Сот шешімдері түсінікті тілмен жазылады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4794

Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов аудандық, қалалық судьяларды қайта оқытуды қолға алды.

Сот шешімдері түсінікті тілмен жазылады Фото: tengrinews.kz

Жыл сайын елімізде аудандық және қалалық судьялар орташа есеппен миллионнан астам қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерді қарайды. Мәселен 2017 жылы судьялар 1 млн 200 мың істі қараған. Әрбір іс бойынша тиісті шешім, үкім, қаулы қабылданады. Өкінішке қарай, қабылданған шешіммен, үкіммен келіспейтін жандар өте көп. Олар Жоғарғы сот сатыларына наразылықтарын білдіріп жатады. Жақып Асановтың айтуынша, мұның өзіндік себептері бар.

"Басты себеп – шешімдер мен үкімдерді дұрыс түсінбеу. Біз осы жөнінде бір ай бұрын талқылау жүргіздік. Азаматтық істер бойынша қабылданған сот шешімдері қандай болуы керек? Сол жөнінде бірнеше нормативтік талап туралы қаулы қабылдадық", – деді Жақып Асанов.

Жоғарғы сот төрағасының айтуынша, бұдан былай сот шешімі мазмұны жағынан оқылуға оңай, жеңіл әрі түсінікті тілмен жазылуы керек. Жоғарғы сот осындай шешім қабылдаған. Сондай-ақ арыз иесінің әр уәжін нөмірлеп, сот шешімінде оларға жауап беру міндеттелген.  

"Заң терминдері өте көп. Кәсіби терминдер де жетерлік. Оны қарапайым адам түсіне бермейді. Бірақ біз оны сот шешімдеріне пайдалануға міндеттіміз. Оны пайдаланған кезде қарапайым тілге аудару талап етілді. Бұл сот шешімінің мазмұнына енгізілетін өзгерістер", – деді Жақып Асанов.

Бұдан бөлек сот шешімінің нақты құрылымы да болуы керек.

"Қарап отырсақ, шешімдердің көлемі үлкен. Оның ішінен керек дүниені табу көп жағдайда қиындық тудырады. Сондықтан біз әр шешімнің логикалық құрылымы болуға тиіс деген талап қойдық", – деді Жоғарғы соттың төрағасы.

Жақып Асановтың сөзінше, сот шешімдеріне қатысты техникалық талап енгізілмек. Бұған дейін мұндай талап болған емес. Сол себепті шешімдерде нақты бір абзац, нақты бір интервал болмайды. Көп жағдайда шешім ұсақ әріптермен жазылады. Көпшілік оны оқи алмай қиналады. Мұның соңы түсінбеушілікке алып келеді. Сондықтан сот шешіміне қатысты техникалық талап та енгізіліп отыр. Азаматтық істер бойынша қабылданған осынау нормативтік талаптар 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енетін болады.

"Оған дейін төрт айдан астам уақыт бар. Осы уақыт аралығында аудандық, қалалық судьяларды шешімді жазуға, оны түсіндіруге, шешен сөйлеуге үйрету қажет. Қабылданған нормативтік қаулыны орындаудың маңызы зор. Жоғарғы сот төрағасының айтуынша, мәселелер азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істердің бәріне ортақ", – деді Жақып Асанов.

Оның сөзінше, судьялардың жүктемесін азайту керек. Ол үшін заманауи ақпараттық технологияларды пайдаланған дұрыс.

"Меніңше, үкім жарияланған соң оны түсіндіру маңызды мәселе, өзекті институт. Ал қазіргі жағдай қалай? Судья үкімді жариялайды да, залдан дереу кетіп қалады. Сотқа қатысушыларға ештеңені ашып түсіндірмейді. Олар көп сұраққа жауап таппай, үйге қайтады. Судья шығарған үкімін өзі ғана түсіндіруге құқылы. Басқа ешкімнің үкімнің дұрыс, не бұрыс екенін айтуға құқы жоқ. Сондықтан бұл институт өте маңызды", – деді Жақып Асанов.

Десек те осы күні судьяларға артылған жүктеме көп және ол уақыт өткен сайын артып келеді.

"Судьялардың жүктемесі соңғы бес жылда екі есе артты. Мәселен 2013 жылы әр судья айына шамамен 70 материал қараса, бүгінде қаралатын істің саны 130-дан асты. Ал облыс орталықтарындағы, Алматы мен Астана қалаларындағы судьялардың жүктемесі одан да көп. Нақтырақ айтсақ, 200-300 материалға дейін барады. Сонда әр судья күніне 10-ға жуық іс пен материалды қарайды. Біз аталған бағытта тиісті шара қабылдап жатырмыз. Алайда қазір судьялар өзін-өзі жетілдіруі керек. Жүктемені азайту үшін заманауи ақпараттық құралдарды пайдалану қажет", – деді Жақып Асанов.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу