"Ермекбаев мырза, мені әскерге қайтарыңызшы!"

3014

Қорғаныс министрінің орынбасары болған (1993–1997 жылдары) генерал-майор Айтқали Есенқұловтың еске алуынша, Кеңес Одағы күйреп, Қазақстан тәуелсіздік алған тұста қатардағы жауынгерлер, тіпті офицерлер армияны өз еркімен тастап кетіп жатқан.

"Ермекбаев мырза, мені әскерге қайтарыңызшы!" Фото: Мария Матвиенко

"Әскерилер жалақысыз қалып, өз күнін өзі көруге мәжбүр болды. Ашықты. Казармалар жаппай жылусыз қалды. Індет жайылды. Бір мезгілде 13,5 мың солдат әскерден қашып кетті. Барлығын дерлік қайтара алдық. 27-сі қайта-қайта қаша берген соң олар Қылмыстық кодекстің "қашқындық" бабы бойынша сотталды", – дейді А.Есенқұлов.

Жастар арасында әскерге барудан жалтару үрдісі де кең таралды. 5 мыңдай жас жігіт Отан алдындағы борышын өтеуден қашып жүрді.

Дегенмен, кейінгі жылдары жағдай өзгеруде. Қазақстанның Қарулы күштері контрактілік жүйеге көшкелі мерзімді қызмет жауынгерлерінің саны азайды. Тиісінше, шақырылғанның бәрін бірдей әскерге алмайды. Денсаулығында сәл кінәраты болса, борышын өтеуден босатады.

Нәтижесінде, әскери қызметтен 130 мыңнан астам жауынгер өтуде.

Бұл ретте еліміздің армиясының 78% – контрактідегілер. Қатардағы жауынгерден генерал-майор шешіне дейінгі осы сардарлар мен сарбаздар ел қорғағаны үшін 75–400 мың теңге аралығында айлық алады. Бұл ретте кейбір дерек бойынша контрактідегілердің 12%-дайын әйелдер құрайды. Нәзік жыныстылар негізінен оператор, байланысшы, медицина қызметкері, қаржыгер-есепші және басқа да қызмет атқарады.

Қазіргі кезде әскерден қашу үрдісі тыйылып, керісінше әскерге құлшынушылық белең алды. Мысалы, 17 жасар Ильнур Ермолов әскери борышын Қазақстан армиясында өткергісі келеді. Не кедергі?  

"Анамның ұлты орыс. Соның бастамашылдығымен отбасымыз Петропавлдан Ресейге көшті. Мені Мәскеу облысындағы военкоматқа қайта есепке тұрғызды. Бірақ өзім Ресейде емес, Қазақстанға қызмет еткім келеді. 18-ге дейін маған қатысты шешімді ата-анам қабылдайды ғой. Кәмелетке толған соң өз болашағыма қатысты өзім шешім қабылдауға ниеттімін", – дейді Ильнур.

Ол осы шешіміне Қазақстанның бейбітсүйгіштігі, ал Ресейдің соғысқұмарлығы да түрткі екенін жасырмады.

Запастағы офицер Венера Балташқызы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа хатында өзін әскерге қайтаруды өтінеді.

"2019 жылғы тамызда отбасылық жағдайыма байланысты Қарулы күштерден кетуіме тура келді. Анам ауырып қалды, қарайтын адам болмады. "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңындағы "отбасы жағдайлары бойынша" деген негізде жұмыстан кеттім. Сонымен бірге балиғатқа толмаған баланы бақтым. Ол кезде контрактім бітпеген болатын. Қазір Қарулы күштердегі қызметіме қайтаруды қиыла сұраймын. Мұны жанайқайым деп түсініңіз! Өйткені бір жыл сауықтыру шараларынан кейін анамның жағдайы жақсарды, ал мен өзімді әскерден басқа кәсіпте елестете де алмаймын. Азаматтық салаларда әртүрлі жұмыстарды істеп көрдім. Бірақ тек армияға тартады да тұрады", – деп жазған еді ол жақында министрге хатында.

Хат иесі Нұр-Сұлтан қаласындағы Қорғаныс істері басқармасына өтінішпен жүгініпті. Басқарма мамандары оның жасы бойынша Қарулы  күштерге қайта оралуға әлі мүмкіндігі барын мәлімдепті. Сондай-ақ армияда қызмет ұсынған: В.Балташқызы қуана келіскенін айтады. 

Арлан Есболов кейінгі үш жыл қатарынан Тараз қаласындағы әскери бөлімінде әскери қызмет етті. Ол тек өзіне белгілі, өзгеге айтқысы келмейтін жағдайға байланысты әскерден кетті.

"Келісімшарт мерзімі бітпей, белгілі бір себепсіз әскерден кетуге болмайды. Таныстардың кеңесі бойынша "жұмысқа 2–3 сағат кешігіп келді" деп жалған түсініктеме жазып, босатылдым. Бұл ретте мысалы, "Мемлекеттік қызмет туралы" заңының 16-бабы бойынша менікіндей себеппен жұмыстан шыққан адамдар мемлекеттік қызметке қайта орала алады. Ал "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңы бойынша бұл мүмкін болмай шықты", – дейді ол.

Арлан әлеуметтік желіде өзі сияқты ағат қадамға барған, кейін өкініп, Қарулы күштер сапына қайта оралғысы келетін экс-әскерилердің бар екенін біліпті. Кейбірі оңай ақша табумен елігіп, әскери жолдан "тайған".

"Сол кісілердің көбісі әскери қызметке қайта оралғысы келеді, бірақ заң немесе бұйрықтар оған жол бермейді. Арасында қаншама жақсы кадр, білікті мамандар бар. Бірер сағат кешіккені үшін адамды әскери қызметке мүлде жолатпай, шектеу дұрыс емес те секілді. Осыған байланысты "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңына өзгерту енгізсе дейміз. Мен үшін Қазақстанның Қарулы күштерінің қатарында қызмет ету – нағыз абырой!", – дейді ол.

Әрине, әскерде тегеурінді тәртіп, қатаң жауапкершілік болғаны жөн. Кейде майданда 2–3 сағат кешігудің өзі шайқастың тағдырын шешіп кетуі мүмкін. Дегенмен, соңғы шешім Қорғаныс министрлігінде қалмақ.

Қалай болғанда, Қарулы күштеріміз жауынгер мен кадр жөнінен тапшылықтан ада секілді. Мәжіліс депутаты, QAZAQSTAN ARDAGERLERI қауымдастығының Төрағасы Бақытбек Смағұлдың айтуынша, 2021 жылы жасөспірімдерді әскери-патриоттық тәрбиемен қамту тағы 10%-ға ұлғаяды, сөйтіп, 236 мыңнан астам ұл мен қыз бала осы салаға тартылады. Бұлар – ұлттық армияның әлеуеті, базасы.

"Қазір екінің бірі әскерге алына бермейді. Нәтижесінде қару-жарақтан ату түгіл, өмірінде оны қолына ұстап көрмеген жастар пайда болды. Бұл әрине, елдің қорғаныс қабілетін нашарлатады. Ендеше елде әскери-патриоттық жұмыстарың кең етек жайғаны маңызды. Осы саладағы жұмыстармен алдағы 2022 жылы – 260 мың, 2023 жылы – 286 мың, 2024 жылы – 315 мың, 2025 жылы – 346 мың жасөспірімді қамту қарастырылып отыр", – деген ол 2018 жылы Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен "Жас сарбаз" балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысы құрылған еске салды.

Енді Президент-Жоғарғы Бас қолбасшы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен осы қозғалыс базасында Smart-sarbaz үйірмелерін құру жұмыстары қарқын алыпты. Онда балалар тек әскери өнерді меңгеріп қана қоймай, ғылыми-техникалық прогресті дамыту және жаңа технологиялар ойлап табу бойынша өз шешімдерін жасап, ілгеріле алмақ.

Айта кетер жайт, пандемия кезінде карантиндік іс-шараларды жүргізуге, патрулдеуге, блок-бекеттерді тұруға, шетелдік гуманитарлық жүктерді күзетіп, сүйемелдеуге, COVID-19 жайлаған шет елдерден отандастарды эвакуациялауға шамамен 13 мың әскери қызметкер тартылған. Биылғы 10 сәуірден бері Қарулы күштерде 50 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы вакцина алыпты.

Жалпы, қазақстандықтарға ел қауіпсіздігінің болашағы үшін алаңдамауына болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу