"ЕуроХим-Қаратау" экспортқа басымдық бере бастады

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
3827

Кәсіпорын болашақта 1,8 млн тонна минералды тыңайтқыш өндіруді жоспарлап отыр.

"ЕуроХим-Қаратау" экспортқа басымдық бере бастады

Жамбыл облысында агрохимия саласы бойынша әлемге танымал  "ChemGroupAG" компаниясының еншілесі – "ЕуроХим-Қаратау" кәсіпорны жұмыс істейді.

2010 жылдан бастап Қаратау тау-кен орнында жұмыс істеуге ниет білдірген ресейлік "Еурохим" минералды-тыңайтқыштар" компаниясы" ААҚ мен Қазақстан үкіметі арасында 2012 жылы уағдаластық жасалып, қол қойылған болатын. Минералды тыңайтқыштарды шығаратын зауыт құрылысы мен Қаратау фосфориттік бассейніндегі Көк-Жон мен Гиммельфарб кен орындарын игеру жөніндегі бұл келісімнің алдын-ала болжамы бойынша, жобаға 356,5 млрд  теңге қажет еді.

Келісім нақтыланған соң ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен "Еурохим" компаниясы арасында Кешенді минералдық тыңайтқыштар шығаратын зауыттың құрылысын бастау үшін қажетті құжаттарды жасау бойынша іс жоспарға қол қойылды. Сөйтіп Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласы аумағында алып зауыт құрылысы басталды да кетті.  

Жобаны жүзеге асыру ІІІ кезеңнен тұрады. Оның бірінші кезеңі өндіріс орнына қарай инфрақұрылым жүйелерін тарту мен тау-кен орнын барлау  жұмыстары кірсе, екінші кезеңі зауыт жұмысын өз қуатында іске қосу. Бүгінде жобаның өнім өндіру мен оның көлемін арттыру сынды екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Компания жобаның үшінші кезеңінде Қаратау қаласындағы "Сарытас" химия зауытын қайта жарақтандыруды көздеп отыр. Оның құрылысы 2019-2023 жылдары қолға алынады.

Алып зауытта азоттық тыңайтқыштар (аммиак, карбамид, аммиакты селитра, карбамитті-азоттық қосындылар, кальцилендірілген селитра), фосфорлық тыңайтқыштар (миноаммоний фосфат, диаммоний фосфат), кешенді тыңайтқыштар (азотты-фосфорлы-калийлі), жемдік фосфаттар, апатитті, темір кенді және бадделитті қоспалар өндіріледі.

Ресейлік компанияның өңірдегі тау-кен өндіру саласына қосып жатқан үлесі айтарлықтай. Кәсіпорын жылына 1,4 млн тонна минералды тыңайтқыш өндіруді көздейді. Шикізатты "Аралтөбе", "Кесіктөбе" және  "Гиммельфарб" сынды кеніштерден алу жоспарланса, бүгінде "Аралтөбеден" шыққан шикізаттың өзі өндіріске молынан жетіп жатыр.

Айта кету керек, кеңес үкіметі кезінде жасалған барлау жұмыстарының нәтижесінде Қаратаудағы фосфор қоры айтарлықтай мол екені анықталып, ол әлемдегі жетекші орындардың қатарына қосылған екен. Мұндай мәлімет Қазақстанмен қатар Ресейдің де ғалымдары мен сала мамандарына кеңінен мәлім. Ресейлік компанияның нақты осы кен орнында жұмыс істеуге аса құлшыныс танытуының бір себебі осы.

Әлбетте, компанияның мұндай мол қормен жұмыс істеуі өздеріне тиімді болса, мұндай үлкен инвестормен жұмыс істеу облыс өнеркәсібі саласы мен жергілікті тұрғындар үшін тиімді болмақ.

Мысал үшін айта кетейік, "ЕуроХим-Тыңайтқыш" ЖШС 2015 жылы жергілікті бюджетке 977 086,6 мың теңге және 2016 жылдың бірінші тоқсанының өзінде 60 871, 9 мың теңге салық пен өзге де төлемдер төлеп, облыс қазынасын біршама толықтырды.

Ал осы жылдың наурыз айында кәсіпорын миллионыншы тонна шикізатты қазып алып, оны өңдеуге кірісті. Төрт жылдың бедерінде мұндай мол өнім өндіруге алып кәсіпорынның ғана әлеуеті жетсе керек. Өндірілген өнім Бельгия, Беларусь, Болгария, Ресей сынды шет мемлекеттерге жөнелтілді.

Айта кетейік, минералды тыңайтқыштар өнеркәсібінің дамуы елдегі агроөнеркәсіп саласы қызметкерлерінің шет елден тасымалданатын тыңайтқыштарға деген мұқтаждығын жоймақ. Сөйтіп, егін еккен диқандар өзіміздің отандық сапалы әрі бағасы арзан өнімге қол жеткізбек.  

Бүгінгі таңда 500-ге жуық азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын жобасының барлық кезеңі жүзеге асырылғанда мұнда 2 мыңға жуық адам еңбек ететін болады.

Серіктестіктің алдағы уақытта атқаратын әлеуметтік жобалары да баршылық. Солардың қатарында жол құрылысы, темір жол салу ісі мен өндіріс ошағына жақын елді мекендерге газ құбырын тарту жұмыстары бар.

Сондай-ақ  алдағы жоспарлардың қатарында "ЕуроХим-Қаратау" жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі 2018 жылы 1,5 млн тонна фосфор ұнын және 2020 жылдан бастап 2,8 млн тонна көлемінде тауарлы өнімдер шығармақшы. Ал оның 1,8 млн тоннасын минералды тыңайтқыштар құрайтын болады.

Әрине, химия өнімдерін өндіруші кәсіпорындар туралы сөз болғанда оның қоршаған ортаға, экологияға және сондағы тұрғындардың денсаулығына тигізер қауіп-қатері бар-жоғына да назар аудару керек. Бұл мәселеде компания мен серіктестік басшылары қауіпсіздік шараларына ерекше мән беріп отырғанын айтып отыр. Олар кенді қазу жұмыстарынан бастап, оны тасымалау мен өндіру барысында барлық техникалық қауіпсіздік шаралары қатаң сақталатынын айтып отыр. Сондай-ақ, су көздерін ластауға да жол берілмеген. Өндіріске қажетті су жерастынан алынбайды. Яғни шаруашылықта пайдаланылатын ағын сулар қолданылып, олар кейіннен биологиялық жолмен қайта тазартылады.  

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу