Өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға арналған "Даму-Өндіріс" деген бағдарлама бар. Бағдарлама осыдан үш жыл бұрын кәсіпкерлікті қолдау һәм қаржы секторын сауықтыру масқатында қолға алынған еді. "Даму-Өндіріс"-тің шарттары кәсіпкерлерге тиімді-ақ. Несие 6 пайыздық жылдық мөлшерлемемен 10 жылға дейінгі мерзімге берілді. Компанияларға бағдарлама аясында екінші деңгейлі банктерден 1,85 млрд теңгеге дейін қарыз алуға жол ашылды. Алайда бағдарламада қарызды қайтару тетігі қарастырылмаған. Соның салдарынан ақтаулық кәсіпкерлер жапа шегіп отыр.
Нақтырақ айтсақ "Ақтау мұнай сервис компаниясы" ЖШС мен "Ақтау машина жасау зауыты" ЖШС "Даму-Өндіріс" аясында "АТФ Банк"-інен несие алады. Бұл 2014 жыл болатын. 2015 жылдың наурыз айында мемлекеттік бағдарламаға жауапты "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры Ақтау машина жасау зауытында тексеру жүргізеді. Тексерудің қорытындысы бойынша несие қаржысының мақсатты жұмсалғанына, бағдарламаның талаптары мен шарттары бұзылмағанына көз жеткізеді. Алайда кейін компанияға қаражатты заңсыз алып, мақсатсыз игерді деген айып тағылады. Осылайша зауыт мемлекеттік бағдарламадан да шығып қалады. Сөйтсе, "Даму-Өндіріс"-те қарызды қайтару тетігі қарастырылмаған екен.
"Біз өз құқығымызды қорғап сотқа жүгіндік. Сот арызымызды қанағаттандырды. Адалдығымызды дәлелдеп шықтық. Сөйте тұра, "АТФ Банк" бір жақты негізде несие қаражатын тәркілеп алды. Қаржы ұйымы бұл ақшаны басқа мақсаттарға жұмсап жіберген. Мәселе әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Банк пен "Даму" қоры мәселені бір-біріне сілтейді. Қаражаттың жоқтығынан зауыттың жоба-жоспарлары да тоқтап тұр. Жазған хаттарымызға да дұрыс жауап ала алмаймыз. Сондықтан "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметіне жүгінуді жөн көрдік", – дейді Ақтау машина жасау зауытының бас директоры Амангелді Тыншимов.
Ақтаулық компанияға қатысты мәселе "Атамекен" ҚР КҰП кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің осы аптадағы отырысында қаралды.
Ұлттық палатаның кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің директоры Олег Савеленконың сөзінше, бағдарламаны пайдалану тетіктері мемлекеттік қолдауға қайшы келіп отыр. Сондықтан ол бағдарламаны жетілдіру керек деп есептейді.
Ал "АТФ Банк" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Сергей Коваленконың уәжі мынадай:
"Біз несие қаражатын беру талаптарына сәйкес жұмыс істеп отырмыз. Міндетіміз – "Даму" қорынан алған қаражатты клиенттерге жеткізу. Біз әуелде ақша бөлдік. Алайда кейін аталған компанияның бағдарламаға қатысушылар тізімінде жоқтығына көз жеткізіп, қаржыны қайтарып алдық. Оның үстіне банк шығынға ұшырады. Сондықтан қаражатты басқа мақсаттарға пайдалануға мәжбүр болдық. Қазір бізде бұл мақсатқа қарастырылған ақша жоқ".
Тараптарды тыңдаған қоғамдық кеңес мүшелері бұл мәселені үкіметке жеткізу керек деген шешімге келді. Атап айтқанда ұлттық қордан бөлінетін қарызды қайтару тетігін жетілдіру бойынша өзгерістер енгізу керек деген ұсыныс айтылды.
Қазақстанның бизнес-омбудсмені Болат Палымбетовтің пікірінше, жағдайды реттеу үшін жазалау шараларын қолданудың қажеті жоқ. Ең алдымен мәселені жоюдың амалын қарастыру керек.
"Елімізде қозғалған қылмыстық істердің тек 20 пайызы ғана сотқа жетеді. Сондықтан мәселені шешудің нақты тетігін қарастыру керек. Мұндай мәселе басқа да мемлекеттік бағдарламаларда бар шығар. Біздің көріп отырғанымыз мәселенің бір парасы ғана шығар, бәлкім", – деді Болат Палымбетов.
"Атамекен" ҚР КҰП басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов "Даму" қоры тұтас ел бойынша зерттеу жүргізіп, осыған ұқсас мәселелердің бар-жоғын анықтауға тиіс деген пікір білдірді.
"Ақтаулық кәсіпкерлер заңды мүдделерін қорғап, тиісті органдарға шағымданбағанда, аталған бағдарламада шикіліктер бары сол күйі ескерілмей кетер еді. Сондықтан бұл мәселені соңына дейін жеткізу керек", – деп қорытты жиынды "Атамекен" ҚР КҰП кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов.
Фархат Әміренов