"Цифрландыру жайында аз сөйлеп, көп іс тыңдырайық"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
12840

Халық арасында, бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілердің бойында "цифрлық менталитет" қалыптасуы керек.

"Цифрландыру жайында аз сөйлеп, көп іс тыңдырайық"

Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, елімізде цифрлы технологияларды енгізу қарқыны әлемдік деңгеймен салыстырғанда тым баяу жүріп жатыр.

"Жаңа технологияларды пайдалану, өнеркәсіп саласын автоматтандыру деңгейі төмен. Электронды сауданың даму қарқыны да тым баяу. Интернет ауылдық елді мекендерде әлі де болса қолжетімді емес. Ал әлемде орын алып жатқан технологиялық өзгерістердің қарқыны қатты. Сондықтан, Қазақстан технологиялық үдерістегі негізгі трендттерден қалыспай, қарқынды үтеде түсуі керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасының орындалу барысы талқыланған парламенттік тыңдауда.

Ол цифрландыру жайында аз сөйлеп, көп іс тыңдыруға шақырды. Оның пікірінше, бизнес саласындағы ойыншылар цифрлық трансформациядан өту қажеттігін ұғынуы керек. Өйткені, алдағы уақытта компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі олардың цифрлық деңгейімен өлшенетін болады. Сондықтан мемлекет цифрлық технологияларды енгізуі үшін бизнесті ынталандыру жүйесін құруға тиіс. Атап айтқанда, цифрландыруға басымдық беріп отырған кәсіпорындарға заңнама тұрғысынан қолайлы жағдай жасалуы керек.

"Халық арасында, бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілердің бойында "цифрлық менталитет" қалыптастыру қажет. Олар жаңа цифрлық дәуірде тиімді жұмыс істей білуі керек. Сондықтан, халықты цифрлық экономикаға жаппай бейімдеуге тиіспіз. Өйткені, алдағы 10-20 жылда қазіргі мамандықтардың тең жартысы қажетсіз болып қалуы мүмкін. Ол үшін отандық білім беру жүйесін экономиканың ұзақ мерзімді қажеттіліктеріне сай жаңғыртуымыз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 2025 жылға қарай цифрландыру нәтижесінде әлемдік ішкі жалпы өнім 19%-дан 34%-ға дейін ұлғаяды. Сондай-ақ, 2020 жылға қарай цифрландыру әлем экономикасының төрттен бірін құрайды деген болжам бар.   

"Бүгінде денсаулық сақтау, білім беру салалары, адамның күнделікті өмірі айтарлықтай өзгеріп, жаңа сипатқа ие болуда. Осыған байланысты коммуникациялар мен ақпараттық жүйелерге, көрсетілетін қызметтерге жаңа талаптар қойылуда. Алдыңғы қатарлы мемлекеттер цифрлық экономиканы дамытуға мейлінше басымдық беруде. Бұл – жаһандық күн тәртібінің маңызды бағыты. Цифрлық экономиканы қалыптастыруда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген елдерге тән ортақ сипат бар. Ол – инновацияны енгізуге қолайлы жағдай туғызып, цифрлық технологиялар мен инфрақұрылымға қомақты инвестиция салу", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, бүгінде Қазақстандағы 746 қызметтің 447-сі электронды түрде беріледі. 2021 жылға қарай электронды қызмет деңгейін 80%-ға жеткізу көзделіп отыр. Ал көрсетілетін қызметтің қалған 20%-ы цифрландыруды әзірше талап етіп отырған жоқ.

"Ақпараттық жүйелерді біріктіру нәтижесінде ел тұрғындарынан 40 миллион анықтама сұралмайтын болады. Электронды қызметті дамыту анықтамаларды, лицензияларды, рұқсатнамаларды жылдам алуға мүмкіндік береді. Кәсіпорындарды ашу да жеңілдей түседі", – деді Асқар Жұмағалиев.

"Цифрлық трансформация барлық салада жүргізіледі. Білікті мамандарға сұраныс артады. Осыған орай, техникалық мамандықтарға 11 мың грант бөлінеді. Бұл қосымша мамандарды даярлауға серпін бермек. Бұдан бөлек, университет студенттеріне арналған жаңа бағдарлама енгізіледі. Бағдарлама өнеркәсіп өкілдерімен бірге әзірленеді. Оқушылар үшін тегін бір мың ІТ-сынып және 20 ІТ-орталық жобасы іске асырылуда", – деді премьер-министрдің орынбасары.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, елімізде цифрландыру кеңселері құрылған. Қазіргі уақытта министрліктер мен әкімдіктерде 36 кеңсе орналасқан. Осыған ұқсас кеңселер квазимемлекеттік сектор компанияларында да ашылған.

"Біз атқарылған жұмыстардың алғашқы нәтижелерін көре бастадық. Мысалы, Салық кодексіне электронды сауданы дамытуға ынталандыратын және электрондық сауда субъектілерінің санын арттыруға мүмкіндік беретін өзгертулер енгізілді. Отандық ақпараттық технология саласын дамыту мақсатында арнайы жол картасы бекітілді. Еліміздегі цифрландырудың сараптамалық бағасын беру ұсыныстарын әзірлеу үшін халықаралық сарапшылар кеңесі құрылды", – деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, "Қазпошта" АҚ Астана мен Алматы қалаларында мамандандырылған электронды коммерция орталықтарын ашқан. Сондай-ақ, жыл соңына дейін барлық облыста цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашу жоспарланып отыр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу