Мұндай бастама Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты мен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнестің құқықтарын сотта қорғаудың тиімділігін арттыруға арналған бірлескен форумында айтылды. Айтқан – "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов.
"Мемлекет басшысы экономиканың өсімін қамтамасыз етуде цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығына үнемі тоқталады. Цифрландыру үдерісі – бизнестің жолын бөгейтін кедергілерді жоюдың нақты қадамы. Сонымен қатар ол бәсекеге қабілеттілікті арттырып, адам өмірінің сапасын жақсартады. Құқықтану әу бастан консервативті салалардың бірі болып табылады. Дегенмен бұл салада да жасанды интеллектті қолдануға мүмкіндік бар. Құқықтық-нормативтік жүйені жасанды интеллект арқылы цифрландыруға ауыстыру таяу болашаққа жоспарлаған негізгі мақсаттың бірі", – деді ол.
Рустам Жүрсінов нақты мысалдарды да келтірді. Оның айтуынша, батыс елдерінде жасанды интеллекттің әсері кеңінен талқыға түсуде.
"2016 жылы АҚШ-та Жоғарғы сот шешімінің 70 пайызын дәл болжайтын алгоритм құрылды. Ал Лондондағы университеттік колледж ғалымдарының өнертабысы адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот шешімінің 79 пайызын дәл тапқан. Мұндай жаңашылдық Ресейде де орын алды. Мәселен, былтыр "Сбербанк" талап арыздарды рәсімдейтін құлтемір-заңгерді іске қосты. Жаңашылдық банк қызметкерлерінің санын үш мыңға дейін қысқартады екен", – деді Рустам Жүрсінов.
Шетелдік компаниялардың мәліметінше, алдағы жиырма жылда компьютерлік алгоритмдер бір ғана Ұлыбританияның өзінде 114 мың заңгердің орнын алмастырады-мыс. Бұл дегеніміз – елдегі жалпы заңгерлердің 39 пайызы. Ал 2016 жылы жасалған "ROSS" құлтемірі америкалық адвокаттық бюроға ресми түрде жұмысқа орналасқан.
"Қазақстанда да бұл жүйенің әлеуетін тиімді пайдалануға болады. Бастаманы қолға алсақ жеткілікті. Ары қарай өзі өрістейді. Қазірдің өзінде елімізде бұл саланы жетік меңгерген мамандар баршылық. Атап айтқанда, аталған бағыт Қазақстан-Британ техникалық университеті мен Назарбаев университетінде жақсы дамып келеді. 2017 жылдың қараша айында нейрондық желі бойынша "Google" корпорациясы ұйымдастырған халықаралық байқауда төртінші орынды отандасымыз иеленді. Ол – Қазақстан-Британ техникалық университетінің түлегі", – деді "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.
Рустам Жүрсінов ұлттық палата жасанды интеллект саласындағы жобаларды қолдауға әзір екенін жеткізді. Оның айтуынша, сот жүйесін цифрландырудың пайдасы шаш-етектен. Біріншіден, судьялардың жүктемесі азаяды. Олар үнемделген уақытты кәсіби біліктіліктерін арттыруға жұмсай алады. Екіншіден, цифрландыру сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.
Осы орайда "Атамекен" ҰКП-ның төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев "Атамекеннің" ұстанымы – қызмет көрсетуді автоматтандыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық палата 2018 жылды қызмет түрлерін цифрландыруға арнайды. Мұндағы мақсат – адами фактор мен сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету.
"Әлемде сот тәуелсіздігі кәсіпкерлік пен инвестициялық ахуалды жақсартудың негізгі факторы ретінде қарастырылады. Ал дау дегеніңіз кәсіпкер үшін белгілі бір деңгейдегі күйзеліс, зая кеткен уақыт пен ақша. Егер дау мемлекеттік органмен арада туындаса, онда бұл үлкен шығын, тіпті бизнестің тоқтатылуына әкеліп соғатын жағдай. Дауды шешудің соңғы мүмкіндігі – сотқа жүгіну. Мұнда бизнестің тағдыры түбегейлі шешіледі. Сондықтан судьялардың әділ әрі объективті жұмысынан бизнес қауымдастықтың күтері көп", – деді Тимур Құлыбаев.
Форумда бизнесті сотта қорғау бойынша бірлескен жол картасы бекітілді.
Фархат Әміренов