ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев ЕАЭО елдерінен Қазақстанға әкелінген автокөліктерді уақытша тіркеу және тұрақты есепке қоюдың жолдарын айтты.
"Мемлекет басшысы ЕАЭО елдерінен Қазақстанға әкелінген автокөліктерді 2021 жылдың 1 науырызына дейін кедендік баж бен тіркеу салығын төлеуді кейінге қалдыру арқылы тіркеу керектігі туралы Үкіметке тапсырма берген еді. Бұл бір реттік науқан. Науқанға тек ЕАЭО аумағында жеке қолдану мақсатында алынған авоткөліктер қатыса алады. Мысалы, Қазақстан азаматының атында әкелінген көліктің техникалық паспорты болса, алым-салықтарын төлеп, 2021 жылдың 1 наурызына дейін тіркей алады. Егер Ресей көлігінің сатып алу-сату келісімшарты болса, Ресейге барып, тіркеуден шығарып әкелуге болады", – деді ол.
Марат Қожаев ЕАЭО елдерінен келген көліктері тіркеу кезінде оларға сары түсті нөмір берілетінін айтты. Көліктің аймағы белгіленетін жерде 18 саны жазылған.
"Бұндай автокөліктерді тіркеу үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келіп мына құжаттарды ұсыну керек: жеке басын куәландыратын құжаты, көліктің нөмірі немесе транзиттік белгісі, көлік құралының куәлігі, автокөлік иесін растайтын құжат және алғашқы тіркеуге, нөмір алуға және техникалық паспорт үшін төлем жасағанын дәлелдейтін түбіртектер. Тіркеу шарттары қарапайым. Кедендік баж, тіркеу алымын төлеу мерзімін созып, бір жыл ішінде төлеуге болады. Бұл көліктерге арнайы мемлекеттік номерлік серия беріледі, ал техникалық паспортында көліктің тіркелуі жайлы арнайы белгі қойылады", – деп үлгі ретінде жасалған сары түсті нөмірлік белгі мен техникалық паспортты көрсетті.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Еуразиялық одақ елдерінен келген көліктерді тіркеудің қажеттілігіне ерекше тоқталып өтті.
"Бұл көліктерді ҚР ІІМ деректер базасына енгізу, елімізде тұрақты түрде жүретін көліктер санын білу үшін керек. Ол сандарды атқарушы билік органдары мысалы, елімізге қажетті жанар-жағар май мөлшері мен көліктерден атмосфераға шығатын экологиялық шығарылуды есептегенде білуі керек. Сондай-ақ, жолдар мен автотұрақтар салуды жоспарлау кезінде де жолдарға түсетін шынайы жүктемені анықтау үшін қажет. Автокөліктерді тіркеу, осындай көлік иелерінің жол ережелерін бұзуынан сақтайды. Әрі тіркелген көліктер жыл сайын міндетті техникалық байқаудан өтеді. Бұл көліктің техникалық жағдайының қауіпсіздік талаптарына сай болуын бақылап отыруға мүмкіндік береді", – деді ол.
Марат Қожаевтің айтуынша, рөлі оң жағындағы көліктер тіркелмейді.
"Бізге келіп жатқан көліктердің көбі жол-көлік оқиғасынан кейін, апаттық жағдайдан қайта қалпына келтірілген. Көптеген көліктің оң жағындағы рөлі сол жағына ресми емес түрде ауыстырылған. 2008 жылдан бері рөлі оң жақтағы көліктер техникалық регламентке сай емес. Ондай көліктерді пайдалануға болмайды. Техникалық регламентке сай емес көлікпен жүру, жолаушылар мен айналасындағы жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіпті", – деді ІІМ өкілі.
Нұржан Көшкін