Сүт өндірушілерге мемлекеттік грант бөлінеді

4230

Сүт өнімінің өндірісін арттыруға арналған 102 жобаның пулы жасақталды.

 Сүт өндірушілерге мемлекеттік грант бөлінеді

Статистика агенттігінің мәліметінше елімізде жыл сайын өндірілетін 5 млн 400 мың тонна сүттің 40%-ы ғана өңделеді. Салдарынан Қазақстанға құрғақ және қоюлатылған сүт­тің импорты толассыз ағылады. Бұлай жалғаса беретін болса, Қазақстан үшін 2020 жылы сүт импортының қазіргі 28% үлесін 18%-ға төмендету арман болып қалады.

Ақиқатын айту керек, үкімет отандық сүт өндірушілердің жұмысын жандандыру үшін түрлі қолдау шараларын атқарып жатыр. Алайда көздеген нәтижеге жете алмай отыр. Бұл туралы Қазақстан сүт өндірушілерінің IV конгресінде айтылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметовтың сөзінше, елімізде табиғи сүт жоқ емес бар, бірақ оны жинау қиын. Себебі сүт қабылдау орындары шалғай орналасқан. Оған жету үшін сүт тапсырушылар кейде 500 шақырым жер жүріп келеді.

Ел бойынша шикізат тапшылығы орта есеппен 60%-ды құрайды. Сәйкесінше сүттің 60%-ы құрғақ ұнтақтан жасалады.

"Құрғақ сүтке тропикалық өсімдік майы араластырылып жүр. Өйткені өсімдік майы сүт майына қарағанда 5-8 есе арзан", – деді департамент директоры.

Оның сөзінше, Қазақстан сүт қабылдау орындарының желісін кеңейту үшін демеуқаржы бөлуді қайта қолға алған.   

"Бүгінгі таңда еліміздің сүт өңдеу зауыттары шикізат тапшылығының салдарынан өндірістік қуатын толық пайдалана алмай отыр. Бұған сүт қабылдау орындарының шектеулі мүмкіндігі мен сүт тасымалы кезіндегі түрлі қиындықтар себеп болуда. Биыл сүт өндірісін қайта субсидиялай бастадық. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдары белгілі себептермен оны тоқтатқан болатынбыз", – деді Еркебұлан Ахметов.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілінің мәлімдеуінше, қайта субсидиялау оң нәтиже бере бастаған.  

"Жақында министрлік ұзақмерзімді бағдарлама қабылдады. 10 жылға жоспарланған бағдарлама сүт өндірісін 10 млн тоннаға жеткізуді көздейді. Сүт өнімінің өндірісін арттыруға арналған 102 жобаның пулы жасақталды. "ҚазАгро" холдингі қаржыландыруды бастап кетті", – деді Еркебұлан Ахметов.

Оның сөзінше, Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын  ұлғайтқан.

"Қайта өңделген тауардың сыртқы саудасы 13%-ға артты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға көп. Түскен табыс 1 млрд 600 млн долларға жетті", – деді департамент директоры.

Еркебұлан Ахметовтың айтуынша, министрлік сүт өндірушілерге жаңа технология алу үшін де қолдау көрсетеді.

"Сүт өндірісіне жаңа технологияларды енгізгісі келетін кәсіпорындарға 10 ілкі жоба аясында грант бөлінеді", – деді Еркебұлан Ахметов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу