Каспий құбыр консорциумы (КҚК) үнемдей отырып кеңейту жобасын іске асырады да, 2020 жылға қарай борышты өтеуге қызмет көрсету төлемін аяқтайды. Жаңа экспорттық бағдар келешегі және қазақ мұнайының сапасы туралы "КҚК-Қ" АҚ-тың үкіметпен байланыс жөніндегі бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин abctv.kz-ке берген сұхбатында әңгімеледі.
– Кеңейту жобасы аяқталғаннан кейін 2022 жылы Теңіз кен орнында жылына қосымша 12 млн тонна мұнай өндіріледі. Сонымен қатар қазір іске қосылған Қашаған да өндірісті арттырады. Мұнайды экспорттау үшін жаңа құбыр салу қажет бола ма?
– Бүгінгі күні 95 млн тонна мұнай тасымалдауға арналған құбыр бар. Оның ішінде КҚК – 50 млн тонна, "Атырау-Самара" – 15 млн тонна, Ақтау порты – 5-10 млн тонна, қытайлық бағыт (Қазақстан-Қытай мұнай құбыры) – 20 млн тонна. Егер Қашағанды дамыту толық іске қосылып, ТШО-ны ("Теңізшевройл") кеңейту аяқталатын болса, онда 2020 жылдан кейін 2030 жылға қарай шамамен 130 млн тонна (жылына мұнай өндіреміз-автор еск.) аламыз. Сонда мұнайдың шамамен 20 млн тоннасы қолда бар құбырға сыймайды. Бұған дейін бұл мәселе жөнінде келіссөз бен кеңес болғантын. Сол кезде Ақтау – Баку – Джейхан бағытында Kazakhstan Caspian Transportation System, KCTS (Қазақстан-Каспий тасымалдау жүйесі, ҚКТЖ) жаңа жүйе құрылады деп шешілген еді. Сондай-ақ Қытай бағыты 20 млн тоннаға дейін кеңейтіледі. 3-4 жыл бұрын Chevron компаниясы өзінің ҚКТЖ-қа қатысу әлеуеті мен қызығушылығы жайында мәлімдеді. "Теңізшевройл" full development-ті 2022 жылға қарай аяқтайды. Яғни жаңа жүйе құрылысы 2020 жылдан кейін салынуы мүмкін.
– 2017 жылы КҚК арқылы мұнай тасымалдау тарифі қайта қарала ма? Ол КҚК-Қ (Қазақстан) және КҚК-Р-де (Ресей) қалай қалыптасады?
– КҚК тарифін акционерлер бекітеді. Бүгінгі күні оның Теңізден Қара теңізге дейін бір тоннасы 38 доллар. Ол КҚК-Қ және КҚК-Р арасында 75/25 ара салмағында ел аумағындағы құбырдың ұзындығына және мұнайды айдау көлеміне қарай бөлінеді. Яғни 38 доллардан Қазақстан 25%-ды алады, ал 75%-ы Ресейге кетеді. КҚК шартты түрде екі заңды тұлғаға бөлінген (КҚК-Қ және КҚК-Р), ал жалпы құбырдың акционерлері ортақ. Біз КҚК-Р-да да акционерміз, сондай-ақ Ресейдің де КҚК-Қ-да үлесі бар.
Тарифтерді қайта қарау туралы шешімді қажеттілігіне қарай акционерлер қабылдайды. Бүгінгі күні КҚК 5,4 млрд долларлық кеңейту жобасын өздігінен қаржыландырып отыр. сонымен қатар консорциум құбырдың бастапқы құрылысының қарызын төлейді. 2015 жылы 1,5 млрд доллар, 2016 жылы 1,2 млрд доллар төленген. 2018-2020 жылдарға қарай КҚК барлық қарызды төлеп бітеді. Сондықтан өздеріңіз көріп отырғандай, тарифті көтеру керек емес. Оған қоса егер мұнай артатын болса, КҚК-тың табысы көбейеді. Тіпті тарифті азайтуға болады, мүмкін бір кезде азайтатын да шығармыз.
– КҚК-тың акционері емес тұлғалардан мұнай айдауға өтінім болды ма?
– Жоқ, құбырдың өткізу қабілетін пайдалану құқығына тек акционерлер ғана ие. Мұнай айдау көлемін бөлудің көптеген жолы бар. Егер бір акционер мұнай айдаудан бас тартатын болса, онда ол бұл құқықты үшінші тарапқа бере алады, ол КҚК-тың басқа қатысушысына беруге міндетті. Егер барлық акционер бас тартатын болса, онда олар үшінші тарапты іске қосу мүмкіндігін қарастыра алады, бірақ бұл коммерциялық шартта іске асады. Онда мұнайдың бір тоннасы 38 доллар емес, 40-50 доллар болады.
КҚК-тың негізгі акционерлері ірі мұнай жобаларына қатысушылар – Chevron, Exxon, "ЛУКОЙЛ", Agip, BG, Chevrom, "ЛУКОЙЛ", "ҚазМұнайГаз", Қашаған жобасына қатысушы Inpex және Total-дан басқа компаниялар КҚК-тың акционері. Құрылыс салу барысында КҚК бірінші кезекте Теңіз, Қарашығанақ және қазір Қашаған үшін арнайы экспорттық жүйе болады деп жоспарланған болатын. Қашағанның бірінші кезегі КҚК-тың көлік мүмкіндігімен толықтай қанағаттандырылады.
– КҚК-тың кеңейту жобасының құны қайта қарастырылуы мүмкін бе?
– Акционерлер құны 5,4 млрд доллар тұратын кеңейту жобасын бекітті. КҚК капиталдық шығындарды игеру кестесінен үнемдеп отыр. Сондықтан кеңейту жобасының құны арттырылмайды.
– КҚК мәліметіне сүйенер болсақ, Қашаған 2017 жылы 10,4 млн тонна мұнай айдауға өтінім берген. Алайда энергетика министрлігінің болжамына сүйенсек, кен орнынан тек 5 млн тонна ғана мұнай өндірілмек. Мұндай айырмашылық қайдан шығып отыр?
– Бұл өтінім бойынша 10 млн тонна қабылдауға дайынбыз. Қалғаны өндіруші компанияға байланысты. Өтінім беруін берілді, олар бұл үшін ақша төлемейді. Мысалы компания 10 млн тоннаға өтінім берді, бірақ 7 млн тоннаны ғана өндіре алды. КҚК жүйесінде "тасы немесе төле" деген қағида бар. Егер компания 10 млн тоннаға өтінім беріп, 15 млн тонна өндіріп, тек небәрі 5 млн тонна ғана айдаған болса, онда барлық 10 млн тоннаға төленеді.
Бүгінгі күні елде өндіріліп жатқан барлық мұнайды, оның ішінде жаңа кен орнын қоса алғандағы мұнайды тасымалдауға КҚК-да құбыр саны жеткілікті. Елдегі мұнай өндіру 2017 жылы 3-4 млн тоннаға артады, ал КҚК-дағы қосымша құбыр 10 млн тоннаға арнап салынған.
– Қашаған шикізаты КҚК құбырына түсе бастағаннан кейін мұнай сапасы (CPC Blent қосындысы) өзгерген жоқ па? КҚК мұнай сапасы банкі мұнай сапасы үшін өтемақы мен айыппұлды қалай бөледі?
– Негізінен Қашаған мұнайы мен Теңіз мұнайының айырмашылығы жоқ. Геофизикалық қасиеті бірдей. Бөлшектік жағынан біршама айырмашылығы бар, ал тығыздығы бірдей, құрамында күкірттің болуы жөнінен қарастыратын болсақ, онда Қашаған мұнайы жақсы, оның құрамында күкірт аз. Әлемде шамамен мұнайдың 200 сорты бар, шикізат әлемдік нарықта эталондық Brent сортына қатысты сатылады. КҚК бойынша арнайы CPC Blent өтеді. Жоғары сапалы (Теңіз кен орны) және сапасы төмендеу (Өзен, Эмба кен орны) мұнай өндіретіндер сапа банкі арқылы есептеу жүргізеді.
CPC Blent қоспасы сапасын төмендетіп жіберген өндірушілер сапа банкіне айыппұл төлейді, ал сапаны жоғалтып алған өндірушілерге өтемақы төленеді. Жүйе сапа нашарлаған жағдайда жоғалтқан мұнай құнының өтемақысын дұрыс алуға мүмкіндік береді. КҚК жүйесінде бұл о бастан жоспарланған. Мысалы теңіз мұнайы ресейлік "Транснефть" (мысалы, "Атырау-Самара" құбыры) жүйесі арқылы өтетін болса, бір баррелінің бағасы 3,25 доллар немесе бір тоннасы 25 доллар жоғалтатын еді. Бүгінгі күні Теңіз 30 млн тонна мұнай өндіреді, егер оны 25 долларға көбейтер болсақ, онда сапаның төмендегені үшін 750 млн доллар төлер едік. Мұнай бағасы төмендеген жағдайда сапа банкінің пайдасын жартылай бағаның төмендеуі өтейді. Жүйе теңіз мұнайы үшін дұрыс бағасын алуға мүмкіндік береді. Кытай бағытында сапа банкі жоқ, сондықтан Қытай бағытына мұнай жеткізуде пайданы айтарлықтай жоғалтамыз.
Құралай Әбілғазина