Сүт және сүт өнімдерін өндірушілер қағажу көріп жүр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4430

Екінші деңгейлі банктер кәсіптің осы түрімен айналысатындардан ат-тондарын ала қашады.

Сүт және сүт өнімдерін өндірушілер қағажу көріп жүр

– Қазақстанда сүт және сүт өнімдерін өндірушілерге қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

Елімізде тауарлы-сүт фермалары, фермерлік шаруа қожалықтары сонымен қатар қосалқы шаруашылығы бар жеке кәсіпкерлер сүт және сүт өнімдерін өндіру ісімен айналысады. Бұлардың арасында тауарлы-сүт фермалары мен фермерлік шаруа қожалықтары сұранысқа сай қызмет көрсетуге тырысып жатыр. Естеріңізде болса, 2014 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында тауарлы-сүт фермалары қаржыландырыла бастады. Негізгі мақсат 2028 жылға дейін Қазақстанда 80 мыңнан астам отбасылық ферма құру болды. Оларға алдағы 10 жылда ірі қара мал, қой және жылқы шаруашылығымен айналысу міндеті жүктеліп, ірі қара малды 15 миллионға, қой санын 30 миллионға жеткізу жоспары құрылды. Іс барысында жобаға қатысушыларға жан-жақты қолдау көрсетілді. Фермерлік шаруашылықтарға мал, техника және жабдық сатып алуға 15 жылға 4 пайызбен  несие ұсынылды.

– Қолдау шаралары нақты нәтиже берді ме?

Министрліктің сүт импортының үлесін азайту бағытында атқарған жұмысы отандық сүт өндірісінің көлемін 3 есе ұлғайтты. Тауарлы-сүт фермалары 1,1 млн тонна, ал фермерлік шаруа қожалықтары 350 мың тонна сүт өндіруге қол жеткізді. Жыл соңына дейін сүт өндірісінің қазіргі көлемі 15%-ға артады деген болжам бар.

– Қазақстан сүт және сүт өнімдерінің экспортымен айналыса ма?

– Әрине, біз Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан сияқты көрші елдерге сүт өнімдерін жеткізіп отырмыз. Соңғы 7 айда 100 мың тоннадан астам сүт өнімі сыртқы нарыққа жөнелтілді. Министрлік сүт және сүт өнімдері өндірісінде импорт алмастыруға басымдық бере отырып, экспорттың әлеуетін арттыруды көздейді. Бұл үшін отандық өндірушілер бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Ресей, Украина, Беларусь елінің өндірушілері біздің нарықты басып алғысы келеді. ЕАЭО құрамында болғандықтан біз оларға ешқандай шектеу қоя алмаймыз. Министрлік сүт және сүт өнімдерін өндірушілерге бөлетін грантты бекерден бекер жаңа технология алуға бағыттап отырған жоқ. Технологиясы заман талабына сай өндіруші ғана сапалы өнім өндіреді. Айта кетейін, егер фермерлік шаруа қожалығының иесі кәсібін кеңейтіп, тауарлы-сүт фермасын салатын немесе жаңа жабдық алатын болса, мемлекет шығынның 25%-ын қайтарып береді. Бұл шара ауыл шаруашылығына қатысты барлық бағытты қамтиды. Ауыл шаруашылығы техникасын алғандарға да, ауыл шаруашылығына қатысты құрылыс жүргізгендерге де мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

– Сүт және сүт өнімдерін өндіру тиімді кәсіп пе?

– Бірден айтайын, бұл іс өзін-өзі бірден ақтамайды. Кәсіпке салған ақша 8-9 жылдан кейін ғана кіріс кіргізеді. Сондықтан екінші деңгейлі банктер дәл осы кәсіппен айналысатын кәсіпкерлерге несие бергісі келмейді. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында министрлік сүт және сүт өнімдерінің өндірісін дамытуға арналған 10 жылдық бағдарламаны жүзеге асыратын болды. Ұзақмерзімді бағдарлама аясында тауарлы-сүт фермаларының құрылысына 12 жылға жеңілдетілген несие беріледі. Фермерге 16%-бен ұсынылған несиенің 10%-ын мемлекет субсидиялайды. Бұл – фермер қарызды 16% емес,  6% өсімақымен өтейді деген сөз. Бұған қоса 12 жылға берілген несиені алғашқы 3 жылда қайтармауға болады.

Сұхбаттасқан Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу