Кәсіпкерлерге арналған Міндетті талаптар тізілімі әзірленуі мүмкін

4343

Бұл бизнеске қойылатын барлық талаптың толық тізбесін қамтитын бірыңғай база болмақ.

Кәсіпкерлерге арналған Міндетті талаптар тізілімі әзірленуі мүмкін Фото: ratel.kz

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл – бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсіновтің айтуынша, соңғы бес жылда бизнесті қорғау бағытында прокуратура органдарымен бірлесіп, біршама шаруа тындырылған. Бизнеске қойылатын талаптар мен тексерулер саны қысқарып, кәсіпкерлердің шығыны азайтылды. Бірақ бұл саладағы шағым мен мәселе әлі азайған жоқ.

"Мемлекет тарапынан жыл сайын бизнеске қатысты жаңа талаптар енгізіледі. Олардың нақты саны қанша екенін ешкім білмейді. 2019 жылы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкіметпен бірге талаптардың нақты санын есептеп, қысқартуға тырысты. Сөйтсек, Қазақстанда бизнеске қатысты 30 500 талап бар екен. Біз соны 13 мыңға дейін азайттық", – дейді Рустам Жүрсінов өзінің facebook-тегі жеке парақшасына.

Осыдан екі жыл бұрын Бас прокуратурамен бірге зерттеу жүргізілген екен. Оның қорытындысы бойынша еңбек инспекциялары жүргізетін тексерістің 63 пайызы өндірісте жазатайым оқиға орын алғаннан кейін ғана қолға алынатыны анықталды. Ал экологиялық инспекциялар тарапынан қолға алынатын тексерулердің 81 пайызы тиісті есепті тапсырмағаннан кейін ғана жүргізілетіні белгілі болды. Екі жыл өтсе де, жағдай өзгере қойған жоқ.

"Мемлекеттің реттеу саясаты бизнестің сенім дәрежесіне негізделмеген. Мемлекеттік органдар көбінесе мәселелерді реттеуге тырысады. Ал бұл жағдай бизнестің мемлекетке деген сенімсіздігін тудырады. Президенттің бұған ерекше назар аударып отырғаны да сондықтан", – дейді ол.

Бизнес-омбудсменнің пікірінше, реттеу проблемаларын жүйелі түрде шешу үшін мемлекеттік реттеудің шегі мен шекарасын айқындап алу керек. Мемлекеттік реттеуді енгізу үшін адамдардың өмірі мен денсаулығына, экологияға, құқық пен имандылыққа қатысты тәуекелдер негіз болуға тиіс. Яғни, тәуекел болмаса, реттеудің де қажеті жоқ. Тәуекел бар екен, мемлекет реттеуді енгізуге міндетті.

"Мемлекеттік реттеу бизнес үшін де, мемлекет үшін де аса бір жоғары талаптардан тұрмауы керек. Ол технологияның даму деңгейіне сәйкес келуі шарт және ақылға қонымды, жүйелі және

дәйекті болуы қажет. Бизнес үшін негізсіз кедергілер туғызбауы тиіс. Сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігін қамтамасыз етуі керек. Осы шарттар орындалған жағдайда ғана жаңа талап енгізілуі мүмкін", – дейді Рустам Жүрсінов.

Оның айтуынша, тиісті құралдар болмаса заң да жұмыс істемейді.

"Сондықтан біз Міндетті талаптар тізілімін енгізуді ұсынамыз. Бұл бизнеске қойылатын барлық талаптың толық тізбесін қамтитын бірыңғай база болады. Реттеудің барлық түрін қайта қарауға үш жыл берілді. 2024 жылғы 1 қаңтардан талаптар жұмыс істей бастайды. Ал мемлекеттік реттеудің жаңа қағидаттарына сәйкес келмейтін талаптар заңсыз деп танылады. Бұл күш-жігерімізді белсенді іс-қимылдарға, бизнесті реттеудің тиімді жүйесін құруға бағыттаудың бірегей мүмкіндігі", – деді бизнес-омбудсмен.

Әуелгі жұмысты кәсіпкерлер көп шоғырланған 4 саладан (сауда, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтану, көлік) бастау ұсынылып отыр. Елдегі кәсіпкерлердің 60 пайызы дәл осы төрт салаға тиесілі.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу