"Bank RBK" тал қармауда

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3209

Қаржылық реттеуші банкті сауықтырудың түрлі нұсқаларын қарастыруда.

"Bank RBK" тал қармауда

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев осы аптада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Bank RBK"-ның акционерлерімен де, негізгі кредиторларымен де келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Банктің негізгі кредиторларының қатарында квазимемлекеттік компаниялар мен мемлекеттік сектордың компаниялары бар. Тіпті, Ұлттық банктің өзі де "Bank RBK"-ның негізгі кредиторларының бірі болып табылады.

Деректерге сүйенсек, 1 қыркүйекте банктің жалпы міндеттемелері 920 млрд теңгені құраған. Оның 588 млрд теңгесі – жеке және заңды тұлғалардың салымдары. Ал қалған кредиторлардың үлесі төмендегідей: ҚР Ұлттық банкі – 150,7 млрд теңге, "БЖЗҚ" АҚ – 49 млрд теңге, "Даму" кәсіпкерлерікті дамыту қоры – 13 млрд теңге, Қазақстанның даму банкі – 10,7 млрд теңге, Аграрлық несие корпорациясы – 10,4 млрд теңге.

"Келіссөздер жүргізілуде. Банкті сауықтырудың түрлі нұсқалары қарастырылуда. Басқа алып-қосарым жоқ", – деп жауап берді Данияр Ақышев журналистердің сауалына.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 4 қазанында өткен акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысында "Bank RBK"-ның иелері Ұлттық банк әзірлеген банк секторының қаржылық тұрақтылығын нығайту бағдарламасына қатысудан бас тартқан болатын. Ал 17 қазан күні Ұлтық банк "Bank RBK" АҚ-ға және оның ірі акционерлеріне шектеу және мүжбүрлеу шараларын қабылдады. Сондай-ақ "Bank RBK"-дан банкті қаржылық қолдауды қамтамасыз ету шараларының жоспарын талап ектен-ді.

Бұған дейін жазғанымыздай, осы жылдың маусым айында Ұлттық банк "Bank RBK"-ның өтімділік көрсеткішін қолдау үшін 150 млрд теңге мөлшерінде кепілмен арнайы қарыз берген еді. Қараша айында аталған қарыздың уақыты аяқталады. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингке қатысқан Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков "Bank RBK"-ның банк секторының қаржылық тұрақтылығын нығайту бағдарламасына қатысуға әлі де мүмкіндігі сақтаулы екенін жеткізді. Ол үшін тараптар ортақ шешімге келуге тиіс. Әйтпесе...

Әйтпесе, келеңсіздіктер туындауы мүмкін. Мәселен, осы аптада Павлодардағы Инновациялық Еуразия университетінің оқытушылары мен студенттері "Bank RBK"-дағы жағдайға байланысты еңбекақылары мен шәкіртақыларын мерзімінен кешіктіріп алғанын айтып, жар салды. Бұл туралы жоғары оқу орнының вице-президенті Лариса Фрезоргер мәлімдеген болатын. Ол өз сөзінде оқу ордасы "Bank RBK" бойынша төлемдер жасай алмай отырғанын, соның салдарынан еңбекақы мен шәкіртақының, коммуналдық төлемдер мен салықтардың мерзімін өткізіп алғанын жеткізген еді.

"Bank RBK" АҚ – теңгерімді даму көрсеткіштеріне ие еліміздегі ең ірі банктердің бірі һәм әмбебап қаржы институты. Қазақстан қор биржасының 2017 жылдың 1 қазанындағы мәліметі бойынша, банктің ең ірі акционерлерінің бірі – "Инвест-Қор" ЖШС (20,47%). Бұл серіктестік "ҚР Тұңғыш президенті – Елбасының қорына" тиесілі. Ал екінші ірі акционер – Фарид Лихудзяев. Ол банк акцияларының 10,24%-на ие.

Ұлттық банктің төрағасы атап өткендей, банк секторының қаржылық тұрақтылығын нығайту бағдарламасына әзірше "ЦентрКредит" банкі, "АТФ Банк", "Цеснабанк" және "Еуразиялық банк" қатысқан. Аталған төрт банктің 410 млрд теңгеге берген өтініші мақұлданды. Бұл бағдарлама ел президентінің жолдауда айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында іске асырылып жатқанын еске сала кетейік.

"Екінші деңгейлі төрт банк Ұлттық банктен тиісті мөлшерде қарыз алады. Бұл ақша банктердің капиталына бағытталмақ. Аталған банктердің акционерлері мемлекеттен алған әрбір 2 теңгеге 1 теңге үстеме қосып қайтару міндетін мойнына алады. Жалпы еліміздің банк секторындағы жағдай тұрақты", – деп мәлімдеді Данияр Ақышев. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу