"Адам өлтіру қылмысы – рухани кереңдіктен"

2443

Израильдің бас раввині Ицхак Йосеф адам тәнінің әр мүшесінің бағасы, рухани ұстындар, өзге діндегі "гойларға" көзқарасы және басқалары турасында айтып берді.

"Адам өлтіру қылмысы – рухани кереңдіктен"

– Елордаға келіп, съезге қатысуыңызға не түрткі болды?

– Мен Астанаға барлық діндер үшін әлемдегі ең киелі қалалардың бірі саналатын әл-Құдыс (Иерусалим) қаласынан арнайы келдім. Біз барлық діндердегі татулық пен келісім ұстындарын нығайту жолында қызмет етіп жатқан қазақ халқына қолдау көрсеткіміз келеді.

Діндер "Жаратқан Иенің адамзатқа берген ең ұлы игілігі – бейбітшілік" дейді. Бізде "шалом", сіздерде "сәлем" деген сөз бейбітшілік тілеуді білдіреді. Мұсылмандарда Алла Тағаланың 99 атының бірі "Әс-Сәләәм" – "Бейбітшіл" деген сөз.

– Сіз тек діндар адам ғана емес, сондай-ақ Израильде, Иерусалим жоғарғы діни сотының басшысы қызметін атқарады екенсіз. Судья ретінде тәжірибеңізде қандай күрделі істер кездесті?

– Менің тәжірибемде шаңырақтардың күйреуіне қатысты күрделі істер кезігеді. Жалпы, ерлі-зайыптылардың ажырасуына көптеген жағдайлар себеп болады.

Иудей заңнамасына сәйкес, біздің жұмыс оларды заңды түрде айыра салумен бітпейді. Біз олардың әрқайсысының тілек-ықтиярын, олардың бір-біріне деген наразылығын мұқият тыңдап, бітістіру жолдарын қарастыруымыз керек. Бұл ретте аралары жарылғалы тұрған жұпты өзара бітімге, бейбітшілікке келтіруге, отбасының ыдырауының алдын алуға тырысуға тиістіміз.

Өз тәжірибемде ұққаным, қақтығыстардың барлығы дерлік тараптардың бірін-бірі тыңдай білмеуінің салдары болып табылады. Тараптар ең құрығанда, қарсы жақтың шағымын, талап-тілектерін аяғына дейін тыңдауға тағат-төзім таба алғаны жөн. Бірақ адамдар мұны түсінгісі де келмейді, өздерінің құлақтарын тарс жабады да, ауызға, ашуға ерік береді.

Судьялық тәжірибем көрсеткендей, расында, бір-біріне құлақ қойып, бір-бірінің дәйек сөздерін тыңдаған адамдар кейін бұған дейін ұғынбаған біраз жайтқа қанығып, қатты қайран қалып жатады. Өйткені содан кейін көп нәрсе күрт өзгереді. Барлығы да басқаша көрінеді.

Мұның жеке адамдарға да, сонымен бірге, қоғамға да қатысы бар. Өзге жақтың қажеттіліктері мен мұқтаждықтары туралы естуге құлық танытпау, бәрін тізеге салып, тек өз мүддесі тұрғысынан шешуге ұмтылу қазіргі кезде дүниежүзінде көптеген соғыстардың тұтануына соқтырды.

"Сөз – адам өлтіреді" деген нақыл бар, менің ойымша, тек сөз ғана емес, сондай-ақ тыңдай білмеу де адамдарды өмірден айырып, әлем дамуына теріс ықпал етуде.

– Тәжірибеңізден қызықты жайттарды айта отырсаңыз?

– Біздің заңымыз бойынша құлақ – ең басты органның бірі саналады. Иудей заңнамасында адам тәнінің әр мүшесінің нақты белгіленген өз бағасы бар. Мәселен, екі адам шайқасып, оның бірі екіншісінің қолын не аяғын шауып тастаса, заңға сәйкес, қол не аяқ үшін бекітілген баға көлемінде құн төлеуге міндетті. Заңда бұдан бөлек, тіпті ауыз қуысына, мұрынға және басқаларына зиян келтіру үшін де бағалар бекітілген.

Алайда ең жоғарғы құн құлаққа қатысты. Тиісінше, егер қарсыласыңыздың, не басқа адамның есту қабілетіне нұқсан келтірсеңіз, ол сізге өте жоғары бағаға түседі. Кей жағдайда бұл адам өлтіргенмен теңеседі.

Діндер де адамдардың тыңдау қабілетіне иек артады.

Алдында айтылғанға оралар болсақ, жай ғана тыңдаумен іс бітпейді, бұл – жеткіліксіз. Сөз жүрекке жете білгені жөн. Біз сонда басқа адамның жан сарайына, өзге діннің әлеміне үңіле аламыз.

Адам өлтіру қылмысы да рухани кереңдіктен. Себебі, адам өлтіруші өзгені тыңдамайды.

Бүгінде адамзат үшін физикалық емес, рухани кереңдік қауіпті. Адамдардың көбінің есту органдарының көзін "шел", "шөп-шалам" басқан. Салдарынан, олардың жүрегіне де ештеңе жетпейді. 

– Ресейлік басылымдар сізді "гойларға" (еврей еместерге) қарсы адам ретінде көрсетеді. Өзге діндегілерге көзқарасыңыз қандай?

– Әлемдегі әр адам әртүрлі дінді ұстанады. Өйткені бір адам екінші адамға ұқсамайды. Әр адам әртүрлі сөйлейді, әртүрлі күй кешеді. Тиісінше, олардың құдай туралы пікірлері де сантүрлі.    

Біреу дінге басқаша тұрғыдан қараса, мен оған ешқашан ашуланып, ренжіген емеспін. Сіздің дініңіз біздің дінімізден өзгешеленеді.

Біздің барлығымыз Жаратқан Иенің пенделеріміз не перзенттеріміз екендігіне сенімдімін.

Осы орайда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың діни съезд шақыру, әлемдік діндер көшбасшыларын бір үстел басында жинау туралы бастамасы өте құнды. Біз тек осылай ғана бір-бірімізді тыңдай аламыз. Бір-біріміздің әр айтқанымызға келісу міндет емес, оны ешкім де талап етпейді. Бірақ осылайша бір-біріміздің дәйектерімізге құлақ асуға үйренеміз.

Біздің бәріміздің мойнымызда адамзат үшін жауапкершілік бар. Ендеше діни лидерлер өздері бастап, жеке тұлғасымен үлгі-өнеге болуы керек. Егер бір елде террорлық акт орын ала қалса, біз дінге емес, нақты қылмыскерлерге лағынет айтуға тиіспіз. Діннің ешқайсысы лаңкестікті қуаттамайды. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу