Оңтүстік Кореядан автокөлік алдыру қаншалықты тиімді?

9479

Оңтүстік Кореядан автокөлікті барып алып келген тиімді ме, әлде компанияларға жүгінген дұрыс па? Ондағы көлік жөнелтумен шұғылданатындар неге жеке-жеке жұмыс істемейді?  

Оңтүстік Кореядан автокөлік алдыру қаншалықты тиімді?

Inbusiness.kz тілшісі осы секілді сұрақтарға жауап іздеп, мамандармен бірге Оңтүстік Кореядан автокөлік алдыру калькуляциясын есептеп шығарды.

Өз көзіңмен көру немесе онлайн-тапсырыс

"Оңтүстік Кореяның заңына сәйкес, жеке тұлға экспортқа көлік шығара алмайды. Мейлі, сол елдің өз азаматы болса да, қандай да бір компанияның қызметін пайдалануға тиіс", – деді Нұрлан Әлім есімді азамат. Ол – Asia.trade.Kazakhstan деп аталатын компанияның өкілі. Компанияның Астана, Алматы және Шымкент қалаларында филиалдары бар.

Оның айтқанын тағы бір компания – Buy Cars-тың өкілі Мұхтар Амангелді де қуаттайды.

"Адамдардың өзі Кореяға келіп тапсырыс бере алады, бірақ кәріс тілін білмеуі кедергі болуы мүмкін. Одан бөлек бұл жақта ақша аударымдары тек компания арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан бәрібір компанияларға шығуы керек болады", – деді Мұхтар.

Біздің түсінгеніміз Оңтүстік Кореяға барған адам көлікті өз көзімен көріп таңдайды, ал оны шығарар кезде компаниялардың қызметіне арқа сүйейді. Ол жаққа үш-жеті күн аралығында барып келуге болады. Қазір екі ел арасында қатынас уақытша жабық екен. Ашылған кезде барып келемін деушілер болса, ұшақ билеті мен жатар орынға 500 мың теңгедей қаражат керек.

"Кореяға келіп бізбен жұмыс істейтін клиенттер болды. Бірақ көпшілік қауым елден онлайн тапсырыс береді. Олар инстаграмнан көлікті таңдайды, біз дәл сол мәшинені барып тексереміз, соғылған-соғылмағанына, боялған-боялмағанына көз жеткіземіз де, видеосын клиентке жібереміз. Тікелей бейнебайланыс арқылы да көрсетеміз", – деп, онлайн-тапсырыс беру жүйесін түсіндірді Мұхтар.

Нұрланның айтуынша, онлайн таңдау жасалған соң клиенттен кепіл ақша – 500$ (шамамен, 215 мың теңге) алынады. Олар сол көлікті сатып алуға келісіп қояды.

Сосын "инвойс" толтырылады.

"Яғни Қазақстаннан тапсырыс берушінің мекенжайы, байланыс телефоны және жеке бас құжатындағы аты-жөні жазылады, оған көліктің маркасы, қозғалтқышы туралы мәліметтерді біз тізімдейміз, біздің банк шотымыз да қоса беріледі. Ақшаны клиент доллармен аударуы керек. Аударылған қаражат бір-үш күн арасында келіп түседі", – деп түсіндіреді Нұрлан.

Олар осы ақшамен мәшинені толық сатып алып, контейнермен Қазақстанға қоя береді.

Түсінікті болуы үшін – мысал

Мына суреттегі "темір тұлпар" – Kia K7 Premier (Ресейде құрастырылғандары Cadenza деп айтылады). Зауыттан 2020 жылы шыққан.

Бүгінге дейін 40 мың шақырым жүрген. Нұрланның сөзінше, мұнда "3 л бензин, 8 сатылы беріліс қорабы, 266 аттың күші бар".

– Оңтүстік Кореяда бастапқы баға 23 000$ (шамамен, 9,9 млн теңге).

– Оған авто дилер (көлік сататын делдал) 300$ (шамамен, 129 мың теңге) қосады.

– Қазақстанға дейін бір көлікті вагонмен жеткізу қызметіне 2 500$ (шамамен, 1,1 млн) беріледі. Бір вагонға төрт мәшине сыяды. Төртеуінің, яғни бір вагонның ақшасын есепесек – 10 мың $ (шамамен, 4,3 млн) болады екен;

– Компания өкілі (біздің сұхбаттасушыларымыз) қызмет көрсеткені үшін 700$ (шамамен, 300 мың) алады;

Осы жерде бір ойымызды жинақтап алсақ, Алматыға дейін 26 500$ (шамамен, 11,4 млн теңге) болады. Алдын ала төлеген кепіл ақша сомадан шегеріледі.

Бұл ақшаның сыртында утилизация алымы мен мемлекеттік нөмір алуға жұмсалатын қаражат бар. Оған 3,3 млн теңгедей керек.

"Кореяда көліктің бағасын 300~800$ арасында түсіртіп алуға болады", – дегенді де айтады Нұрлан.

"Мәшинеге қазақстандық номер алып беру біздің міндетке жатпайды. Көлікті Алматыға иесіне жеткізген жерден тоқтаймыз. Бірақ тіркеумен шұғылданатын брокерлердің байланыс номерлерін бере аламыз", – деді ол.

Сонымен жоғарыдағының бәрін қосқанда, Kia K7 Premier 14,7 млн теңгеге алдыңызға келіп тұр – БИП-БИ-БИП!

Қанша уақыт күтесіз?

Мәшине іздеп, онымен келісуге 10 күнге таяу уақыт кетеді. Сосын жолға салып жібереді. Жолда бұрын бір ай жүрсе, қазір екі айға дейін созылуы мүмкін. Өйткені...

"Көліктер Қытай елі арқылы өтеді. Ал Қытай мен Қазақстан арасында коронавирус пен өзге де факторларға байланысты кейбір бекеттер жабылған. Мұндай қиыншылық жағдайында Қытай мемлекеті Қазақстанға бірінші кезекте Кореяның жүгін өткізуді ойламайды. Өзінің жүгін Қазақстан арқылы Еуропаға шығарып алуға тырысады. Сондықтан біз жіберген контейнерлер екінші кезекке қалып, уақыт созылып кетуі мүмкін", – дейді Нұрлан.

Бірақ компаниялар қазір Қытайдан басқа мемлекеттер арқылы жөнелту жолын да қарастырып жатқанға ұқсайды.

"Грузия немесе Дубай арқылы жөнелтуге болады. Жол көп негізі", – дейді Мұхтар.

Сонымен көлігіңіз, қазіргі ахуалғабайланысты, екі ай өткенде келіп тұр, әне – БИП-БИ-БИП!

Қазір қай жылғы көліктер тасымалданып жатыр?

 "Қазақстанға, заң бойынша, жеті жылдық автокөліктер кіргізуге болады. Бірақ бізге үш жылдықтар тиімді. Себебі бастапқы тіркеу деген бар. Үш жылдан асқан көліктерге 1,4-1,6 млн теңгеге дейін ақша жұмсау керек болады. Арнайы техникаларға одан да жоғары болуы мүмкін. Міне, осыны төлемеу үшін, бертінгілерге тапсырыс жақсы түседі", – деді Мұхтар.

"Негізі 2019, 2020, 2021 жылғы көліктер кіргіземіз. Бірақ қазір жылдың аяғы таяп қалғандықтан, көліктердің жетуіне бір жарым-екі айдай уақыт кетіп жатқандықтан 2020 жылдан бастап шыққан мәшинелерге тапсырыс алып жатырмыз", – деді Нұрлан.

Оның айтуынша, Кореяда 2020 жылы шықса да, "модель 2022 жылғы" деп есептелетін көліктер бар. Олар "Kia K 8" мәшинесі және "IONOQ 5", "Kia EV6" деген электромобильдер. Алдағы уақытта Hyundai да 2022 жылға арналған көліктер шығармақ. Олар жаңа жылдан кейін кіргізіле бастайды.

Корея мен Жапония "басқаша" көліктер шығара бастады

"Бұл елдер қазір электромобильге көшіп жатыр. Осы жылдың аяғында сондай мәшинелер шығаруға ден қояды. Себебі өздерінде мұнай жоқ, яғни шикізатты шетелден сатып алады, бұл – бір. Сосын аумағы шағын, қалалары бір-біріне жақын ел болған соң тиімді болмақ, өйткені батарея қуаттайтын бекеттері жиі-жиі орналасады. Үшіншіден, ауаны ластамайды", – деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстанға электромобиль көліктер кіргізсе, "растаможка" құны да 30 пайыз арзандайды. Жоғарыда аталған 3,3 мон теңгеміз 800 мың теңге мен 1 млн теңге арасында түседі.

"Мәшинелерді екі әдіспен қуаттауға болады. Бірінші – арнайы бекетте 30-40 минут уақыт, екінші – үйде (220 вольт) 10-12 сағат арлықта. Жаңа көліктер толық қуатталғанда кем дегенде 400 шақырым жүреді. Бұрынғы ескі көліктері 200 шақырым жүретін еді", – дейді Нұрлан Әлім.

Әлемде енді бензинмен жүретін көліктерді шығаруға тыйым салу күшейе беретіні шындық. Ғалымдар дабыл қағып жатыр.

– Қазір экология жағдайы күрделеніп, ең шегіне жетті. Отбасы, ошақ қасында отырған адамдар мұны байқамауы мүмкін. Көмір, мұнай, газ өнімдері секілді жанатын энергия кесірінен атмосфера ластанып, жаһанның жылынуына әкеліп соғып жатыр. Қалалар көліктердің түтініне тұншығып жатыр. Мұздықтар еріп барады… Бұл құбылыс табиғатты қиын жағдайға ұшыратады. Сондықтан дүние жүзіндегі дамыған елдер нақты қадамдарға барып жатыр. Жапония бензинмен жүретін автомобильдер шығаруды тоқтатпақшы. Англия 2030 жылдары толығымен электромобильдерге көшеді, – дейді https://didar-gazeti.kz/adam-energiyyasynan-qwat-alatyn-batareya/?utm_source=facebook.com&utm_medium=social&utm_campaign=adam-energiyasynan-uat-alatyn-batareya-zh&utm_content=50224948 химик-инженер Гүлнұр Калимулдина.

Иә, ел күткен "Camry 70" қанша млн теңге?

Оны да айтайық. Өйткені осы көлікке сұраныс көп.

"Ақ түстісін көп сұрайды. Көреядағылары Жапонияның өзінде құрастырылған. Қозғалтқыш көлемі – 2,5. Қазақстанға дейін, шамамен, 11,2 млн-ға барады. Оған тіркеу, утилзация алымдары қосылады – шамамен, 3,3 млн", – деді Мұхтар.

Құрастырудағы айырмашылық немесе сапа

"Қазақстанда құрастырылған көліктер мен Оңтүстік Кореяда құрастырылған көліктердің айырмасы көп. Қазақстандағысында бір-екі функция болмайды, маторы Қытайда жиналады, материалы Ресейде өндірілген өнімнен жасалады. Ал Корея өз халқы үшін сапалы қылып істеуге тырысады", – дейді Мұхтар Амангелді.

"Корея көлік бояуының сапасы дүниежүзінде үштікке кіріп тұр. Автомобиль шанағы қалыңырақ болады. Жүріс бөлігі (ходовка) – оригинал. Оның сапасын осы жақтан мәшине алып көрген адамдардан сұрау керек", – дейді Нұрлан Әлім.

Отандық көлік қай жағынан ұтымды?

Осы орайда Қазақстанда құрастырылған мәшинені сатып алған адамның пікірін сұрағанбыз. Ол сужаңа Chevrolet Cobalt сатып алған.

"Шынын айтсам, бізден шығып жатқандарға көңілім толмайды. Негізінен Өбекстан мен Ресейде құрастырылғандар ғой. Көп нәрсесін жеткізбей береді. Автосалонның өзінде біраз дүниесін тонап алып қалып, қосымша бағамен сатады. Толық комплектациясына, есептесек, өздерінің тарапынан 200 мың теңге шығын кетеді. Бірақ олар 500 мыңға дейін үстемелеп сатады. Сатып алғаннан кейін қызмет көрсету, "сервисный обслуживание" дейміз ғой, дұрыс жолға қойылмаған. Зауыттан шыққан ұсақ-түйегін көрсету үшін апталап, айлап кезек күтіп қаласың. Мысалы, жауынды күні көліктің алдыңғы бір шамы суланып, көрсетуге апардым. Сонда "мынауың аз ғана суланып тұр екен, құрғақ күндері кеуіп кетеді" деді. Ал ойлап қарасаңыз, шамның ішіне ауа кірген соң іші қарайып кетпей ме. Олар "бұл біздің гарантияға жатпайды, зауыттың кемшілігі" дейді. Зауыттың кемшілігін жөндемесе, маған берілген гарантия неге жарайды сонда? Түсініксіз...

Жалпы елде жаңа көлік бағасы өз бағасынан өте жоғары. Бірақ несиеге берілетіндіктен ұтып тұр. Ал Кореядан тікелей алдырып, құжатын аударып алуға қолда қомақты қаражат болуы керек. Амалсыз несиені таңдаймыз", – деді Өскемен қаласының тұрғыны Азамат Темірбеков.

Бағаны көтеріп тұрған – "утильсбор"

Шетелден әкелінетін көлікке салынатын утилизация алымына наразылар көп. Сатушылар бағаны жоғарылатып тұрған сол деп есептейді.

Елде "НетУтильсбору" деген қозғалыс та құрылған.

Ал сарапшылар бұл салықты "елді тонау әдісі" деп бағалайды.

Автокөлік қауымдастығының өкілдері де қарсы болып отыр. "Елде құрастырылатын көліктер "отандық" деуге келмейді, зауыттағы локализация деңгейі орташа есеппен 37 пайыз ғана" дегенді айтқан.

Еnergyprom.kz сайтының мәліметіне сәйкес, елде шығарылған жаңа көліктердің сатылуы көбейгенімен де, Қазақстан – "автохлам" айдаушы ел болып қала береді. Өйткені көпшілік ескі де болса "иномарканы" таңдайды. Шығарылғанына 10 жылдан асып кеткен автомобильдер елдегі барлық автопарктің 63,7%-ын алып тұр. Саны – 2,4 млн. Ал шығарылғанына 3-10 жыл болған автомобильдер парктің 21,5%-ына тең (827,3 мың).

Тасқын Болатұлы

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу