"Біз дауласқандарды келісімге келтіруді білмейміз"

2652

Жоғары сот төрағасы Жақып Асанов осылай деді.

"Біз дауласқандарды келісімге келтіруді білмейміз"

Еліміздің судьялары қарайтын материалдардың 70%-да дау-дамай болмайды. Алайда сот өкілдері алдарына келген материалдарды қарауға мәжбүр.

"Судьялардың жүктемесі тым көп. Сотқа кез келген материалды ала береміз. Сот төрелігіне жата ма, жоқ па, оған көңіл бөлмейміз. Салдарынан сот жүйесі артық жұмыспен айналысып отыр", – деді Жақып Асанов инвестициялық және коммерциялық дауларды шешу мәселесіне арналған халықаралық семинарда.

Оның сөзінше, тұрғын үй коммуналдық қарызын өндіруге қатысты сұрақта  ешқандай дау болмайды. Борышкер қарызды қайтаруға тиіс екенін жақсы біледі. Сөйте тұра сотқа шағымданады. Ал судьялар арызды қарауға уақыт жоғалтады.

"Мәселен, Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотында әрбір судья күніне 4 іс қарайды. Әрбір іс бойынша отырыс өткізу керек. Оған қоса кеңесу бөлмесінде отырып, 4 шешімді жазып шығу қажет. Бұдан бөлек бір күнде 150 санкция салу керек. Осындай қарбаласта жұмыстың сапасы бола ма, әрине, болмайды", – деді жоғары сот төрағасы.

Жақып Асановтың пікірінше,  судьяларды артық жұмыстан босату қажет.

"Дау-дамайы жоқ істерді қысқартып, санкция санын азайту керек. Мысалы, банк есепшоттарына қатысты санкцияны прокуратура бере алады. Барлық қылмыстық істер сотқа тек прокуратура органдары арқылы ғана түсуге  тиіс. Жалпы, бізге қоғамдағы түсініспеушіліктің көрсеткішін азайтуға күш жұмсау қажет. Осыдан 7 жыл бұрын біз медиация туралы заң қабылдадық. Аталмыш заң нақты нәтиже беріп жатқан жоқ. Дау-дамай азаюдың орнына өршіп барады. Біз тараптарды татуластыруды үйренген жоқпыз. Біз дауласқандарды келісімге келтіруді білмейміз", – деді Жақып Асанов.

Жоғары сот төрағасының айтуынша, ағылшын заңгерлері түрлі дау-дамайдың 70%-ын сотқа дейін шешеді.

"Біз дау шешу мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, арттыруға басымдық беруге тиіспіз. Келіспеушілік бар, болған, бола береді. Алайда оны бірден сотқа жүгірмей, бейбіт түрде шешу керек. Нарықта заңгер көп. Олар үшін кез келген дау – табыс көзі. Өкінішке қарай, мұндай заңгерлер арызданушыларды келісімге емес, сотқа баруға үгіттейді. Олар үшін ұзаққа созылған сот процесі тиімді. Мұндайлардан сақ болыңыздар, алданбаңыздар", – деді Жақып Асанов.

Бұдан кейін ол мемлекеттік органдарға ұсынысын жеткізіп, өтініш білдірді.

"Мемлекеттік орган өкілдерінен сот инстанцияларына шағымданудан бас тартуды сұраймын. Егер, өздеріңіздің ақ екендеріңізді білсеңіздер соңына дейін соттасудың қандай қажеттілігі бар? Өздеріңізге де, сотқа да артық іс жүктеу абырой емес қой", – деді жоғары сот төрағасы.

Осыдан соң жоғарғы сот төрағасы ел үкіметімен бірлесіп жүзеге асыратын бес басым бағытқа тоқталды.

"Біріншіден, соттарды дау-дамай мен жанжалы бар істерге ғана жұмылдыру керек. Екіншіден, татуласу жолын тиімді пайдалана отырып, қоғамдағы даулы мәселелерді төмендету күш жұмсау қажет. Үшіншіден, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің тәжірибесін зерделеп, əкімшілік əділет жүйесін енгізуге тиіспіз. Төртіншіден, судьяның əр дауды толық зерттеп, əділ шешім қабылдауы үшін процессуалды белсенділік құқығын беру керек", – деп қорытты Жақып Асанов.

Басқосу барысында Қазақстан аумағында қызмет ететін шетелдік инвесторлардың 74%-ы мемлекеттік органдарға шағымданғаны белгілі болды. Жағымсыз жаңалықты жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасының судьясы Жанна Ермағанбетова жариялады.

"Бүгінгі таңда мемлекеттік органдар мен шетелдік инвесторлардың арасындағы 138 сот дауы қаралды. Нәтижесінде 36 млрд теңгенің 9 миллирды шетелдік инвесторлардың пайдасына шешілді", – деді Жанна Ермағанбетова.

Судьяның сөзінше, Қазақстанда жағымды инвестициялық климат қалыптапстыру үшін мемлекеттік органдар мен шетелдік инвесторлар арасындағы келіспеушілікті азайту қажет.

"Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.", "Теңізшевройл, Макинск құс фабрикасы және бірнеше газ және мұнай өндіретін ірі компаниялар мемлекеттік органдармен соттасып жатыр", – деді ол.

Жанна Ермағанбетованың мәлімдеуінше, даудың басым бөлігі салық саясатынан, яғни инвесторларға салынатын салықтан туатын көрінеді.

"Инвесторлар көбінесе салық органдарынан әділдік пен адалдықты талап етеді. Олар барлығы заң аясында болғанын және халықарлық тәжірибеге сай жасалғанын қалайды",– деді судья.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу