Ереванда саяси дағдарыс: Пашинянда халыққа сенім ғана қалды

4131

Армения президенті Армен Саркисян премьер-министрдің Бас штаб басшысын қызметтен босату туралы бұйрығына қол қоймады. Үкімет жетекшісі оған құжатты қайта жіберді.  

Ереванда саяси дағдарыс: Пашинянда халыққа сенім ғана қалды

Бұл қадам бірнеше мыңдаған оппозициялық демонстрант Премьер-Министр Никол Пашинянның отставкаға кетуін талап етіп, Армения астанасы Ереван көшелеріне үшінші күн қатарынан шыққаннан кейін жасалып отыр.

Шерушілер үкімет басшысы өткен жылғы соғыс соңындағы шешімі үшін орнынан кетуі керек деген пікірде. Және де сол жеңілісті көпшілік ұлтты қорлау деп санайды.

Қараша айында шайқас аяқталғаннан бері бірде жалғасып, бірде саябырсыған наразылық акциялары бейсенбіде Пашинян әскер басшыларын отставкаға кетуге шақырып, армияны төңкеріс жасады деп айыптағаннан кейін қайта басталды.

Пашинян, сонымен бірге, Бас штабтың жетекшісі Оник Гаспарянды жұмыстан шығаруды бұйырды. Бірақ, биліктегі рөлі көбінесе салтанатты шаралармен шектелетін Президент Саркисян бұл қадамды қолдамайтынын мәлімдеп отыр.

"Республика Президенті өзінің конституциялық өкілеттіктері аясында Жарлық жобасын қарсылықпен кері қайтарды. Саяси дағдарысты персоналды жиі өзгертумен шешуге болмайды", – деп жазылған мемлекет басшысының кеңсесі таратқане хабарламада.

Осылайша, Оңтүстік Кавказдың шағын ғана мемлекетінде билік үлкен тығырыққа тіреліп отыр.

Президенттің мәлімдемесінен кейін көп ұзамай Пашинян Facebook парақшасында Саркисянның шешімі "дағдарысты мүлдем еңсермейді" деп, оған тағы бір мәрте бұйрық жіберетінін жазды. Armenpress хабарлағандай, премьер бұл құжатты мемлекет басшысына қол қоюға қайта жіберген.

Сан мың шеруші

Сенбі күні сан мың оппозициялық демонстрант Премьер-министрдің отставкасын талап етіп, Ереванның орталығында шеруге шықты. Көптеген тұрғындар оларға үйлерінің терезелері мен балкондарынан қолдау көрсетті.

Содан кейін наразы жұрт парламент ғимаратының жанына жиналып, кейбір демонстранттар ол жерге шатыр тікті, деп хабарлайды AFP тілшісі.

"Ассоушиэйтид пресс" агенттігінің мәліметінше, митингке 15 мыңдай адам қатысып, олар депутаттарды үкіметке қарсы шара қолдануға шақырды.

"Пашинян кетуі керек, өйткені оның ұстанымы өте әлсіз", – дейді 28 жастағы IT маманы Вера Симонян AFP-ге берген сұқбатында.

Пашинянның орнына оппозиция тағайындаған бұрынғы премьер-министр Вазген Манукян жиналғандарға "екі-үш күнде саяси дағдарыстың шешілуін" күтетінін атап өтті.

"Бүгінде Пашинянға қолдау жоқ. Мен қауіпсіздік қызметі мен полицияны әскер тарапына шығып, армияны жақтауға шақырамын", – дейді экс-премьер.

Армениялық саясаттанушы Степан Григорянның пікірінше, Пашинянның артында халық тұр. Сондықтан, оны биліктен аластату қиын.

"Генералитеттің өзі немесе оның бір бөлігі көтерілгенде – әңгіме басқа. Бұл –әскери төңкеріске жақындататын жағдай. Оның нәтижесінде Пашинян орнынан кетуі мүмкін. Бірақ, практика жүзінде премьердің биліктен аластатылуы екіталай. Иә, онда саяси элитаның, ғалымдардың, әскерилердің қолдауы жоқ. Есесіне халықтан қолдау бар. Мерзімінен бұрын сайлау өтсе, Пашинянның партиясы тағы да жеңіске жетер еді", – дейді Григорян.

"Қорлаушы келісім"

Пашинян Мәскеудің делдалдығымен Әзербайжанның қарамағына қайта өткен Таулы Қарабақ туралы бейбіт келісімге қол қойғаны үшін қатты сынға ұшырап отыр. Бұл территорияларды армяндар 1990-шы жылдардың басындағы соғыс кезінде жаулап алғаны белгілі.

Қыркүйек айының соңында даулы аумақта жаңа шайқастар басталып, одақтас Түркияның қолдауымен Баку күштері алға жылжып, жеңіске тұрақты түрде беттеді.

6000-ға жуық адамның өмірін қиған алты апталық қақтығыстар мен бомбалау операцияларынан кейін атысты тоқтату туралы келісімге қол қойылды. Ол Әзірбайжанға едәуір аумақты қайтарып, ресейлік бітімгерлерді Таулы Қарабаққа орналастыруға жол ашты.

Бұл келісімді посткеңестік Арменияда көптеген адамдар ұлтты қорлайтын пәтуа ретінде қабылдады. Бірақ, Пашинян атысты тоқтатуға келіспегенде, өз елінің күштері бұдан да көп шығынға ұшырайтынын ескергендіктен, қарсыласымен бітімге барғанын мәлімдеп отыр.

Демонстранттардың сөзінше, үкімет басшысы осы шешімі үшін жауап беруі керек.

Бірнеше ай бойы Пашинян армян әскерінің қолдауымен саяси дағдарысқа төтеп берген еді. Алайда, сол армия да қазір оның биліктен кетуін талап ете бастады. Қарулы Күштер Бас штабының мәлімдемесінде премьер-министр мен оның кабинеті "тиісті шешімдер қабылдауға қабілетті емес" деп жазылған.

Бұл саяси дағдарыс, әсіресе, Кавказдың түскейінде ықпалдарын күшейтуге бәсекелескен Ресей мен Түркияның жіті бақылауында. Сонымен қатар, Оңтүстік Кавказ – Еуропа мен Азия ортасындағы көпір ретінде және Әзербайжан мұнайын Батыс нарығына жеткізетін құбырларымен үлкен стратегиялық маңызға ие болып отыр. 

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу