"Қолжетімді несие алудың жалғыз ғана жолы қалып отыр"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2541

Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы институтын енгізуге қарсылық жүріп жатқан секілді.   

"Қолжетімді несие алудың жалғыз ғана жолы қалып отыр" Фото: kapital.kz

Ел президенті 2015 жылғы жолдауында жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң әзірлеу керектігін айтқан еді. Ал биылғы жолдауында аталған заңды жеделдетіп қабылдауды тапсырды. Заң жобасы 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді деп жоспарлануда. Бірақ, кейбір экономистер оны бұдан да ертерек енгізуге мүмкіндік бар екенін алға тартып отыр.

"Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қабылдауды 2021 жылға дейін созу ақылға қонымсыз. Оның мерзімі кейінге шегеріле беруде. Демек, бұл заңды ертерек қабылдауға жол бермей отырған кедергілер бар. Әлемнің дамыған елдерінде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы жүйе жемісті жұмыс істеп келеді. Егер оны біздің елге де енгізсе, қарыз арқалаған миллиондаған адамға айтарлықтай көмек болар еді", – дейді белгілі экономист, "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев.

Еске сала кетейік, бүгінде Қазақстандағы заңды тұлғалар, кәсіпкерлер, банктер банкрот бола алады. Ал жеке тұлғаларға ондай мүмкіндік берілмеген.

Осы жерде заңды сұрақ туындайды. Банкрот болғанның несі жақсы? Қандай тиімділігі бар?

"Егер заңды тұлға банкрот болса, оның барлық міндеттемелері тоқтатылады. Артынша заңды тұлғаны оңалту шаралары жүргізіледі. Дәл осындай мүмкіндік жұмыстан қысқарып қалған жалғызбасты анаға неге берілмейді? Неліктен ол төлем қабілетсіздігі туралы құқықтық мәртебе ала алмайды?" – дейді Рахым Ошақбаев.

Экономистің сөзінше, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасының атауы да өзгеріп кеткен.

"Президент жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдауды тапсырса да, оның қазіргі атауы "төлем қабілеттілігін қалпына келтіру" деп аталады. Соған қарағанда, бұл институтты біздің елде енгізуге қарсылық жүріп жатқан секілді", – дейді "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры.

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың сөзінше, бірде-бір банк проблемалы қарыз алушымен ортақ келісімге келуге құлықты емес. Банктер бірден қарыз алушының бизнесін тартып алуды немесе оны біржола жауып тастауды құп көреді.

"Банк қарыз алушыға жеңілдік жасап, төлем көлемін айтарлықтай азайтса, клиенттер бұған қуана келісер еді. Өйткені, олар банкпен одан әрі де жұмыс істеуге бейілді. Бірақ, банктер мұндай қадамға бармайды. Соңында қарыз алушының бизнесі тоқтап, ақшасыз қалады. Ол аздай, банкке қарыз боп қалған адам жалақы алу құқығынан да айырылады", – дейді Ирина Смирнова.

Халық қалаулысының сөзінше, бұған дейін банктер несиесін төлей алмаған жеке тұлғалардың еңбекақысын толықтай, яғни 100%-ын ұстап қалып отыратын. Бүгінде оның мөлшері 50%-ға төмендеді.

"50%-дың өзі қарыз алушыға айтарлықтай жүк болмақ. Егер оның мойнында бір емес, екі несие болса ше? Демек, бір банк еңбекақының 50%-ын, екіншісі қалған 50%-ын ұстап қалып отырады. Бірақ, олар да адам баласы ғой. Ал мұндай адамдар біздің қоғамда өте көп. Олардың бала-шағасы, отбасы еңбекақысыз қалады. Соның салдарынан мемлекеттік бағдарламаларға да қатыса алмайды. Көбі үй жалдап тұрады. Мұндай адамдар стрестік жағдайда жүреді. Олар бұл проблемадан құтылу үшін, шетел асып та кете алмайды. Бүгінде 1 миллионға жуық қазақстандық еңбекақысын тек несие төлеуге ғана жұмсап отыр. Олар алаяқтар да, мемлекет асыраудағы, яғни еңбекке жарамсыз адамдар да емес. Бар болғаны өз бизнесін жасау үшін несие алғандар. Айналдырған 18 миллион ғана халықпыз. Сондықтан әрбір адамға көңіл бөлу керек, мүмкіндік беру қажет", – дейді мәжіліс депутаты.

Деректерге сүйенсек, 2014 жылы Қазақстандағы төлемді кешіктіру мерзімі 90 күннен асып кеткен проблемалық несиелердің үлесі 31,2% болған. Бүгінде аталған көрсеткіш мемлекеттің тікелей араласуының нәтижесінде 10%-ға төмендеді. Еске сала кетейік, тек 2017 жылдың өзінде мемлекет банк секторын сауықтыруға (оның ішінде проблемалық несиелердің үлесін төмендету де бар) 3 трлн теңгеден астам қаржы жұмсады.  

Экономистердің айтуынша, Қазақстанның банк жүйесі 2007 жылғы қаржылық дағдарыстан әлі де болса ес жия алар емес. "БТА Банк", "Қазкоммерцбанк", "Delta Bank", "Қазинвестбанк", "Bank RBK" секілді банктердің әр жылдары қиындықтарға тап болуы соның дәлелі. Сондай-ақ, қазір "ЭксимБанк", "Qazaq Banki", "Астана банкі" секілді қаржылық ұйымдардың да тағдыры қыл үстінде.

"Мемлекет банк жүйесіне қолдау көрсетуге мәжбүр болып отыр. Банк секторы сауықтырылып жатса да, несиелеу көлемі ұлғайған емес. 2015 жылғы деңгейден әлі аса алмай келеміз. Тіпті, сәл-пәл төмендеп кетті десе де болады. Банктерді жыл сайын құтқарамыз, сауықтырамыз, бірақ несиелеу көлемі де, банктер де құлдырап келеді", – дейді белгілі экономист Олжас Құдайбергенов.

Еске сала кетейік, 2015 жылы Қазақстандағы несиелеу көлемі 12 млрд 674 млн теңгені құрады. Оның 4 млрд 164 млн теңгесі – жеке тұлғаларға, 8 млрд 511 млн теңгесі заңды тұлғаларға берілген. Несиелеу көлемінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 31%-ға тең болған. Арада үш жыл өтсе де, біздің елдегі жағдай өзгерген жоқ. 2018 жылдың 1 қаңтарындағы дерекке сүйенсек, несиелеу көлемі – 12 млрд 566 млрд теңге. Тіпті, үш жыл бұрынғы көрсеткіштен шамалы төмендеген. Жеке тұлғаларды несиелеу 9,9%-ға өскен (4 млрд 574 млн теңге), ал заңды тұлғаларды несиелеу 6,1%-ға азайған (7 млрд 992 млн теңге). Несиелеу көлемінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі де төмендеген – 24%.

Рахым Ошақбаевтың айтуынша, Қазақстандағы несиелеу көлемінің өспеуінің бірден-бір себебі пайыздық мөлшерлеменің тым жоғарылығы. Мәселен, қазір банктер несиені заңды тұлғаларға шамамен 13%-бен, ал жеке тұлғаларға 20%-бен береді.

"Тәуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстандағы несие мөлшерлемесі екі мәнді саннан төмен түскен емес. Ең жоғарысы 25,8%-ды құрады. Бұл көрсеткіш 2015 жылдың соңы мен 2016 жылдың басында тіркелді. Қазір ең төменгі мөлшерлеме 12,8%-ға тең. Қарапайым халық үшін бұл тым жоғары болып отыр. Жалпы, несие мөлшерлемесінің жоғарылығы – ел экономикасындағы шешімін таппаған күрделі мәселе", – дейді Рахым Ошақбаев.

Экономистің айтуынша, қарапайым халық үшін қолжетімді несие алудың жалғыз ғана жолы қалып отыр. Ол – мемлекеттік бағдарламаларға қатысу.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу