"Ел азаматтарының 10%-ы өзін атеист немесе агностик санайды"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3048

Жамбыл облысында  "Таблиғи Жамағат" экстремистік тобының өкілдері жас балаларға білім берген.

"Ел азаматтарының 10%-ы өзін  атеист немесе агностик санайды"

Бұл туралы бүгін парламентте өткен үкімет сағатында депутаттар ашық айтты.

Жиында депутаттық корпус жаңадан құрылған діни министрліктің қызметін алғаш рет қарады. Тиісінше бірқатар көрсеткіштері де жария етілді. Мәселен  министрліктің күш құрылымдарымен және облыс әкімдіктерімен тізе қоса отырып, тиісті шаралар қабылдау арқылы ахуалды бақылауға алғаны және экстремистік-террористік көріністердің азаюын қамтамасыз еткені атап өтілді. Заңсыз контентті таратқаны үшін Қазақстанда 1,5 мыңдай сайт жабылған. Салафизм секілді радикалды ағынды ұстанушылар қатары мыңнан асады екен. Оның 300-дейі заңға қайшы әрекеттері үшін темір тордың ар жағына қамалған.

Әлемдегі соғыс ошақтарына аттанушылар саны кеміген. Ғибадат орындары айналасында қауіпсіздік күшейтілген. Дін саласында үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс нысаналы сипатқа көшірілген. Бұл ретте жалпы, ҮЕҰ-лар саны қазір елімізде 19 мың 680-ге жетіпті.

Бірақ жаңа министрлік мұнымен тоқтап қалмақ емес. Ведомство басшысы өз саласындағы қауіп-қатердің де, мәселелердің де аз еместігін, керісінше, күшейгенін айтып қалды.

"Біздің діни аудиториямызға сыртқы теріс ықпалдар күшейді. Бұған ақпараттық кеңістіктің ашықтығы және жаһандану процестері ықпал етуде. Интернет, әлеуметтік желілер мен басқа да коммуникациялық құралдар тұрғындар санасына жаппай идеологиялық әсер етуге мүмкіндік береді, – деді депутаттарға дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев.

Оның мәліметінше, Қазақстанда әрбір оныншы азамат – "діннен безгендер".

"Бүгінде азаматтардың шамамен 10 пайызы өздерін атеист немесе агностик деп санайды. Азаматтарымыздың 75 пайызы өздерін құдайға сенушілер деп есептейді, бірақ діни жоралғыларды тұрақты ұстанбайды. Ал діндарлардың 16 пайызға жуығы барлық діни жоралғыларды орындайды", – деді министр.

Ол "діншілдік деңгейінің өсуі радикалды идеологиялардың таралуына да әртүрлі мүмкіндіктер береді" деп есептейді. "Қандай ағым мен конфессияда болмасын, діни фанатизм қауіп төндіруі мүмкін. Мәселе тек діни сауаттылықта емес. Діни білім тиісті тәрбие мен саяси сауаттылықпен байланыста болуы керек", –  деді Нұрлан Ермекбаев.

Оның дерегінше, Қазақстанда қазір 360-тан астам бірлестік жұмыс 3 істейді және олар 17 конфессияны қамтиды.

Өз кезегінде дін саласы мәселелерімен парламентте біраз жылдардан бері айналысып жүрген мәжіліс депутат Бақытбек Смағұл тың ұсыныспен шықты.

"Қазіргі кезде әртүрлі жат ағымдар сенім мәселесінде жас ұр­паққа және діни сауаты аз қазақстандықтарға жал­ған сенім­дерін та­ңып, жолдан адас­­тырып жүр. Олар ғасырдан-ғасырға жете­ле­ген, сақтан қалған салтымыз бен ғұннан қалған ғұрпымыздан, ұлттық дәстүрлерімізден бас тартуға үгіттеуде.  Бұлардың ісі жай қараң­ғы­лық, надандық емес, олар халқы­мызды діні­мізден, салтымыздан ажырату қау­пін ала келеді. Ұлттық рух­тың ұстыны саналар қасиетті құндылықтарымызға нұқсан келтіреді. Бірлігімен бай, ынтыма­ғы­мен ірі, тұтастығымен табан­ды Қазақ елін де тоз-тоз еткісі келеді, –  деген депутат осы жолда халқымыздың діни сауатын ашу ісін өрістету керектігін нықтады.

Бақытбек Смағұлдың байламынша, қоғам қазір заман талабына сай келетін, өзекті сұрақтарға нақты жауап беретін бір ақпарат көзін қажет етеді.

"Әрине  әртүрлі заңды діни ресурстар мен ресми тіркелген діни бірлестіктердің сайттары да осы салада халық ағарту жұмыстарын жүргізуде. Дегенмен  барлық елде қалың бұқара білімнің басты көзі ретінде "Гугл" мен "Уикипедияға" жүгінетін қазіргі заманда бұл істе де орталықтандырылған бір ақпарат көзі болуға тиіс. Бұл бірегей әрі бірыңғай ақпарат көзі – интернет кеңістігінде жұмыс жасайтын электронды ресурс – "Ислам энциклопедиясы" болар еді. Бұл реттегі біз үшін жақсы үлгі – ұдайы жаңарып отыратын және тұрақты редакцияланатын Стэнфордтық Философия энциклопедия бола алады", –  деді халық қалаулысы.  

Оның ұсынуынша, ислам энциклопедиясы әлемнің кез келген жерінен қосылған азаматтарға Қазақстанның мұсылмандары ұстанатын Ханафи мазһабы бойынша күрделі әрі екіұшты емес, ұғынықты да нақты түсініктеме беретін, тұрақты жұмыс жасайтын өзіндік бір семинар қызметін атқаратын электронды ресурс болуға тиіс.

Ал мәжіліс депутаты Юрий Тимощенко үкіметтің "үкіметтік емес ұйымдармен" жұмысына назар аударды. Ол гранттық қаржыландыру – қазіргі кезде қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешудің жақсы бір тетігі саналатынын айтты. Сонымен қатар гранттық жобалар тек бір жылдық мерзімге ғана беріледі екен. Сондықтан үшжылдық гранттық қаржыландыруды ендіру тетігін қарастыруды ұсынады.

"Осы орайда қаржы министріне қатысты сұрақ туындайды: "Достық үйлері", Қазақстан халқы ассамблеясы өз желісі бойынша азаматтық қоғамды қалыптастыруға, бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуге бағытталған маңызды іс-шараларды өткізу кезінде тендерлер ұйымдастырады. Оларда тәжірибесі жоқ ұйымдар мен тұлғалар жария етілген сомадан 5-6 есе төмен баға ұсынып, демпинг жасайды. Ақыр соңында заң бойынша солар жеңімпаз болып танылады. Сондықтан бұл тендерлерде бейбітшілік пен келісім мәселелерімен бұрыннан табысты айналысып келе жатқандар жеңіске жетуі үшін ережелер талабын өзгерту керек. Бірақ "бәсекелестік ортаны төмендетуге жол бермеу мақсатында" деген сылтаумен, министрлік бұдан бас тартуда. Салдарынан этносаралық қатынастарды үйлесімге келтіру бойынша тендерлерде, этномәдени бірлестіктер іс-шараларын өткізуде үй бикелері, көлік агенттері, мәселенің тарихынан хабары да, тәжірибесі де жоқ тұлғалар жеңеді, – деді Юрий Тимощенко.

Бұған жауап ретінде қаржы министрінің орынбасары Татьяна Савельева бұл бағытта сөйлесуге ашық екендерін жеткізді.

"Мемлекеттік сатып алулар туралы заңнама қатып қалған нәрсе емес. Әртүрлі салаларда туындайтын саналуан мәселелер талданады, белгілі бір шаралар қарастырылады және шешімін табады. Оның ішінде демпинг мәселесі де бар. Бұл этносаралық және дінаралық келісім секілді "нәзік салаға" да қатысты. Ендеше алда болатын қолданыстағы заңнамаға түзету аясында біз диалогқа дайынбыз", –  деді қаржы вице-министрі.

Жақын уақытта "мемлекеттік сатып алулар туралы" жаңа заң парламентке енгізіледі екен. Егер депутаттар белсенділік танытса, бұл мәселе сонда ескерілуі керек.

Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев осы үкімет сағатына дайындық барысында депутаттардың кейбір сорақы жайттарды білгендерін жеткізді. Мәселен Жамбыл облысында Қазақстанда тыйым салынған "Таблиғи Жамағат" экстремистік тобының өкілдері жас балаларды оқытып келген.

"Балаларға діни білім берумен айналысатын ұйымдардың қызметі көп сұрақ туғызады. Елімізде шамамен бір мыңдай оқу орны бар, олар жыл сайын 30 мыңдай балаларымызды дінге оқытады. Бұл ретте олар "оқу орталықтары", "интернат", "жазғы лагерь", "қор", "курстар" деп атала береді. Уәкілетті органдар олардың нақты немен айналысатынынан құлағдар емес. Ал бас прокуратураның дерегі бойынша олардың арасында күмәнді орталықтар да бар. Осылайша балаларды дінге тарту жүруде. Қауіптілігі сол, балалар бұл ұйымдарда деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсіп кетуі мүмкін.      

Бұған дін министрі Нұрлан Ермекбаев ондай оқу орталықтары тексеріліп жатқанын алға тартты.

"Бұлардың саны шамалы. Мәселен Алматыда "Кәусар" интернаты аз қамтылған отбасылар балаларын жинап, оларға діни пәндерді оқытқан. Бұған заңмен тыйым салынады. Заң діни пәндерді тек мешіт, шіркеу сияқты ғибадат ұйымдары жанында ғана оқытуға рұқсат береді", –  деді Нұрлан Ермекбаев.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу