"Адамдар салықты мәжбүрлі емес, ерікті түрде төлегенді қалайды"

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
3901

Жаңа салық кодексі салық төлеушілерді қорлауға емес, қорғауға бағытталған.

"Адамдар салықты мәжбүрлі емес, ерікті түрде төлегенді қалайды"

Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті 2018 жылғы 1 маусымдағы мәліметке сүйеніп, салық төлеушілердің биылғы қарызы 38,5 млрд теңгені құрап отырғанын жариялады.

Көрсетілген соманың 85,2%-ы, яғни 32,8 млрд теңгесі заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің борышы, қалған 5,7 млрд теңге жеке тұлғалардың қарызы екен.

Мемлекеттік кірістер департаменті қарыздарын өтемей жүрген жандарды мәжбүрлі түрде тезге сала алады. Алайда олар еліміздің жаңа салық кодексі салық төлеушілерді қорлауға емес, қорғауға бағытталғанын естен шығармайды. Сондықтан бұдан былай экономиканың маңызды салаларын ынталандыру мен әкімшілік қызметті жеңілдетуге басымдық береді.  Нәтижесінде халық салықты өз бетінше төлеуге ынталанады.

Жаңа салық кодексіндегі барлық түсініксіз баптар мен қателер салық төлеушінің пайдасына шешілген. Бұрын салық инспекторының тексеріске куәгер қатыстырмауға құқы бар болса, енді ол міндеттеліп, тінту, хаттау ісіне куә ретінде бөгде адам қатыстырылады.

Бұдан былай азаматтар кәсіп бастауы үшін тіркелуі міндетті емес. Тек кәсіп бастағаны туралы салық органына ескертіп, хабарландыру жібереді. Кәсіпті қайта тіркеушілер де солай. Хабарламаны алған салық қызметкерлері бір жұмыс күнінде кәсіпті қайта тіркейді. Ал салықты патент бойынша төлейтін адамдар патентті алған күннен бастап түскен табыстары сол патенттің құнынан аз болса, соның есебін беріп, салық мөлшерін азайтуына, сондай-ақ бұрын төлеп келген артық ақшасын қайтару туралы өтініш жазуына болады. Бұрын осындай артық ақшаны қайтару үшін хронометражды зерттеу жүргізілетін. Қазір оны салық төлеушілердің жұмысын жеңілдету үшін алып тастаған.

Айта кетейік, 2008 жылы қабылданған салық кодексі 9 жыл ішінде 16 рет өзгертіліп, 3 рет қайта жазылған. Әділет министрлігі заңнама институтының статистикалық талдау дерегіне сүйенсек, 2009 жылдан бастап салық кодексіне 130 өзгеріс пен толықтыру енгізілген.

Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің жетекшісі Асқар Тынысбековтың сөзінше, соңғы 5 жылда Алматы бюджетінің кірісі жыл сайын 110%-ға көбейіп жатыр.

"Еліміздегі кедендік рәсімдеудің 48%-ы Алматы қаласына тиесілі. Адамдар салықты мәжбүрлі емес, ерікті түрде төлегенді қалайды. Жаңа салық кодексі осыған мүмкіндік беріп тұр, ал біз осы құжатты бағдар тұтамыз", – деді департамент жетекшісі.

Оның сөзінше, алматылықтар жаңа салық кодексінің жеңілдіктерін пайдаланып жатыр.

"Соңғы 5 айда Алматыда 26 салық төлеуші 1,3 млрд теңге қарызды бөліп төлеу құқығына ие болды. Олар борыштарын 3 жыл ішінде кезең-кезеңімен өтемекші. Былтыр 69 салық төлеуші 2,4 млрд теңге салықтың өтеу мерзімін ұзартуға рұқсат алды. Бұл жаңа салық кодексінің 51 бабы негізінде мүмкін болды. 2017 жылы азаматтарға 4 млн-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 91,2%-ы электронды түрде атқарылды. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 94,1%-ға жетті. Мемлекеттік қызметке жүгінетіндердің 99,5%-ы салық төлеуге қатысты сұрақтарды электронды түрде шешеді", – деді Асқар Тынысбеков.

Департамент жетекшісінің мәлімдеуінше, 2017 жылдан бері салық төлеушілерді тексеру саны қысқарған.

"2016 жылы - 15 175, ал 2017 жылы - 8 451 тексеріс ұйымдастырылды. Бұл өте жақсы көрсеткіш", – деді ол.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу