"ҚазАгро" қарыздан құтылу үшін қарыз алған

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3851

Компания қызметкерлеріне 2 млрд теңге сыйақы берілген.

"ҚазАгро" қарыздан құтылу үшін қарыз алған

Өткен айда KPMG халықаралық аудиторлық компаниясы "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингінің қаржылық жағдайын бағалау үшін тәуелсіз тексеріс жүргізді. Қорытындысында холдингтің 399,1 млрд теңге көлемінде шығын шеккені белгілі болды.

Аудиторлардың айтуынша, 2013-2017 жылдар аралығында "ҚазАгро ҰБХ" қарызға белшесінен батқан. Бұған қаржы нарығындағы тұрақсыздық, теңгенің құнсыздануы, аграрлық-өндірістік кешенді несиелендірген бірқатар банктердің дефолтқа тап болуы сынды факторлар әсер еткен. Қаржылық жағдайын дұрыстап, қарыздан құтылу үшін холдинг шетелдік банктерден доллармен, еуромен қарыз алған. Салдарынан жағдай ушығып, борыш көлемі еселеніп кеткен.

"2019 жылдың басында "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингінің қарызы 399,1 млрд теңгені құрағаны анықталды", – деді "ҚазАгро" ҰБХ басқарма төрағасы Ербол Қарашүкеев.

Бір қызығы, қарыздан көз ашпай отырса да, холдинг қызметкерлеріне қомақты сыйақы үлестіріп отырған. Мысалы, 2017 жылы компания қызметкерлері 2 млрд теңге көлемінде сыйақы алған. Бұл туралы сенатор Нұрлан Қылышбаев дабыл қақты.

Белгілі болғандай, "ҚазАгро" беретін субсидия екінші деңгейлі банктер арқылы шаруаларға 7-8% үстемемен жетеді екен. Бұған қатысты Ербол Қарашүкеев былай деді: "Көмек ретінде берілетін қаржыға келетін болсақ, шаруаларға бізден көп субсидия беріп жатқан компания жоқ. Былтыр "ҚазАгро" тарапынан ауыл шаруашылығын қаржыландыруға 400 млрд теңге бөлінді. Екінші деңгейлі банктер субсидияның 15%-ын ғана жапты. Қалған  85%-ын біз бердік".

Басқарма төрағасының мәлімдеуінше, "ҚазАгро" тығырықтан шығу үшін 10 жылдық стратегиялық жоспар құрған. Жоспар 2020 жылдан бастап жүзеге асырылады. Мақсатқа жетудің алғашқы сатысында шығындар қысқартылады.

"Алдағы 10 жылға арналған даму стратегиясы еңбек өнімділігін арттыру арқылы аграрлық-өндірістік кешен өнімінің экспортын көбейтуді, инвестиция тартуды, өндірісте инновациялық технология қолдануды және ауылдардағы жаңа бизнес бастамаларға серпін беруді көздейді. Жоспарды жүзеге асыру аясында қарыз портфелінің сапасын жақсартып, қатып тұрған жобаларды сауықтырамыз. Нәтижесінде холдинг трансформацияланып, тиімді қаржы институтына айналады. Ал 2020 жылдан бастап табысқа жұмыс істей бастайды", ҚазАгро" ҰБХ басқарма төрағасы.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық басқарушы холдингтің еншілес компанияларын қысқартып, операциялық шығындарды азайтуды және бюджет қаражатын тиімді пайдалануды тапсырған болатын.

Айта кетейік, қаржы дағдарысынан құтылу үшін "ҚазАгро" ҰБХ штатын 20%-ға қысқартты. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 25%-ға жеткізіледі.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу