ" АҚ, ішкі істер министрлігі, "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен ұйымдастырылып келеді.