Автокөліктерге электронды төлқұжат қашан беріледі?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
28400

Бұл мәселенің шешілмей келе жатқанына бірнеше жыл болды.

Автокөліктерге электронды төлқұжат қашан беріледі?

Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің көлік құралдарына 2019 жылдың бірінші шілдесінде берілуге тиіс болған электронды төлқұжат тағы да берілмей қалды. Аталмыш құжатты рәсімдеу шарасы қараша айына шегерілді.

2014 жылы бастама ретінде көтерілген жоба 2017 жылдың 1 шілдесінде жүзеге асырылуы керек еді. Алайда ЕАЭО құрамындағы кейбір елдердің жаңашылдыққа дайын болмауының салдарынан 2018 жылға ауыстырылды. Жолы болмаған жоба жылжып отырып 2019 жылдың жазына жетті. Кейін күзіне сырғыды.

Айта кетейік, электронды төлқұжат Қазақстан, Ресей, Белорусь, Қырғызстан және Армения мемлекеттерінің көлік құралдарына ортақ талап енгізуді көздейді.

Қазақстан үкіметі электронды төлқұжатқа қатысты қаулыны 2019 жылдың 3- шілдесінде бекітті. Алдағы уақытта әрбір қазақстандық автокөлігіне электронды төлқұжат алуға міндеттеледі.

Электронды төлқұжат деген не?

Бұл – автокөліктің "туу туралы куәлігі". Мұнда "темір тұлпардың"  зауыттан шыққаны, бұзылғаны, жол-көлік оқиғасына қатысы бар не жоқ екені тіркеліп отырады. Сонымен қатар төлқұжатқа ЕАЭО аумағына енген жылы, салмағы, қозғалтқышының көлемі, техникалық байқаудан өткені туралы мәлімет тізіледі. Автокөліктің техникалық сипаттамасы жинақталған электронды төлұжаттағы барлық ақпарат ЕАЭО-ның  бірыңғай базасында сақталады. Ал автокөліктің туу туралы куәлігіндегі мәліметтердің шынайылығы уәкілетті органдардың деректер базасы арқылы расталады.

Техникалық төлқұжатпен шатастырмау керек

Көлік құралының электронды төлқұжаты мен көлік құралын мемлекеттік тіркеу куәлігі бір құжат емес. Сондықтан екеуін бір-бірімен шатастырмау керек.

Көлік құралын мемлекеттік тіркеу куәлігі автокөлікке жол қозғалысына қатысу құқығын береді. Заңға сәйкес көлік құралының мемлекеттік тіркеу куәлігі жоқ азаматтарға автокөлік басқаруға тыйым салынған.

Электронды төлқұжат автокөліктің техникалық сипаттамасын көрсететін құжат болғандықтан, көлік құралын тіркеу туралы куәлікті алмастырмайды. Себебі ол көлік құралының ілеспе құжаты ғана болып табылады.

Электронды төлқұжаттың құны қанша?

Бұдан бұрын электронды төлқұжат рәсімдеу үшін 4 500 теңге, ал төлқұжатқа енгізілген әр өзгеріске 3 300 теңге төлеу қажет деген сөз шыққан болатын. Соңғы рет үкімет бекіткен ережеде бұл туралы: "Электронды төлқұжат рәсімдеудің тарифін ұлттық оператор белгілеп бекітеді", – деп жазылды.

Электронды төлқұжат не үшін қажет?

Еуразиялық экономикалық комиссияның техникалық реттеу және аккредиттеу департаментінің директоры Арман Шаққалиевтің түсіндіруінше, электронды төлқұжат одаққа мүше елдердің құжат айналымын жеделдетіп, бизнестегі операциялық жұмыстарды оңтайландырады. Барлық ақпарат серверлерде электронды түрде  сақталатындықтан жол полициясының автокөлікті тексеру кезіндегі жұмысын жеңілдетеді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу