​Қазақстан уран сатудан қанша табыс тапты

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
9226

Әлемде сұраныстың төмендеуі салдарынан Қазақстанда уран өндірісі алысқа құлаш ұра алмауда.

​Қазақстан уран сатудан қанша табыс тапты Фото: kapital.kz

Соған қарамастан, ел үкіметі алда, биылғы жылы "Қазатомөнеркәсіптің" тағы 10% акциясын саудаға шығаруды жоспарлауда.

Өткен жылғы 14 қарашада Астана халықаралық қаржы орталығының биржасы мен Лондон биржасында "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының акцияларының 15%-ы сатуға қойылған болатын. Нәтижесінде, мәмілелер сомасы 451 миллион долларды құрады.

"Қазатомөнеркәсіптің" 2019 жылы күшіне енген дивидендтік саясатына сәйкес, оның еркін қаржы ағынының ең кем дегенде 50-75%-ы соның құнды қағаздарын сатып алғандар арасында бөліске салынбақ.

Қазіргі кезде қазақстандық уран өткізілетін ең басты үш ірі нарық бар, бұлар – Қытай, Канада және Ресей. Алайда солардың арасында тек Канада ғана сатып алу көлемін арттырған.

Сұраныстың төмендеуі өндірістің адымын аштырмай отыр. Рас, "Қазатомөнеркәсіп" өз тарапынан уран саудасының көлемі жыл қорытындысында алдыңғы үш жылдың орташа көрсеткіштерінен жоғары болады деп күтуде.

2018 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстан 14,2 мың тонна уран экспорттаған. Бұдан ұлттық компания 699,1 миллион доллар табыс тауыпты.

Дегенмен, 2017 жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда, уран эскпортының көлемі бір жыл ішінде 18,8%-ға, ал ақшалай түрде 17%-ға құлдыраған.

Қазақстандық осы шикізаттың ең көп бөлігі – жартысынан астамы немесе 57%-ы Қытайға жөнелтіледі. Өткен жылы шың елі 8 мың тоннасын 422,6 миллион долларға сатып алды. Сөйтіп, 2017 жылмен салыстырғанда, елімізден таситын уранды бірден 31,7 пайызға азайтып тастады.

Екінші орында Канада тұр, оның еншісіне 18,2% тиесілі: 2 мың 574,4 тоннасын 108,2 миллион долларға сатып алды. Рас, алдыңғы жылы 1 мың 540,8 тоннаны небары 56 миллион 369,3 мың долларға алған. Осылайша, Атлант мұхитының ар жағындағы осы елге жеткізілім тоннаға шаққанда – 67,1 пайызға, ал ақшалай көлемде 91,9 пайызға ұлғайды. 

"Үштікті" Ресей тұйықтайды. Солтүстік көрші отандық уранның 2 мың 353 тоннасын тұтынған, бірақ ол үшін канадалықтарға қарағанда сәл көбірек, 113,6 миллион доллар төледі. Оның үлесі 16,6% ғана. Оның үстіне сатып алатын көлемін тоннада 8,8 пайызға, ал ақшалай көлемде 3,7 пайызға азайтқан.

Әлемдегі қалған елдерге Қазақстаннан 11 мың 800 тонна уран жөнелтіледі. Осы орайда еліміз Аустрия нарығын жоғалта бастағанға ұқсайды: бұл еуропалық ел былтыр 1,6 мың долларға уран сатып алса, биыл бұл көрсеткіш 93,8 пайызға немесе 0,1 мың долларға дейін құлдырап, жоққа теңескен.

АҚШ та Қазақстаннан уран жеткізу көлемін 1 мың 238,1 тоннадан 385,4 тоннаға дейін, яғни бірден 68,9 пайызға азайтты.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев алғаш рет 2017 жылы Қазақстанда уран өндірісінің төмендеуі (5%-дайға) тіркелгенін айтады. Оның байламынша, бұған жаһандық уран нарығындағы төмен бағалардың тұрақты түрде сақталуы ықпал етіп отырған көрінеді.

Сонымен қатар өткен жылы "Қазатомөнеркәсіп" нарықта уран өнімдерінің ұсынысы сұраныстан асып кетуіне және бұл жағдайдың ұзақ сақталуына байланысты уран өндірісін алдағы үш жыл бойы 20%-ға кемітуге ниетті екенін хабарлады.

Дегенмен, ұлттық компания өз өнімін өткізудің жаңа нарықтарын іздеуге тырысып бағуда. Атап айтқанда, осы жылы ол Бразилияның Indústrias nucleares do Brasil (INB) компаниясына табиғи уран концентраттарын жеткізу бойынша халықаралық тендерді жеңіп алды және тапсырысты уақытында орындаған.

Бұдан бөлек, Швецияға табиғи уран жеткізу бойынша контракт бекітті: шведтердің атом электр стансаларының қажеттіліктерін өтеу үшін ядролық отын сатып алу бойынша тендер қорытындысында Vattenfall AB мен "Қазатомөнеркәсіп" арасында келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ 2018 жылдың 20 қарашасында халықаралық атом агенттігі (МАГАТЭ) "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясын Өскеменде орналасқан "Төменбайытылған уран банкіне" өнім жеткізушілердің бірі ретінде таңдап алды.

Мұның сыртында, Қазақстан Ұлыбританияның да сұранысын өтеуге тырысуда. Елімізден британдық Yellow Cake Plc компаниясына бастапқы жеткізілім ретінде 3100 тоннадан асатын ауқымда табиғи уран бағытталды. Бұл келісім ұзақ мерзімді сипатқа ие, оның шарттарына сәйкес, ағылшын компаниясы кем дегенде 9 жыл бойы нарықтық бағамен сомасы 100 миллион долларға дейінгі мөлшерде табиғи уран алып тұрмақ.

Айта кету керек, сұраныс пен өндірістің құлдырауына қарамастан, бүгінде бәрібір Қазақстан уран өндіру көлемі бойынша әлемдік көшбасшы болып табылады. Дәл қазір дүниежүзінде өндірілетін барлық уранның 39,3 пайызы еліміздің еншісінде. Екінші орындағы Канадаға тек 22 пайыз тиесілі. Ал Аустралия 9,9 пайызбен үшінші орынға сырғыды.

Осы "үштік" бүкіл уран өндірісінің 71,2%-ын иеленеді.

"Қазатомөнеркәсіптің" соңғы жарияланған жылдық есебіне жүгінсек, мемлекетімізде үш негізгі уран аймағы отандық жалпы уран өндірісінің 92,7%-ын қамтамасыз етеді. Олардың ішінде бірінші тұғырда Шу-Сарысу аймағы (60,2%), екінші орында — Солтүстікқазақстандық аймақ (17,3%), үшінші орында — Сырдария аймағы (15,2%) орналасқан.

Бұған қоса, Іле аймағы (үлесі – 4,7%), Каспий жағалауы аймағы (1,8 пайыз), Балқаш жағалауы аймағы (0,8 пайыз) бар.

Есепке сәйкес, ұлттық атом компаниясы өзінің еншілес кәсіпорны – "Үлбі металлургиялық зауыты" базасында уранды тазартатын аффинаждық зауыт салуды жоспарлауда. Зауыттың құрылыс-монтаждау жұмыстары 2019 жылдың басына белгіленген. Оның құрылысында канадалық Cameco компаниясының озық технологиялары қолданылатыны айтылды.

Өткен жылдың соңында "Қазатомөнеркәсіп" азиялық Energy Asia (BVI) Limited компаниясының 40,05%-дық акциялар пакетін, сондай-ақ "Хорасан-U" бірлескен кәсіпорындағы 16,02%-дық үлесті Energy Asia Holdings (BVI) Limited компаниясынан сатып алды.

Мәміле нәтижесінде  "Байкен-U" ЖШС, "Қызылқұм" ЖШС  және "Хорасан-U" бірлескен кәсіпорнындағы "Қазатомөнеркәсіптің"еншісі сәйкесінше 52,5%, 50% және 50%-ға жетті.  

Жапондық энергетикалық компаниялар консорциумы 2009 жылы Қазақстанда "Солтүстік Хорасан" уран кенішін іске қосқан болатын. "Күншығыс елі" осылайша, өз атом электр стансалары үшін қажетті энергетикалық отынға қол жеткізбекші болды. Теріскейдегі "Хорасанды" игеруге "Қазатомөнеракәсіп" пен Toshiba корпорациясының Energy Asia (B.V.I.) Limited компаниясы белсене кіріскен болатын.

Алайда ізінше көп жайт өзгерді. 2011 жылдың наурызында жер сілкінісі мен одан кейін басталған қуатты цунами кесірінен Жапонияның "Фукусима-1" АЭС-інде алапат апат болып, ақыры бұл ел атомнан қуат өндіруден бас тартты. Жалпы шығыны 189 миллиард долларға бағаланған "Фукусима" апатының салдарларын жою шаралары қазір де жалғасып жатыр. Сондықтан жапондық компаниялар бұл саладан кетуде. 

Жалпы, Хорасанның барланған қазынасының қоры 80 мың тоннадан асады. Бұл ретте одан өндірілетін уранның үлкен бөлігі – шамамен 2 мың тоннасы Жапонияның атом энергетикасының қажеттіліктерін өтеуге ұзақ жыл тасымалдануға тиіс-тін. Алайда қазір бұл нарық жабық.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу