Елбасы жариялаған Алматы агломерациясының жері Ватикан, Монако, Науру, Тувалу, Сан-Марино, Лихтенштейн, Мальдивы, Мальта, барлығын қоса алғандағы Маршалл аралдары мен Сейшел аралдары, Андорра, Бахрейн, Сингапур, Тонга, Доминика, Люксембург, Бруней, Палестина, Кипр және басқа да кішкентай 34 мемлекеттің аумағынан үлкен болып шықты.
Ел үкіметі маңыздылығына орай, "Алматы агломерациясын" дамыту жайын және оның басты құжатын бүгінгі отырысында жеке қараған болатын.
Жиында айтылғандай, Алматы – агломерациялық орталық ретінде белсенді қалыптастырылып жатқан елдің ірі мегаполисі болып отыр. Оның тартылыс аймағына экономикалық, еңбек және әлеуметтік тұрғыдан тығыз байланысты Талғар, Есік, Қаскелең, Қапшағай қалалары мен Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай және Талғар аудандарының елдімекендері кіреді. Алматы қаласы адами, қаржылық ресурстардың, білім беру және ғылыми әлеуеттің көп шоғырлануымен, ұлттық және әлемдік нарықтармен байланысты қамтамасыз ететін дамыған инфрақұрылымымен ерекшеленеді.
Сонымен, Алматы агломерациясының аумағы – 9,4 мың шаршы шақырымға немесе 1 миллиондай (939,5 мың) гектарға жайылып жатыр. Агломерация халқының саны 2017 жылдың қорытындысы бойынша 2,9 миллион адамға жетті. Оның ішінде тек Алматы қаласында – 1,8 млн адам өмір сүреді. Алматы қаласы халқының тығыздығы 1 шаршы шақырымға 2,6 мың адамнан келеді.
Былтырдың қорытындысы бойынша қаланың жалпы өңірлік өнімінің (ЖӨӨ) елдің жалпы ішкі өніміндегі (ЖІӨ) үлесі шамамен 22%-ды құрады. Алматы республикалық бюджеттің негізгі донорларының бірі болып табылады.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, агломерациялық даму аясында "Өнеркәсіп объектілерін Алматы қаласының сыртына шығару" қолға алынуда.
"Алматы агломерациясы аумағында өндірістік және логистикалық шағын аймақтар құрылуда. Олар қаладан өнеркәсіптік және коймалық кәсіпорындардың орнын ауыстыруға арналған. Соңғы 5 жылда перифериялық агломерация аймағының аумағына 31 кәсіпорын шығарылып болды. Сонымен бірге, Алматы қаласының қолданыстағы кәсіпорындарды индустриалды аймақтарға шығару жұмыстары жүргізілуде", – деді министр.
Сондай-ақ, мемлекет басшысының осы жобасы бойынша "Алматы агломерациясын дамытуды есепке ала отырып, "Қорғас" шекарамаңы ынтымақтастығының халықаралық орталығын (ШЫХО) одан әрі дамыту" жүзеге асырылады.
ШЫХО объектілерінің құрылысын 2021 жылға қарай аяқтау жоспарлануда. Қазіргі уақытта арнайы экономикалық аймақ аумағында инвестициялық қызметті 16 компания іске асыруда. Олар 151 гектар жерде жалпы сомасы 427 млрд теңге болатын 26 нысан құрылысын жоспарлап отыр. Терминалдық аймақ нысандары бойынша және "Самұрық" орталық алаңы" екі сауда үй нысандарының құрылысы аяқталды. Биыл 124,2 млрд теңгенің 5 нысаны іске қосылады. 91 млрд теңгенің 12 жобасы конкурстық процедурадан өтуде екен.
Агломерациялық өркендеу аясында Алатау бөктеріндегі осы шаһар жанынан жаңадан төрт қала пайда болмақ. Жеңіс Қасымбек "G4 City қала-спутниктерінің" аумағында "Жаңа Алматы" арнайы экономикалық аймағын құру мәселесін пысықтап жатқандарын жеткізді.
"Жаңа Алматы" АЭА құру мәселесі "G4 City қала-спутниктері" құрылғаннан кейін пысықталатын болады. G4 City жобасын іске асыруы 2008 жылы басталды. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, 2030 жылға дейін бірінші Gate City қала-спутнигін салу көзделген. Республикалық бюджеттен 34,2 млрд теңге бөлінді. "Gate City"-дің бірінші кезеңінде сумен, газбен және электрмен жабдықтау нысандары, яғни барлығы 9 ірі объектілер салынды. Көлік жолдары бойынша жұмыстар аяқталуда, олар 2018 жылы пайдалануға беріледі", – деді инвестициялар және даму министрі.
Оның мәліметінше, 2017 жылдың желтоқсан айында жылумен жабдықтау желілерінің бірінші іске қосылатын кешені аяқталды. Биыл жылу трассасымен 200 МВт қазандықты (3 іске қосылатын кешен) пайдалануға беру жоспарланған. Оңтүстік жобалау ауданының аумағында 1,4 млн шаршы метр тұрғын-үй салу жоспарланған.
Жобалар бұлармен бітпейді. "Green 4" жобасы аясында "Өркен" (халықаралық нұсқасы "GrowingCity") қала-спутниктері аумақтарында "Қорғас-Шығыс қақпасы" АЭА субзоналарын салу мәселесін де пысықтау және ұсыныстар енгізу жүруде. Бұл "субзоналарды" салу мәселесі Алматы агломерациясын дамыту перспективаларын есепке ала отырып, қарастырылатын болады.
Министр Жеңіс Қасымбек Алматы үлкен айналма автокөлік жолы сияқты, енді "Алматы станциясын айналатын темір жол" салынатынын хабарлады. Ол бюджеттен жүз миллиардқа жуық шығын шығаруды қажет етеді.
"Қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігінің оң қорытындысын алу үшін инвестициялық ұсыныс әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік өтініш жолданатын болады. Жалпы, теміржол желісін салу құны шамамен 80 млрд теңгені құрайды, болжамды учаскенің ұзындығы – 73 шақырым. Жоба жапсарлас станциялар салуды және қайта жаңғыртуды, разъезд және жол салуды, оларды электрлендіруді көздейді", – деді Жеңіс Қасымбек.
Жалпы, ол басқаратын министрлік Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында 150-ден астам іс-шарадан тұратын "Алматы агломерацияның 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді жоспарын" әзірлепті. Бұл құжат 2018 жылдың 1 шілдесінде бекітіледі деп күтілуде.
Ал еліміздің бас экономисінің айтуынша, бұған дейін, 2013 жылғы 6 маусымында "Алматы агломерациясын дамыту жөніндегі іс-шаралардың 2020 жылға дейінгі өңіралалық жоспары" қабылданған. Онда 67 іс-шараны іске асыру көзделген. 16 іс-шараға жеті бірдей министрлік (БҒМ, ДСМ, ИДМ, ҰЭМ, ЭМ, МСМ, ІІМ) жеке жауапкершілік арқалайды, ал 51 іс-шара облыстарға, Алматы қаласы және Алматы облысы әкімдіктеріне жүктелген екен.
"Іс-шаралар жоспары негізгі 3 міндетті іске асыруды қарастырады. Бірінші міндет, яғни "Алматы агломерациясын аумақтық және институционалдық дамыту" 7 іс-шарадан тұрады. Бірінші міндет шеңберінде қала құрылысын жоспарлау құжаты – Алматы агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы әзірленді және бекітілді. Алматы қаласын және облысын дамытудың 2016–2020 жылдарға арналған бағдарламаларына нысаналы индикаторлар мен оларға қол жеткізу бойынша шараларды айқындаумен агломерациялық даму бөлігінде өзгерістер енгізілді", – дейді Тимур Сүлейменов.
Бұл ретте Алматы қаласы және Алматы облысының әкімдіктері өзара тізе қоса қимылдауға келісіп, "Алматы агломерациясын дамыту жөніндегі бірлескен қызмет туралы" және агломерацияларды дамыту мәселелері бойынша пәрменді және тиімді шаралар қабылдауды көздейтін Меморандум бекіткен.
Жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру мақсатында Астана және Алматы агломерацияларын дамыту мәселелері жөнінде арнайы комиссия құрылыпты.
Сондай-ақ Алматы облысының әкімдігі Қапшағай, Есік, Қаскелең, Талғар қалалары мен Шамалған, Абай, Бесағаш және басқа да елді мекендердің бас жоспарлары және егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеп, бекітті.
Жалпы бірінші міндеттің жоспарланған 7 іс-шарасының ішінде 6 іс-шара орындалған, ал 1 іс-шара, дәлірек айтқанда, "Алматы қаласының бас жоспарын түзету" қазір орындалу сатысында.
Екінші міндет, яғни "Республикалық және өңірлік нарықтарда Алматы агломерациясын экономикалық орнықтыру" бағыты 20 іс-шараға негізделген.
Бұл ретте Алматы агломерациясының қандай салаларға "маманданатыны" белгілі болды. Нақты тоқталсақ, осынау ұлан-асыр аумақта Қазақстан "қаржы қызметтерін, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді, туристік-рекреациялық салаларды, халықаралық деңгейдегі көліктік-логистикалық қызметтерді ұсынуды, инновациялық өндірістерді" дамытатын болады. Яғни, жаһан көлемінде де осы салалары насихатталып, жаһандық нарыққа да сол секторлар өнімдерімен шығады.
Айтқандай, осы екінші міндет шеңберінде Алматы қаласы Алатау ауданында инновациялық және экологиялық таза өндіріске басымдықпен Индустриалдық аймақ құрылды. "Ақпараттық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағын басқарудың жаңа моделі дербес кластерлік қор негізінде енгізілді.
Көрсетілетін қызметтер саласын дамыту, оның ішінде экологиялық туризм бойынша жұмыстар жүргізіліпті. Мысалы, "Шарын", "Алтынемел", "Іле Алатау" және "Алма-Арасан", "Алматы", "Қазақстан" өңірлік курорттарын және тағы басқа мемлекеттік ұлттық табиғи парктерді дамыту және танымал ету жөніндегі іс-шаралар қолға алынған.
Осылайша, екінші міндеттің аясында жоспарланған 20 іс-шараның 19-ы орындалды және бақылаудан алынды, 1 іс-шара орындалу сатысында: ол "Smart city" тұжырымдамасын іске асыруға қатысты.
Үшінші міндет, яғни орталық ретінде "Өзек-қала Алматыны, оның қала маңы аймағын және тартылыс (әсер ету) аймағын инфрақұрылымдық үйлестіріп дамыту" бағыты 40 іс-шарадан құралған.
"Үшінші міндет шеңберінде "Сайран" және "Москва" метро станцияларының құрылысы аяқталды және қазіргі кезде "Сарыарқа" жәге "Достық" тағы 2 метро станциясының құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде: 2020 жылдың соңына дейін аяқталады. Алматы қаласының жеңіл рельсті көлік желісін салу (LRT) бойынша концессиялық жобаның ТЭН әзірлеу жұмыстары жүргізілді. Қала әкімдігі қаланың қоғамдық көлігін мультимодальді негізде дамытудың ұзақ мерзімді схемасын әзірледі. Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының (ҮАААЖ) құрылысы басталды", – дейді ұлттық экономика министрі.
Жалпы үшінші міндеттің жоспарланған 40 іс-шарасының 36-сы орындалған, орындау сатысында 4 іс-шара қалды, бұлар: газбен жабдықтау, ҒЗИ жатақханасы мен зертханалық корпусын салу, қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) көму және өңдеу полигонын құру.
Іс-шаралар жоспарын іске асыру үшін республикалық бюджеттен 23,6 млрд теңге, жергілікті бюджет қаражатынан 362,8 млн теңге жұмсалады. Ол сомалар бөлінген.
Қазіргі кезде Өңіраралық жоспардың 6 іс-шарасы іске асырылуда.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев барлық жауапты министрліктерге және әкімдіктерге Іс-шаралар жоспарында көзделген іс-шаралардың іске асырылуына тұрақты түрде бақылау жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ мемлекет басшысының 2017 жылғы 20 қыркүйектегі "Алматы қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту туралы" кеңесте берген тапсырмасы бойынша Бауыржан Байбектің командасы "Алматы қаласының мастер-жоспарын" әзірлеп жатқаны мәлім болды. Ол жаңа тұрпатты құжат 2018 жылдың соңына дейін халыққа жария етілмек. Бұдан бөлек, президент тапсырмасы бойынша жыл соңына дейін Алматы қаласының ғасыр ортасы, 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді стратегиясы жазылатын болады.
Бақыт Көмекбайұлы