Банктер микрокредиттік ұйымға айналады

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3816

Банк санын қысқарту қаржы саласына тұрақтылық әкеледі.

Банктер микрокредиттік ұйымға айналады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевпен соңғы кездесуі Қазақстанда жұмыс істеп жатқан банктердің алдағы бірер жылдағы бағыт-бағдарын айқындап бергендей. Еліміздегі қаржы саясаты осы бағытпен жалғасса, яғни банктер іріленіп, жабылып қалғандары микрокредиттік ұйымдарға айналатын болса, ішкі емес, сыртқы бәсекеге төтеп бергендері ғана қатарда қалмақ. Ал өзгелерінің қандай бағыт ұстанары әзірге белгісіз. Бүгінде айтылып жүрген позитивті болжамдарға сүйенсек, олар микрокредиттік ұйымға айналуы әбден мүмкін. Бұл халықаралық тәжірибеде бар үрдіс.

Қаржыгер Бейсенбек Зиябеков мұндай жағдайда мемлекет микрокредиттік ұйым туралы қолданыстағы заң жобасына өзгеріс енгізуі қажет дейді. Себебі біздегі микрокредиттік ұйымдар әзірге жалақыға дейінгі несие немесе тұтыну несиесін беру тәрізді ұсақ-түйекпен айналысып жүр. Қаржыгердің пікірінше, бұлай жалғаса берсе, халықтың қаржылық ұйым алдындағы қарызы еселеп өсуі ықтимал.  

"Ұлттық банк бұл мәселені заң жолымен реттеп, оның мүмкіндігін ауылға қарай бейімдейтін заң жобаларын қарастырады деп үміттенемін. Банктердің саны көп болып тұрған кезде де біз банктерді агросектордың табиғатына икемдей алмадық. Микрокредиттік ұйымдардың несиелендіру тетігін жетілдірмесек, ертең оның жұмысына ие бола алмай қалуымыз мүмкін", – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Қаржыгердің сөзінше, микрокредиттік ұйымдардың "көлеңкедегі" айналымы 200 млрд теңгеден асып кетуі әбден мүмкін. Себебі бір ұйымның көрсеткіші орташа есеппен алғанда 42 млрд теңгені құрап отыр.

"Мұндай ұйымдардың "көлеңкеде" жүретіні үкіметке белгілі. Себебі айналымдағы 200 млрд теңге нарықтың барлық сегментінің назарын өзіне аудартады. Бұл олардың "көлеңкедегі" айналым шекарасын үлкейтеді. Банктердің санын қысқартқан соң оларды "көлеңкеден" алып шығудың тетігін ойластыру керек", – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Нарықтағы үлесі мен рейтингіне қарамастан, Қазақстанға кез-келген банктің керек екенін сарапшылардың бәрі айтады. Бірақ оған қалай қол жеткізуге болатыны әзірге белгісіз. Мысалы Ресейдің Орталық банктің шешімі бойынша, банктер капиталының мөлшеріне қарамастан екі санатқа бөлінеді.  Капиталы 1 млрд рубльден асқандары Орталық банктен базалық лицензия алады, ал қалғандары әмбебап жағдайда жұмыс істейді.

"Базалық лицензия алған банктер Ресейдің барлық аймағында жұмыс істейді және жергілікті әрі шетелдік клиенттерге стандартты өнім түрлерін ұсынады алады", – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Банктердің жұмысын заңдастырып берген заң жобасы Ресейде 2018 жылдың сәуір айында қабылданған. Ол 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Сарапшылар мұндай заң біздің елге де керек дейді.

Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, мемлекет банктерге қолдау көрсетуді тоқтатса, банк секторы тығырыққа тіреліп, банктерді қысқартуға тура келеді. Себебі банктердің несиелік портфелінің көп бөлігі – NPL, яғни төлеу мерзімі өтіп кеткен несиелер. Бұл мәселені реттемей, банк проблемасын шешу мүмкін емес. Үкімет мұны біліп, банкті қолдан сауықтыруды жалғастырып жатыр.

Сарапшы банктердегі NPL-дің қомақты үлесіне жемқорлық себеп болғанын айтады. Себебі біздің елде капитал нарығы әлсіз дамып келе жатыр. Кәсіпорындарды қаржыландыру қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылып келді. Сарапшының пайымдауынша, NPL-нің артында жоғары және орта топтағы менеджерлер тұр.

"Банк саласы – экономикалық тетіктердің бұрандасы. Қаржыгерлер ештене шығармайды. Олар тек қана қолда бар қаржыны жан-жаққа бөліп, үлестіреді. Банктерді қысқартып, аман қалғандарының жұмысын бақылауда ұстау керек. Банктерді бақылау мен қаржыландырудың қазіргі формасы сақталса, біз бас-аяғы бірер жылда осы қалпымызға қайта ораламыз", – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Оның айтуынша, нарықта бәсекеге қабілетті банктердің қалуы – нарық заңы. Сондықтан проблемалы банктерді сауықтыру үшін қаржы жұмсаудың қажеті жоқ. Ол үшін Ұлттық банк пен үкімет коммерциялық банктердің жұмысын нарық жолымен реттейтін тиісті құжаттарды қабылдаса жеткілікті.

"Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев банктердің жауапкершілігі туралы бұдан бұрын да айтқан. Банктер мұны осыдан он шақты жыл бұрын басшылыққа алғанда, біз мұндай тығырыққа тірелмейтін едік", – дейді қаржыгер.  

Оның сөзінше, банктерді қысқартуға қазіргі жағдай қолайлы емес. Бұл процестің бізге кері әсерін сездіретін тұсы – бәсекелесу мүмкіндігін шектеп тастайтыны. Бұл банк өнімдерінің тұрғындар үшін қолжетімділік деңгейіне кері әсерін тигізуі ықтимал. Мұндай факторлар банктердің жұмысын Ұлттық банк пен үкіметтің қайта-қайта реттеп, қажет кезінде "қолдан сауықтыруына" әкелуі мүмкін.

Қаржыгердің пікірінше, банк санын қысқарту банк саласына тұрақтылық әкеледі. Бірақ дәл қазіргі жағдайды банк секторы үшін стрестік жағдай деп бағалауға болады. Мұның нәтижесі банктерді қайта құрылымдау аяқталған соң үкімет пен Ұлттық банктің қабылдайтын шешіміне байланысты болмақ.

"Банктерді қысқарту ресейлік сценариймен жүріп келе жатыр. Келесі картина да Ресейдегідей болмақ: банктер капиталының мөлшеріне қарамастан, екі санатқа бөлінеді. Капиталы 5-6 млрд теңгеден асқандары Ұлттық банктен базалық лицензия алады, ал қалғандары әмбебап жағдайда жұмыс істеуі әбден мүмкін. Үкімет пен Ұлттық банктің проблемалы банктерді қолдан үстемелетіп, қаржыландырудан бас тартуы банк секторын сауықтыруда жасалған дұрыс шешім", – дейді Бейсенбек Зиябеков. 

Экономист Мағбат Спанов үкіметтің банк секторын сауықтыру процесі 2018-2019 жылдармен бітпейтінін айтады. Оның пікірінше, бұл процесс 2020 жылдан соң да жалғаса беруі мүмкін. Себебі 2020 жылдардан кейін үкімет банктерді қолдан сауықтыру мүмкіндігінен айырылып қалады.

"2020 жылдарға дейін ішкі нарыққа Қытай немесе Ресей, тіпті Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің банктері келуі мүмкін. Олар қазір біздің нарықты сырттан бақылап отыр. Соңғы нүктені қазақстандық банк секторының тартымдылығы мен макроэкономикалық жағдай қоятын болады. Осыған дейін үкімет тарапынан банк секторын құраушы банктер деген терминдер көп айтылды. Бірақ үкілеп отырған банктердің қайта-қайта сыр беріп, мемлекеттің асыранды баласына айналып кеткенін ешкімнен жасыра алмай қалдық. Үкімет тығырыққа тіреліп, бұдан былай қолдай беру мүмкіндігінен айырылып қалғанда ғана қаржылық секторды қолдау бағдарламасын жабатынын мәлімдеді. Үкіметтің бұл шешімі банк секторы мен экономика арасындағы байланыстың әлсіз болғанын, үкіметтің мұны мойындауға тура келгенін дәлелдейді", – дейді Мағбат Спанов.    

"Аналитика онлайн Қазақстан" компаниясының сарапшысы Сергей Полыгаловтың пікірінше, Қазақстанда жыл соңына дейін анау айтқандай өзгеріс болмайды. Себебі банктердің іріленуі 2017 жылы басталып кеткен. 

Сарапшы банктерді қайта құрылымдау жұмысы аяқталған соң, нарықта ірі капиталы және клиенттер базасы көп 8-10 мықты банк қалуы мүмкін деген болжамды батыл айтып отыр. Ал өзге банктер нарықтан кетеді немесе жойылған банктермен бірігіп, микрокредиттік ұйымға айналуы мүмкін.

Сарапшы осы тұста кейбір мәселелерге қазір назар аудармасақ, ертең кеш болуы мүмкін деген күдігін де айтты. Себебі елдегі банктердің бәрінде бірдей клиенттер тобы жоқ. Сол себепті күні ертең жұмысын жалғастыруға мүмкіндік алған банктердің жұмысын үйлестіру Ұлттық банк пен үкіметке қиын тиетін сияқты.

"Банктер кіммен жұмыс істейді, олардың негізгі клиенттері кім?" деген мәселе ертең де алдымыздан шығуы мүмкін. Себебі ірі бизнес өкілдері пайызы жоғары отандық банктердің қызметіне тәуелді емес. Оларды қаржыландыруға кез келген шетелдік қаржы ұйымы дайын. Шағын және орта бизнестің басым көпшілігіне даму емес, нарықтағы орнын сақтап қалу маңызды. Банктердің қымбат несиесінің салдарынан екі тарап та тұйыққа тіреледі. Екінші клиенттер тобы – қарапайым, жалақысы аз адамдар. Олардың  пайызы қымбат несиелерді қайтара алмай қалуы әбден мүмкін. Бұл фактор да банктің несиелік портфеліне кері әсерін тигізеді", – деді Сергей Полыгалов.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу