Елімізде көпдеңгейлі аграрлық несие жүйесін немесе аграрлық банк құру қажеттігі туралы бастама көтерілді. Осыған қатысты ойын мәжілістегі аграрлық мәселелер жөніндегі комитет төрағасы Сапархан Омаров жалпақ жұртқа жария етті.
Ол ауыл шаруашылығы субьектілерінің тиісінше қаржыландырылуына несие беру жүйесіндегі кемшілік кері әсерін тигізіп тұрғанын айтты.
Комитет төрағасының мәлімдеуінше, банк секторы АӨК субъектілерін несиелендіруді 2,5 есеге азайтқан.
"Әлемдік тәжірибеде мұндай мәселені мамандандырылған аграрлық, кооперативтік банктер немесе мемлекеттік-жекеменшік серіктестік түріндегі банктер шешеді. Қазақстанға да ауыл шаруашылығын несиелендірудің көпдеңгейлі жүйесін енгізетін уақыт келді", – деді Сапархан Омаров.
Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге несие там-тұмдап қана тиетіні туралы бұған дейін талай рет сөз болған. Кезінде "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының қамқорлығына өтіп, кейін басқа банктерге жұтылып кеткен "Альянсбанк" пен "Темірбанктің" базасында ауыл шаруашылығына қатысты банк құру туралы ұсыныс жасалған кезде сала мамандары бұл қадам Қазақстанның ауыл шаруашылығына соны серпін береді деп үміттенген болатын. Алайда үміт ақталмады.
Кезінде Қазақстандағы "Агропромбанк" басқармасының төрағасы болған Бейсенбек Зиябеков 2000 жылдардың басында "Агропромбанк" "Наурызбанктің" иелігіне өткенін, сол себепті "Наурызбанкке" қатысты алыпқашпа әңгімені "Агропромбанкке" тели берудің дұрыс емес екенін тілге тиек етті.
"Қазақстанда аграрлық банк құру қажеттігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Оны мүмкіндігінше тезірек ашу керек. Алғашқы кезеңде қаржы ұйымын мемлекеттің балансында ұстап, уақыт өте келе жекеменшікке беру керек", – деді еліміздегі тұңғыш "Агропромбанктің" негізін қалаған қаржыгер Бейсенбек Зиябеков.
Жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінетін несиенің басым бөлігі ірі шаруашылықтарға үлестіріледі де, шағын шаруашылықтар шөміштен қағылады. Осыған қатысты экономист Тоқтар Есіркепов: "Үкіметтің ауылға бөлген қаржысының 86%-ы үлкен кәсіпорындарға беріледі, қалған 24%-ы ұсақ шаруашылықтарға ұсынылады. Олар үшін бұл тым аз", – деді.
Еуропа Ресейдің экспортынан, Ресей Еуропаның ауыл шаруашылығы өнімдерінен бас тарта бастаған тұста отандық сарапшылар ауыл шаруашылығы саласының өкілдеріне мүмкіндікті мүлт жібермей, Ресей нарығын жаулау қажеттігін алға тартты. Алайда Ресей санкция кезінде де саспады. Агробанк арқылы агросекторға төмен пайызбен несие берді. Осылайша ауыл шаруашылығын құлдыраудан сақтап қалды. Бұдан түйгеніміз, аграрлық банк кез келген дағдарыс кезінде "құтқару жастықшасы" міндетін атқаратынын түсінбей отырған ел біз ғана. Қазіргі кезде ел тұрғындарының 46%-ы ауылда өмір сүреді. Демек кейбіреулер айтып жүргендей аграрлық банк клиентсіз қалмайды. Бізде "Аграрлық несие корпорациясы" тәрізді ірілі-ұсақты бақылаушы және жауапты қаржы ұйымдарының жұмысы біріздендірілмеген. Соның салдарынан ауылды несиелендіруге бөлінген қазына қаржысы желге ұшып жатыр. Өйткені біздегі несиелік серіктестіктер ауылды несиелендіру саясатын жүргізуге қауқарсыз, активтері де, капиталы да аз. Жоғарыда аттары аталған мамандардың ойынша, "ҚазАгро" немесе "Даму" тәрізді квазисекторлық қаржы институттарын көбейте бергенше, аграрлық банк секілді салмақты қаржы ұйымын ашу керек. Алайда бұған заңнамалық тұрғыда тосқауыл бар.
"Қазақстан Республикасының банктер қызметі" туралы заңына сәйкес, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен" өзге бірде-бір банк мамандандырылған банк бола алмайды. "Егер осы норма өзгертілсе, аграрлық банктің құрылуын қолдаймыз. Біздің ойымызша мұндай банк агросекторға пайдалы болар еді", – деген болатын бір кездері ауыл шаруашылығының экс-министрі Асылжан Мамытбеков. Бұл ойды экономист Тоқтар Есіркепов былай өрбітті: "1998 жылы ауыл шаруашылығының даму стратегиясы деген үш жылдық бағдарлама қабылданды. Бірақ ол туралы аз айтылды. Себебі ол ауыл шаруашылығы министрлігіне басшы болып келген адамдардың, яғни бидайдың төңірегінде жүргендердің өздеріне жасаған бағдарламасы болатын. Ақыр аяғында мүдделі топтар бидайды бөліп алды, ал басқа мәселе жайына қалды. Жалпы, ауылға таза мемлекеттік банк қажет. Ауылды қаржыландыруға бағытталған қаржы бірнеше банкте сақталса немесе қаржыландыру үкіметке қарасты бірнеше квазисектор арқылы жүргізілсе, онда сала жүйелі дамымайды".
Қаржыгер Бейсенбек Зиябековтың пікірінше, үкімет аграрлық банк құруға шынымен кіріссе, істі заңға өзгеріс енгізуден бастайды. "Заңға өзгеріс енгізілсе, аграрлық банк құруға ешқандай кедергі болмайды", – деді ол. Ал академик Оразәлі Сәбден қоғамда аграрлық банктің ашылуына қарсы топ бар екенін алға тартты.
"Қаржының шаруаларға жетпей жатқаны рас. Мұндай банк құрылса, онда мемлекеттің миллиардтаған несиесі ауылдағы ағайының несібесін арттырар еді. Ауылдың жағдайын көтермей Қазақстан экономикасы қарыштап дами алмайтынын мемлекет басшысы жиі айтады. Ауылды дамытуға арналған "Ауыл жылы" (2002-2005), "Ауылдық аймақтарды дамыту" (2004-2010) сынды мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, миллиардтаған қаржы бөлінді. Бірақ барлығы нәтижесіз болды. Өйткені Астанадан шыққан қаржы ауылға жетпейді. Себебі мемлекет бөлген қаржыны үйлестіріп, қажетті жерге жұмсап отыратын арнайы қаржы институты жоқ. Әлемдік тәжірибеде ауыл шаруашылығына қатысты мәселелерді аграрлық, кооперативтік банктер жүйесі немесе мемлекеттік-жекеменшік серіктестік түріндегі банктер шешеді. Ауыл шаруашылығын қаржыландыру мәселесі сол банктердің ұсынысы бойынша реттеліп отырады. Ал банктер ұсынысты жекелеген кәсіпкерлердің бизнес жобасына қарай белгілейді, Біздің елде де ауыл шаруашылығын несиелендірудің көпдеңгейлі жүйесін енгізудің уақыты әлдеқашан туды", – деп қорытты ойын Оразәлі Сәбден.
Гүлбаршын Сабаева