"Бизнес қиын жағдайда"

2844

Мемлекеттік сатып алу жүйесінде кәсіпкерлердің дамуын тежейтін айналма жолдар бар.

"Бизнес қиын жағдайда"

Мемлекеттік органдар сатып алу жоспарын жарияламайды, бұл кәсіпкерлердің өндірістік қызметіне кері әсерін тигізіп отыр. Қойылған талапты 18 мың мемлекеттік мекеменің жартысы ғана орындайды.

"Кәсіпкердің қолында сатып алу жоспарының толық тізімі болмаса, әрине олар өз өндірістік қызметін жоспарлай алмайды. Оның үстіне мемлекеттік мекемелер айына бір рет жоспарға түзету енгізуге құқылы. Сатып алу жоспарына өзгеріс енгізілгеннен кейін олар бірден тендер өткізе алады. Біз мұны дұрыс емес деп есептейміз. Кәсіпкерлер көпе-көрінеу қиын жағдайда қалды деп санаймыз. Бизнесте тұрақтылық жоқ, жариялылық, ақпараттылық жоқ", – деп баса айтты "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте КҰП басқарма төрағасының орынбасары Дана Жүнісова.

Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде де, баға белгілеу мәселесінде де олқылық  бар. Мысалға, құрылыс саласында жеткізушілер қызмет құнын әдейі төмендетеді. Ұлттық палатаның мәліметі бойынша, саладағы қызмет көрсетушілердің 35%-ы қызмет құнын әдейі арзандатады.

"Құрылыс салушылар қауымдастығы нысан құнынан ауытқушылық шамамен 8%-ға жетеді дейді. Сондықтан компаниялар жеңіске бағаны арзандатып жетеді, қорытындысында сапасыз құрылыс материалдары қолданылады", – деді КҰП басқарма төрағасының орынбасары.

Осыған орай кәсіпкерлер құрылыс материалдары мен қызмет түрлерінің нақты бағасы белгіленген тізілім жасауды ұсынып отыр, соның арқасында бағаны әдейі төмендетудің жолын бөгеуге болады.

Қылмыстық статистика талдауына сүйенсек, тіркелген барлық сыбайлас жемқорлық қылмысының 55%-ы сатып алулар аясында орын алған.

"Мемлекеттік сатып алулардағы басты қиындықтың бірі – осы саланың өкілетті органдарының құзыреттеріндегі ішкі қарама-қайшылықтың болуы. Яғни қаржы министрлігінің міндеті, бір жағынан, мемлекеттік саясатты іске асыру болса, екінші жағынан, мемлекеттік сатып алу саласын бақылауға алу. Бұл өз кезегінде қаржы министрлігінің сынаржақ бақылау жүргізуіне себеп болуы мүмкін және  саланың дамуына кедергі келтіреді. Аталған құзыреттің ара-жігін ашу мүмкіндігін қарастырып, осы проблеманы шешу керек", – деп мәлімдеді кеңес барысында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Ішпекбаев.

Мемлекеттік сатып алулардың едәуір бөлігі бір көзден алынуы да сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының белгісі болуы мүмкін. ҚР "Мемлекеттік сатып алулар туралы" қолданыстағы заңына сәйкес, бір көзден сатып алу әдісі 56 негіздеме бойынша жүргізіледі.

"Осының салдарынан 2016 жылы сатып алулардың 40%-дан артығы (866 млрд теңге)  бір көзден алу әдісі бойынша жүргізілді. 2016 жылы жалпы сатып алулар мөлшері 2,2 трлн теңгені құрады. Байқау өткізілмесе, адал бәсекелестік болмаса, бұл сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға жол ашатын қауіп тудыратыны айтпаса да түсінікті", – деді Алик Ішпекбаев.

Түрлі біліктілік талаптарын негізсіз белгілей беру де келешек жеткізушілердің мемлекеттік сатып алуларға қатысуын шектейді.

"Мемлекеттік сатып алулар туралы" заңда белгіленген міндетті талап – байқау құжаттамасының жобасын келешек жеткізушілердің алдын-ала талқылауы. Осылайша 2016 жылы осы негізде байқау құжаттамасының 52,7%-ы қаралды. Алайда бүгінгі күнге дейін кейбір жағдайларда жобалық-сметалық құжаттама нақты бір жеткізушіге сәйкестіндіріліп жасалып, алдын-ала талқылауға келмейді, бұл байқаудың өзге қатысушыларына мемлекеттік сатып алулардың соңғы кезеңіне дейін жетуге мүмкіндік бермейді", – деді МҚІ СЖҚІА басшысының орынбасары.

Сонымен бірге болашақ жеткізушілердің жекелеген санаттары мен ҚАЖК жүйесінің мемлекеттік кәсіпорындарына басымдық берілетін мемлекеттік сатып алуларда да сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын бағыттар бар.

"Олар үшін заң жүзінде жеңілдік көзделген. Орағытып өту схемасында мінсіз – аталған ұйымдармен тікелей шарт жасалады, ал олардың барлығы нақты қызмет көрсетушілерден сатып алады, осылайша делдалдың рөлін ойнайды", – деп айтты Алик Ішпекбаев.

Осы әдіспен Қазақстанда жиһазды мемлекеттік сатып алудың 50%-ы жүргізілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының бірі ретінде бақылау-қадағалау қызметін атқаратын мемлекеттік қызметшілерді алмастыру ұсынылады. Себебі бір орында ұзақ уақыт тұрақтап қалу заңсыз астыртын әрекеттер жасауға итермелеуі мүмкін.

Динара Қуатова, Әйгерім Cүлейменова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу