Халықаралық Mercer Human Recource Conculting рейтингті бағалау компаниясы күні кеше ауаның ластануы, қоқыс қалдықтарының көптігі, ауыз судың тапшылығы туралы мәліметтерді есепке ала отырып, әлем бойынша ең лас қалалардың тізімін жасады. Аталған тізімде Әзербайжанның Баку қаласы бірінші орында, Қазақстанның Алматы қаласы тоғызыншы орында тұр. Сарапшылар алдағы бес жылда ғылыми-инновациялық тұрғыда Алматының ауасын тазарту жайы қолға алынбаса, қала халқының денсаулығы төмендеп кететінін алға тартады. Қазір Алматыда жалпы ластану индексі 38,3%-ға жеткен. Сөзіміз дәлелді болу үшін біз халықаралық компания ұсынған мәліметтерді арнайы сызбамен көрсеттік.
Осы мәселеге қатысты біз тілдескен мамандар да Алматының экологиялық жағдайы алаңдатарлық екенін ашып айтты.
Қоқыс өңдеуді реттеу керек
"Қазақстан бойынша тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды қосқанда, жылына жалпы көлемі 43 млрд тонна қоқыс шығарылса, оның 22 млрд тоннасы Алматының еншісінде. 2020 жылға қарай Алматыда жылына 28 млрд тонна қоқыс қалдығы шығарылуы мүмкін деген болжам бар. Міне, осыдан-ақ қаланың экологиялық жағдайы қандай екенін аңғаруға болады. Ал біздің елде шығарылған қоқыстардың екінші қайтара өңделмейтінін есептесек, бұл үлкен проблема екенін аңғарамыз. Сондықтан болашақта Алматы үшін қоқыстарды утилизациялауды қолға алу маңызды болмақ", – дейді эколог-маман Элмира Ғалымова.
Эколог-маманның пайымдауынша, қазір Алматы қаласында қоқыс полигондарын ретке келтіріп, қоқысты екінші қайтара өңдеу маңызды мәселе.
"Алматыда 2017 жылы Алатау ауданындағы ЖЭС-2 маңынан тұрмыстық-өндірістік қоқыстарды өңдейтін зауыт құрылысы басталды. Ол зауытқа 5,3 млрд қаржы салынды деп жоспарланған. 2020 жылы зауыт салынып бітсе, оның пайдасын 2030 жылға қарай көре бастайтын шығармыз", – дейді Элмира Галымова.
Еуро-3 стандарты жеткізбей отыр
Деректерге жүгінсек, мегаполистегі ауаның ластануы бірінші кезекте қаладағы көлік қозғалысының көптігінен және өндіріс орындарының техникалық талаптарды сақтамайтындығынан болып отыр. Төмендегі сызбадан байқағанымыздай, 52,9% ластану көлік қозғалысының әсерінен болса, 34,9% ластану өндіріс орындарының есебінен болып отыр.
Осыған қатысты техника ғылымының докторы Айжан Бекбосынова Алматының ауасын тазартқымыз келсе, бірінші кезекте стандартқа сай келмейтін ескі көліктерден құтылып, жанар-жағармайдың сапасын арттыру керек екенін айтады.
"Шынтуайтында, бізде тозығы жеткен көліктер көп. Еуро-4 стандарты 2009-2015 жылдары шығарылған көлікке сай келеді. Ал бізде сонау 70-ші жылдарда шығарылған көліктер жүр. Еуро-4 стандартына жету үшін қолданыста 2009-2015 жылдар аралығында шығарылған көліктер саны басым болуы керек. Мұндай көліктерді сатып алу бағасы қарапайым көпшілік үшін тым қымбат. Сондықтан да көпшілік қауым ескі көліктерді кәдеге жаратып жүр. Жанармайды сапалы етіп шығару қолдан келеді, дегенмен ескі көліктердің Еуро-2 жанармайын тұтынатынын сөз етсек, бұл мәселе де басы ашық күйінде қалып отыр. Одан соң көліктерді газбен қамту жайын көтердік. 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында Қазақстан бойынша 89,592 автокөлік газ орнатыпты. Көліктеріне газ орнатқандардың басым бөлігі жекелеген тұлғалар екен. Алматыда қоғамдық көліктерге газ орнату мәселесі де артып келеді. Қазірде қоғамдық көліктерге газ орнату көрсеткіші 34,5 %-ке жеткен. Зерттеу бойынша, қаладағы қоғамдық көліктер мен автокөліктердің 75%-на газ қондырғылары орнатылғанда қаланың ауасының ластану индексі 14,5 пайызға түсуі мүмкін", – дейді Айжан Бекбосынова.
Қаланы күкірт пен қорғасын басып тұр
Алматы ауасының ластануына қатысты ғылыми деректерге жүгінсек, қаланы күкіртті газ бен қорғасын басып тұр.
"Әрбір автокөлік жылына 800 кг көміртегі оксидін, 70 кг азот оксидін бөледі. 1 литр бензиннің құрамында 1 грамм траэтилқорғасын болады. Алматыда ауаға таралатын қорғасын мен күкірттің 80%-ы жанар-жағармайдан бөлінеді. Сондықтан өз басым "жанар-жағармайдың сапасын арттыру керек деген пікірлермен толық келісемін", – деді химия ғылымының докторы Хакім Әміржанов.
Құрылыс жұмыстары да қаланың шаңын шығарып тұр
Жалпы, Алматы қаласы коммуналдық шаруашылық басқармасының мамандары, қала күрделі жөндеуден соң жаңаратынын жиі алға тартады. Аталмыш мекеме мамандарының сөзін сарапшы маман Айдос Мырзахметов те растап отыр.
"Қаладағы жылу жүйесі құбырларының 600 шақырымнан астамының мерзімі өтіп кеткен. Күн сайын ыстық су ағып тұратын мұндай құбырларды жарамсыз дегеннен гөрі әбден азып-тозған деген дұрыс. Қазір Алматыда әр жарты жыл сайын құны 15 млрд теңге тұратын 44,5 шақырым құбырды жаңартып отыру керек. Қалада жерасты жолдары жөнделіп жатыр. Қосымша тағы да жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осының барлығы әрине тазалыққа кері әсерін тигізіп жатқаны рас. Бірақ қала болашақта күрделі жөндеуден соң шаң-тозаңнан тазарып әдемі қалыпқа түседі деп үміттену керек", – деді сарапшы маман Айдос Мырзахметов.
Қарлығаш Зарыққанқызы