27 экс-прокурорға 60 миллион теңге төлеу ұсынылды

31022

Сержанттар неге өкпелі?

27 экс-прокурорға 60 миллион теңге төлеу ұсынылды Фото: Максим Морозов

Көшеде тәртіп сақталмаса елде жаппай "күштінің құқығы" күшіне енеді. Яғни, күші жеткені әлсіздің дүние-мүлкін тал-түсте тартып алып кетеді. Мұндайда әділдік жайына қалады. Бұл қиянаттан қазақ елі әсіресе, өткен ғасырдың басында ақтар мен қызылдардың қырқысы кезінде орасан зардап шекті. Демек, тәуелсіз Қазақстанда сондай нәубет қайталанбауы үшін қоғамдық тәртіптің қорғаны – құқық қорғау органдары мықты болуы шарт. Ал тәртіп сақшылары өз ісін адал әрі беріле атқаруы үшін мемлекет тарапынан қуатты қолдау көруі керек.

Жасыратыны жоқ, зейнетақымен лайықты қамсыздандырылмау проблемасы құқық қорғау органдарына да қатысты. Бұл мәселені шешуде прокуратура үлгі болатын түрі бар. Бас прокуратура "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы жобасының тұжырымдамасын жария етті. Ол прокурорлар мен полицейлерге зейнетақы төлемін тағайындау мәселесін шешуге тиіс.

Осы істегі үлкен былық 1998 жылы зейнетақы жүйесін реформалау кезінде туындады. 1997 жылғы 20 маусымда "Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" жаңа заңы күшіне енді. Ұзақ жыл елге еңбегі сіңген мұғалімдер мен дәрігерлерге қарапайым еден жуушыдан да төмен зейнетақы тағайындалғаны ақпарат құралдарында талай жазылды. Ол түйткілдің түйіні сол бойы тарқатылмады. Сол "жаңғыру" құқық қорғау органдары қызметкерлеріне де соққы болыпты.

"Зейнетақы заңнамасын өзгерту және ынтымақты жүйені енгізу барысында прокуратура органдарының қызметкерлері 1998 жылдан бастап еңбек сіңірген жылдары үшін (яғни, за выслугу лет) зейнетақы төлемдерін тағайындау құқығынан айырылып қалды. 2013 жылғы жаңа заңда бұл құқық қайтарылды. Алайда аталған құқық 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлікке шыққан прокуратура қызметкерлеріне ғана ұсынылды. Салдарынан 1998–2012 жылдар аралығында жұмыстан босатылған, бірақ сол кезде еңбек сіңірген жылдары үшін зейнеткерлікке шығу жасына келген тұлғалар осы құқықтан қол үзді. Осылайша, бұл тұлғалар прокуратураның өзге зейнеткерлеріне қарағанда, тең емес жағдайға душар болды", – деп дәйектелген құжатта.

Ресми мәліметке сәйкес, 1998–2012 жылдар, яғни 14 жыл ішінде еңбек сіңірген жылдары үшін зейнеткерлікке шығуға тиіс болған, бірақ онсыз жұмыстан босатылған прокурорлардан бүгінде 27-сі ғана қалыпты. Бас прокуратура оларға сол зейнетақы төлемін тағайындаса, бюджетке үлкен салмақ түспейді деген сенімде.

"Әділеттілікті қалпына келтіру және зейнетақы көлеміндегі айырмашылықты жою үшін еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алу құқығын 1998 жылдың 1 қаңтарынан 2012 жылдың 1 қаңтарына дейінгі аралықта жұмыстан босатылған прокуратура қызметкерлеріне де беруді ұсынамыз. Алдын ала есептеулерге сәйкес, прокуратураның мұндай бұрынғы қызметкерлерінің саны 27 адам. Оларды бюджеттен зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз ету үшін жылына шамамен 60 миллион теңге қажет болады. Бұл ретте осы 27 адамның 18-інің жасы жетіп, зейнеткерлікке шыққан. Ендеше оларды еңбек сіңірген жылдары үшін төлемдеріне ауыстырудан бюджетке түсетін жүктеме елеусіз болады", – деп мәлім етті Бас прокуратура.

Дегенмен, шығынды талап ететін ұсыныс осымен бітпейді.

Жаңа заң жобасының тұжырымдамасында бұл құқықты ІІМ-ге де тарату ұсынылады: атап айтқанда, 2003 жылғы қаңтардан 2006 жылғы қаңтарға дейінгі кезеңде ішкі істер органдарынан қатардағы және кіші басшылық құрам лауазымдарынан босатылған адамдардың осындай зейнетақы алу құқығы қалпына келуі қажет көрінеді.  

"Зейнетақы заңнамасындағы өзгерістер нәтижесінде дәл осы санаттағы азаматтар 2016 жылдың 1 қаңтарына дейінгі "аралас өтілі" (яғни 25 жыл – жалпы жұмыс өтілі, соның ішінде 12 жыл 6 ай бойы үздіксіз еңбек сіңірген жылдары) бойынша еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алу құқығынан айырылып қалды. Бұл азаматтарға қосымша бюджет қаражатының жыл сайынғы қажеттілігі 264 миллион теңгені құрайды", – деп жазылған тұжырымдамада.

Егер заң жобасын Парламент қабылдаса, полицейлер де аралас өтілі бойынша 25 жылдан кейін зейнетке шыға алады. Әзірге зейнетке шыққан тәртіп сақшыларының өзі "қол – қысқа, ой – ұзын" күйде. Өйткені зейнетақыға қатысты шешімін таппаған өзге де уайым жеткілікті.

"Ішкі істер органдары жүйесіндегі реформа нәтижесінде Шымкенттің полиция департаменті мені 2019 жылғы наурызда зейнеткерлікке 47 000 теңге зейнетақымен жіберді. Ал шілдеден кейін шыққандар 75 000 теңге алады. Бұдан бұрын шыққандар тіпті 100 000 теңгеден астам зейнетақы алып жүр. Бәріміз де – сержантпыз. Бұл теңсіздік әлеуметтік араздықты қоздырады. Неге зейнетақы бұлай ала-құла? Нарықтағы тауарлар бағасы бәрімізге бірдей ауыртпалық түсіреді. Сол себепті Үкіметтен шені бір құқық қорғау қызметкерлерінің зейнетақыларын теңестіруді сұраймыз", – дейді полиция аға сержанты болған зейнеткер Құрасбек Юсупов. Оның жалпы еңбек өтілі 25 жылды құрайды.

Өз блогы арқылы түсініктеме берген ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бұл азаматтарға еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемін қайта есептеуге нормативтік құқықтық негіз жоқтығын айтты.

Министрдің мәліметінше, "Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңының 65-бабының 3-тармағына сәйкес, әскери қызметшілерді және ішкі істер органдары қызметкерлерiн зейнетақымен қамсыздандыру үшін есепке алынатын ақшалай ұстаудың мөлшері қызметтен босатылған күніне қарай айқындалады. Зейнетақы көлемі зейнетке шыққан күндегі айлықақысының шамамен 50%-ы мөлшерінде белгіленеді екен.

Министр ІІМ жүйесі қызметкерлерінің зейнетақысы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 7%-ға, 2020 жылғы 1 сәуірден бастап 5%-ға көтерілгенін жеткізді. Еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемі қайта оралса, зейнетақысы тағы артуы мүмкін.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу