"Қағаз жүзіндегі" сүт шенеунікке ғана сіңімді

10570

Сүт өндірісі саласында бюджет "паразиттері" анықталды. 

"Қағаз жүзіндегі" сүт шенеунікке ғана сіңімді

Бір қарағанда, Қазақстанда ақ өндірісі барған сайын артуда. Тіпті ілеуде біреу болмаса сиыр атаулы бұзауламайтын, яғни сүт бермейтін қысқы маусымда да статистика жоғары өрлей береді.

Мысалы, өткен қысты қоса алғанда, бір жыл ішінде сүт пен қаймақ өндірісі 6% артқан. Бұл экономикадағы ең үздік көрсеткіштердің бірі. Себебі, жаһандық дағдарыс, құйылатын инвестицияның күрт сұйылуы, теңге девальвациясы,  коронавирус пандемиясы, Үкіметтің карантині және қатаң шектеулері аясында өзге секторларда рецессия жүруде.

Сүт және сүт өнімдері сегментінде өндіріс қарқыны ғаламат: 2020 жылғы қаңтар-маусым аралығында, яғни жарты жылда Қазақстанда 288,5 мың тонна сүт пен қаймақ жасалған. Бұл былтырғыдан 5,7%-ға көп. Осы қарқынын жоғалтпаса, жыл соңында 600 мыңдық меже бағынуға тиіс.

2019 жылы елімізде осы өнімдердің 556,5 мың тоннасы өндіріліпті. Яғни, 2018 жылмен салыстырғанда 3,9%-ға ұлғайды. Себебі, екі жыл бұрын Қазақстанның небары 535,5 мың тонна аққа аузы жететін.

Бірақ кейбір сарапшы осы көркем көрсеткіштерге күдік келтіреді. Белгілі ауыл кәсіпкері Владимир Комкин ұзақ уақыттан бері халықтан сүт сатып алумен айналысты. Бүгінде дәрменсіз жағдайға жетіп, ісін жауыпты.

"Бизнесімнің айналымы үлкен болатын. Алайда осы нарықтық қатынастарға мемлекеттік субсидиялардың араласуы кәсіпкерлерді жарға жықты. Менің компаниям да банкрот болды. Бірер жыл бұрын ғана сүт өндіруші кооперативтерді субсидиялау туралы заң қабылданғаны мәлім. Содан сүттің әр литрі үшін бюджеттен 10 теңге субсидия беріле бастады. Негізі, дұрыс тетік. Десек те, ол демеуқаржыға рұқсатты ауыл бизнесмендерінің бәрі бірдей ала алмады. Нәтижесінде, қолдаудан тыс қалған ірі ойыншылардың өзі кете бастады", – деп жабырқайды кәсіпкер.

Ол салада "сұр схемалар" толып кеткенін айтады.

"Шын мәнінде, көптеген ӘКК-тер, кооперативтер зауыттарға өз мүшелері өндірмеген сүтті сатумен шұғылданады. Олар ауыл-аймақты аралап, халықтан сүт сатып алады. Ал субсидия сүт өндіруші кооперативтерге арналған. Бірақ көптеген алақол адам мұнымен де шектелмеді. Осылайша, "қосып жазылған", яғни қағаз жүзінде бар, іс жүзінде жоқ сүт пайда болды. Басқаша айтқанда, бұл сүт тек электронды шот-фактураларда және төлем тапсырмаларында (платежные поручения) ғана бар. Өмірде жоқ", – дейді В.Комкин.

Алдау схемасы қандай?

Бұған ақпараттық жүйелердегі олқылық жол беріп отырған көрінеді.

"Ережелерге сәйкес, субсидия алу үшін өтініш беруші "Электронды үкімет" веб-порталы арқылы электронды өтініш тапсырады. Бірден айтайын, аталған мемлекеттік қызмет subsidy.plem.kz ақпараттық жүйесі көмегімен электронды түрде ғана көрсетіледі. Ниеті адал еместер осыны пайдаланады. Олар порталда тіркеледі, өтінішті толтырады да, оған өзінің электронды цифрлық қолтаңбасымен қол қояды. Заң бойынша осыдан кейін өтініш иесі өзі ұсынған мәліметтердің шын-өтіріктігі үшін басымен жауапты. Осыдан кейін өтініш ары қарай қарау және шешім қабылдау үшін жұмыс органының жеке кабинетіне түседі. Бәрі орынды. Алайда өтінішті қалыптастырудың барлық кезеңінде бүкіл мәліметті ақпараттық жүйе жай автоматты түрде тексереді. Себебі, ол жүйе селекциялық және асыл тұқымды дамыту жұмыстарына арналған ақпараттық базамен интеграцияланған", – дейді Владимир Комкин.

Ал "құлтемірде" сана мен ой жоқтығы мәлім. Кәсіпкердің пікірінше, бұл жүйеде барлығы мемлекет пен бизнестің өзара сеніміне құрылған. Жалған мәлімет берсе, өзі кінәлі.

"Бір қарағанда, өтініш иесі өзі ұсынған деректер үшін жауапкершілік арқалайды. Әйтсе де, ол қандай деректер? Нақтылай кетсек, кәсіпорынның атауы, мекенжайы, есептік нөмірі, заңды тұлғаның БСН-ы, сондай-ақ өткізген өнімінің көлемі, шот-фактурасының датасы және нөмірі, төлем тапсырмасы және сүт үшін төленген сомасы қатесіз, дұрыс жазылуы керек. Бұл ретте жүйеде басқа ешқандай нақты құжатты, немесе фото, видеоесепті қоса тіркеу көзделмеген! Соның кесірінен, небары 100 сиыры ғана бар кез келген кооператив 5 мың сиыр ғана бере алатын сүтті тапсырғандай көрсетіп, құжат ұсына алады. Бұл үшін зауытпен мәмілелесіп, "перегнал-обналичил" схемасымен төлем алса және электронды шот-фактура жазса, болғаны", – дейді В.Комкин.

Зауытқа мұндай көзбояушылықтың қажеті не?

"Зауыттар да сүтті "құжат жүзінде" молынан өңдеп тастауға мүдделі. Өйткені сонда оларға сүтті майға "өңдегені" үшін мемлекет әр келіге 25 теңгеден субсидия төлейді. Оның үстіне қазіргі кезде шағын зауыттар қаптап кетті, олардың біразы "қағаз жүзіндегі" айналымнан ақша табады. Себебі, жүйе оларға сауынды сиырлардың санын растаусыз-ақ құжат жолдай беру мүмкіндігін ұсынады. Жыл өткен сайын кооперативтер арсыздана түсуде: мейлінше көп субсидия алу үшін айналым көлеміне де еш қорықпай, көп қосып жазады. Неге қорықсын? Құжаттары бойынша барлығы тап-тұйнақтай, бәрі 100% сәйкес келеді. Тек нарыққа сонша өнім шықпайды. Егер тексерушілер оларға еріп, бірге сүт тапсыруға шықса, кооператив қатысушыларында сонша сүттің де, қажетті сиырдың да жоқтығын әшкерелер еді. Әрине, түгел қаралауға болмайды. Адал кооперативтер де жетерлік. Әңгіме қарау ниеттілер жайында болып отыр", – деді кәсіпкер В.Комкин.

Ол өзіне мемлекеттен субсидия сұрамайды: бұл бизнеспен айналыспайды. Өзге әріптестері үшін биліктің нарықта қалыпты, адал бәсекелестікті қамтамасыз еткенін қалайды.

"2018 жылға дейін, яғни субсидия болмағанда, бәріміз адал бәсекелестік. Мемлекет қаржысы өзімен бірге салаға алаяқтарды әкелді. Енді нарықтан кооператив құрмаған жеке бизнесмендер кетіп жатыр. Оларды субсидияшылдар ығыстыруда. Тәжірибелі бизнес нысандарының банкрот болып жатқанын көрген жаңа ойыншылар нарыққа кірмейді. Бүкіл сүт бизнесі мейлінше көп, "көпіршік" айналымды көрсетіп, мол субсидия алумен елігіп барады. Сондықтан екі жол бар: не белгілі бір уақытқа субсидияларды алып тастау керек. Немесе subsidy.plem.kz порталын жетілдіріп, ондағы құжат беру бөлімі арқылы сауынды сиырдың санын және беретін сүтін растайтын, құжатталған ақпаратты сұрата бастау қажет", – деді ауыл бизнесмені.

Әйтпесе бұлай бара берсе, нарыққа жеткізілген әрбір литр нағыз сүтке 10 литр қосып жазылған құжат жүзіндегі сүттен келетін болады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл кәсіпкерлерін демеуқаржымен қолдау шарасын ізгі ниетпен қабылдағаны сөзсіз. Осы арқылы Үкімет ауыл шаруашылығын дамытуға дем беріп жатырмыз деп ойлайды. Өмірдегі көрініс өзгешелеу сияқты: нарықтан нақты ойыншылар ысырып шығарылып, орнын бюджет "паразиттері" басып жатуы ықтимал.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу