​Топардағы МАЭС-тың қуатын арттыру табыс әкелетін болады

3978

"Қазақмыс Холдинг" корпорациясының энергетикалық кәсіпорны қазандықтар мен турбиналарды жаңартып жатыр.

​Топардағы МАЭС-тың қуатын арттыру табыс әкелетін болады

"Топар" электр станциясы алғашқы жаңғыртудың арқасында қуатын арттыратын болады. Бұл туралы энергия нысанына жасалған баспасөз туры барысында электр станциясының бас инженері Андрей Соловьев әңгімелеп берді.

"Топар" ГРЭС-ның бас инженері Андрей Соловьев

"Осыдан екі жыл бұрын басталған жаңғырту мен жаңа жабдықты монтаждау өнімділікті арттыруды қарастырады. Оның нәтижесі бойынша электр энергиясын көптеп өндіре алатын боламыз. Қазір №2 турбинасын айырбастау мен демонтаждау арқасында 50 мегаватты қуаттан шығардық. Сондықтан қазір МАЭС-ке орнатылған қуаттылық 613 мВт-ты құрайды. Жаңа турбинаны іске қосқаннан кейін 2018 жылдың соңына дейін оның қуаты 743 мВт-қа артады", - деді энергетик.

Бұрын Қарағанды МАЭС- 2 деп аталған "Топар" МАЭС" ЖШС-дегі жаңғырту 2016 жылдың ақпанында басталды. Бұл "Қазақмыс Холдинг" тобына кіретін электр станциясын ұзақмерзімді жаңғырту мен кеңейтуге деген алғашқы қадам. Тұтастай алғанда, бағдарлама өз ресурсын тауысып біткен қазандықтар мен турбиналарды жаңа жабдыққа айырбастауға бірте-бірте көшуді қарастырады.

"Біздегі ескі 16 қазандық 1962-1964 жылдары Подольск зауытынан шыққан. Ол қазандықтар 1962-1967 жылдары станция салынған кезде қойылған, сондай-ақ сол кезде сегіз турбина да орнатылған болатын. Жабдық өз ресурсын тауысып бітті, оның жұмыс істеп тұрғанына 55 жылдан астам уақыт өтті. Оның парктік ресурсы 200-250 мың сағаттан 360-400 мың сағатқа дейін созылған, жалпы қазандық 360 мың сағат жұмыс істеген. Ескірген жабдықты пайдалануға еш кедергі жоқ, норма мен ережеге сәйкес оны әлі де қолдануға болады. Алайда МАЭС-тің негізгі қорының тозығы жеткен бөлігі шамамен 85 пайызды құрайды. Сол себепті "Қазақмыс Холдинг" пен МАЭС басшылығы жабдықты жаңарту жайлы шешім қабылдады", - деп атап кетті бас инженер.

Жаңғырту біткеннен кейін, жаңа парк электр станциясының қуатын 970 МВт-қа дейін өсіруге мүмкіндік береді. Ол үшін 2017 жылмен 2026 жыл аралығында әрқайсысының қуаты 130 МВт болатын төрт турбина мен сағатына 250 тонна бу шығаратын алты қазанагрегат енгізіледі.

МАЭС-тің ескі жабдығы

"Биылғы жылдың IV тоқсанында жаңа Е-270 типті №3 қазандық пен ескі К-50 турбинаның орнына қуаты 130 МВт болатын жаңа конденсациялық турбина іске қосылады, бұл станцияның қуатын 80 МВт-қа дейін арттырады. Бас-аяғы сегіз турбина, қазір бес турбоагрегат жұмыс істеп тұр, екі турбина жөндеуде тұр, бір турбоагрегат қалыпқа келтіріліп жатыр. 2019 жылдың басынан бастап келесі турбиналар мен қазандықтарды қуаттырақ және үнемді агрегаттарға алмастыру үшін демонтаждау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта құрастыру үшін жаңа жабдықтың торабын монтаждық алаңғы жеткізіп жатырмыз", - деп түсіндірді МАЭС-ті жаңғырту бойынша жұмысқа тоқталған Андрей Соловьев.

Жаңа қадам
Энергетикалық кәсіпорындағылар бір турбина мен қазандықты айырбастауға қатысты модернизацияның алғашқы қадамы МАЭС-ке шамамен 12 млрд теңге шықанын және бір айта кетерлігі, жабдықты сатып алуда ақша үнемделгенін айтты. Жаңа турбоагрегаттар сутексіз ауамен салқындатылатын болады, сондықтан да оларды пайдалану қауіпсіз болып саналады. Жаңа турбиналардың парктік ресурсы 25-30 жылға есептелген, одан кейін оны тағы 50 жылға созуға болады. Жылу желілерін, химиялық цехтың агрегаттарын, отын-транспорттық цех пен қалған парк жабдығын қалыпқа келтіру мен айырбастау да осылайша іске асады. Сондай-ақ төрт турбина мен алты қазандықты сатып алуға 2026 жылға дейін едәуір қаражат салу керек болады және оны уақыт өте келе мобилизациялау керек. Ол үшін қайта қалыпқа келтіру бойынша кезекті жаңа жоба әзірленеді.

МАЭС-ке орнатылатын жаңа жабдық

Бу- және электр өндіретін машиналардың тиімділігін арттырумен қатар аралық жөндеу циклін арттыру күтіліп отыр. Қазір ол төрт жылға созылып отыр, ал дайындаушы-зауыттың жаңа турбиналар мен қазандыққа арналған жаңа техпаспорт бойынша аралық жөндеу кезеңі алты ай, бұл станция бойынша жөндеу науқанының шығынын азайтады дегенді білдіреді.

"Бөлшектер мен қосалқы бөлшектерді айырбастау қанша болады дегенге келер болсақ, онда қазір жабдықтың түрлері ТМД-ның көптеген энергетикалық нысандарында қолданылады, сондықтан бөлшектердің бағасын нарық белгілейді, ал жаңа жабдықтың ПӘК-сі жоғары болуы, пайдалануды арзандатуға септігін тигізеді", - деп атап кетті "Топар" МАЭС бас инженері баспасөз-туры барысында.

Топар жылу электр станциясын жаңғырту жобасына арналған жабдықты дайындауда басты серіктес - ресейлік "Силовые машины" жария акционерлік қоғамы (ЖАҚ). Бұл компанияның кәсіпорны "Красный котельщик" Таганрок қазандық зауыты (ТҚЗ) МАЭС-ке жаңа қазанагрегат жеткізіп жатыр, ал Ленинград металл зауыты (ЛМЗ) турбоагрегаттарды, генераторлар мен трансформаторларды жаңартуға көмектесуде. Санкт-Петербургтегі "Лонас технология"  компаниясы болса турбиналарды жобалау мен оларды айырбастауға қатысты процестерді әзірледі, ал бірінші кезектегі қазандықтарды айырбастау тұжырымдамасын қарағандылық "Құрылысэкспортпроект" жасады. Модернизациялау жобасында қазақстандық қамту – турбиналар мен қазандықтарды монтаждауға тартылған негізгі мердігер "САЭМ-Центр" -ге тиесілі. Сонымен қатар онда отандық металл құрастырым мен материалдар кеңінен қолданылуда. Бұл ретте жабдықты жобалық бақылауды іске қосу үшін шеф-инженерлер мен ресейлік жеткізушілердің жөндеушілері міндетті түрде қатысуға тиіс.

"№3 станциялық қазанагрегат пен №2 станциялық турбогенератордың құрылысын салып жатырмыз. Мұндай турбиналар мен қазандықтарды жөндегенбіз, сондықтан бұл салада тәжірибеміз мол. МАЭС алаңында туындап отырған жалғыз қиындық – бұл қиын жағдайда жұмыс істеу. Жаңағы айтып отырған қазанагрегат жұмыс жасап тұрған екі қазандық арасына орналасқан, сондықтан логистикалық тұрғыдан жөндеуге қатысты қиындықтар туындады. Жалпы бізде бұл жұмыстарға арналған ЖӨЖ –ні (жұмысты өндіру жобасы. – Ред) әзірленген, сондықтан қиындықтарды шама келгенше шешіп жатырмыз. Станцияның қызметкерлері біздің жөндеу жұмысымызды қадағалауп қана қоймай, бұл жабдықты пайдалану бойынша қосымша оқитын болады, сондай-ақ БӨА (бақылау-өлшеу аспаптары. – Ред.) және жөндеуге қатысты да оқу болады", - деді "САЭМ-Центр" ЖШС директорының орынбасары Николай Ворожейкин abctv.kz-ке берген сұхбатта.

САЭМ-Центр" ЖШС директорының орынбасары Николай Ворожейкин

Электр станциясының техникалық даму жөніндегі бас инженері орынбасарының міндетін атқарушы Константин Филипцовтың айтуынша, мұндай ауқымды жобаларда қиындықтың үнемі болады.

 Техникалық даму жөніндегі бас инженері орынбасарының м.а.Константин Филипцов

"Жұмыс барысында дайындаушы-зауыттардың материалдарды дер кезінде жеткізбей кешіктіруінен қиындық туындауы мүмкін, бірақ та жобаны уақытында бітіру үшін мұның барлығын жылдам шешуге тырысып жатырмыз. Менің және менің командамның үлесі – бұл жобаны іске қосуда тауарлық-материалдық құндылықтармен уақытылы қамтамасыз етуді басқару және жөнделген жабдық талап етілген сипаттамаға сай жұмыс істеп тұру үшін кестені, сапаны сақтау. Осының нәтижесінде тиімділік екі есе артады, ал жабдықты басқару процесі оңай, ыңғайлы болады. Ол тіпті операторлар мен қазандық, турбина машинистері үшін қолжетімді болып, бақылау мен басқаруға икемді болмақ", - деді ол abctv.kz.-ке берген түсініктемеде.

Автоматтандыру
МАЭС-ті жаңғыртудың басты спутниктерінің бірі – өндірістік процестерге тікелей араласытан қызметкерлердің дәрежесін азайтып, штаттан тыс жағдайларды алдын алу үшін адами фактордың әсерін төмендететін автоматтандыру.

"Әлемдік деңгейдегі жабдық, енгізілетін технологиялар технологиялық процесті, қазандықты, турбиналарды автоматты басқаруға мүмкіндік беріп, қызметкердің қатысуын азайтып, жұмыс орнын жақсартып, отын шығынның үлес салмағы мен қазандықтардан шығатын парниктік газ қалдықтарын азайтады. Сондай-ақ жыл сайынғы электр қуатына қосымша болады", - деп "Топар" МАЭС бас инженері жаңғыртудың аспектілерін ашып берді.

Автоматтандырудың арқасында станцияға телемеханика және дипетчерлеу бойынша жаңа жабдық қойылуда. Оның ақпараттық параметрі бойынша турбиналардың жұмысын, желідегі жүктемені қашықтықтан бақылап, ЭКЕАЖ (электр энергиясының коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі.- Ред.) жүйесі арқылы тұтынудың коммерциялық есебін жүргізуге болады. Сонымен бірге датчиктерді көптеп орнату трансформаторлардың диагностикасын онлайн-режимде жасауға мүмкіндік береді.

Өзіндік құн басты орында
Соңғы кезде МАЭС-тың электр энергияны өндіруі өсіп келеді. Былтыр 4,5 млрд кВт/ сағ өндірілген, ал биыл 9%-ға артық, яғни 4,9 млрд кВт/сағ деңгейінде өндіру көзделіп отыр. Оның үстіне қазіргі қуаттылықты пайдалану коэффиценті шамамен 87%-ға жетеді. Электр энергиясының басым бөлігін холдингтің өндірістік кәсіпорындары тұтынады, қалғанын Қарағанды облысының басқа ұйымдары сатып алады. Электр энергиясы KEGOC АҚ, ЖезАЭК және "Қарағанды Жарық" желілері арқылы беріледі, оның ішінде кеніштер мен "Қазақмыс Холдингтің" еншілес компанияларына апаратын электр беруші екі желі Kazakhmys Distribution ЖШС бөлімшесі арқылы басқарылады. МАЭС тек электр энергиясын беріп қана қоймайды, сонымен қатар жанында орналасқан Абай және Топар кентін, сондай-ақ Қазақстандағы ірі "Топар жылыжай" кенішін жылумен қамтамасыз етеді.

"2012 жылдан бастап Балқаш және Жезқазғандағы ТЭС-пен бірге Kazakhmys Energy құрамында болдық. Үш ай бұрын МАЭС – "Топар" басты үлестіруші электр станциясы" ЖШС болып жеке заңды тұлға ретінде бөлініп шықты. МАЭС-тегі өндірістік процестерді басқаруды жақсарту үшін ресейлік "ЮНИПРО" энергетикалық компаниясы тартылады деп жоспарлануда", - деді бас инженер abctv.kz-пен болған әңгімеді.

Оның айтуынша, электр энергиясының қуатын арттыру – оның табысы өседі деген сөз. Қазір МАЭС-тегі киловатт-сағатты өндірудің орташа өзіндік құны 4,2 теңге. Станциядағы негізгі қорларды жаңарту ғана емес, сондай-ақ ескі жабдықты ұстап тұру да шығын әкеледі. Жаңартылған технологиялық ресурстағы жоспарланған қуатқа толығымен көшу ғана келешекте өнімнің өзіндік құнын түпкілікті төмендетуге мүмкіндік береді.

Көмір шығыны
МАЭС-тың электр энергиясының өзіндік құнында көмір сатып алуға кететін шығын негізгі үлесті алады. Бір жыл ішінде электр станциясы 4 млн тоннаға жуық көмір жағады, басты жеткізуші – "Борлы" көмір департаментінің "Молодежный" разрезі. Жылу беру маусымында қажетті отын қорын қамтамасыз ету үшін биыл шамамен 360 мың тонна көмір Екібастұздағы "Богатырь" кен орнынан қосымша сатып алынды. Екібастұздық көмірдің сапасы көңілімізден шығады, оның жоғары жылу шығару мүмкіндігі отынға кететін шығысты, сондай-ақ ауаға шығатын зиянды қалдықты біршама азайтты деп отыр компаниядағылар.

Жабдықты жаңарту отынды ондаған пайызға аз жағуға мүмкіндік береді, жабдықты айырбастауға қатысты барлық жоспарланған жұмысты енгізгеннен кейін, отынның шығатын үлес салмағы бір киловатт-сағатқа 400-420 грамға дейін төмендеуі мүмкін.

Қазіргі жұмыс істеп тұрған және қайтадан қатарға қосылатын қазандықтар Қарағанды бассейнінің көмірін жағуға жобаланған. Сондықтан көмірді пайдалануда қандай да бір өзгеріс болады деген жоспар жоқ. Алайда МАЭС көмір өндіретін компаниялар жеткізілетін отынның сапасын жақсарту үшін өндіру мен байытудың заманауи технологиясына көшеді деп есептейді.

Экожүйемен үндесу
Энергия ресурстарының шығынын қысқарту ауаға шығатын парниктік газдардың қалдықтар көлемін азайтып, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуда көрініс табады.

"Он алты қазандықтың біреуін айырбастау – бұл әзірге "теңізге тамған тамшымен" бірдей. Өйткені бұл қалдықтардың жалпы көлемінде байқалмай да қалады. Дегенмен жабдықтардың басым бөлігін жаңаға ауыстыру жоспары- МАЭС-тың жұмысынан қоршаған ортаға келетін зиянды төмендетуге әкеледі. Барлық турбина мен қазандықты жаңғырту жылу- және электр энергиясын өндіруді арттырып қана қоймайды, сонымен қатар түтін газдарын екі сатылы тазартуды пайдалануда азот пен күкірт шаңын қысқарту арқылы экологиялық жағдайды жақсартады", - дейді Андрей Соловьев.

"Біз үшін тиімді газ тазалау жабдықтарын енгізу, қалдықтардың жалпы көлемін қысқарту үшін жану режимін басқару мен жөндеу негізгі міндет болып саналады. Жаңа қазандықтарды пайдалану бөлінетін жылуды пайдаланудың үнемділігін арттырып, өнімнің бірлігіне шығындалған отынның үлес салмағын төмендетеді. Шығындар азаяды, сәйкесінше, түтін газдарының шығуы да азаяды, оған қоса түтін газдарын тазалау, автоматты балқыту жүйесі бойынша жаңа жобалар енгізіледі. Мұның барлығы қызметкердің өндірістік процеске қатысуын азайтады, яғни барлығы автоматты түрде іске асады", - деп атап кетті ол.

"Біздің заманауи эмульгаторлардың ұстау шамасы 99,6% - бұл өте жақсы көрсеткіш, бұрынғы күлтұтқыштар тек 92-94%-ға ғана тазартатын, бірақ түтін газдарын барынша 99,99%-ға дейін тазалауға тырысамыз. Автоматты басқару болғандықтан, бірінші қазандықты орнатуда жұмыс істеу оңай болады. Онда біздің станциядағы технологиялық процестерді басқарудың алғашқы автоматтандырылған жүйесі орнатылған", - деді Сергей Мазной abctv.kz.-пен болған әңгімеде.

"Топар" МАЭС қазандығының машинисті Сергей Мазной

 Баспасөз-туры барысында ол қазандықтарға арналған көмекші жабдық- биыл Красногвардейск машина жасау зауытында жасалаған күлтұтқыш бар жабдықтарға қосылған түтін сорғыштардағы газарналарының жұмысымен таныстырды.

"Бұл жабдық бізге қазандықпен бірге көмекші құрал ретінде жеткізушіден келді. Ол көмір жанып біткеннен кейін қазандықтан түтін газдарын жоюға арналған. Ал газарналары күлтұтқыш жабдыққа орнатылады. Оның ішінде түтін сору мен түтін құбырларына беретін заманауи күлтұтқыштар, эмульгаторлар бар, осының нәтижесінде тазартылған газдар ауаға жайылатын болады. Біздің алып отырған заманауи жабдық, бұрынғы жұмыс істеп жүрген жабдықтан үнемділігімен ерекшеленеді және ол экологиялық жағынан да тиімді", - деді Сергей Мазной.

Электр станциясының күлтұтқыш қалдақтары өзінің үйіндісіне жиналады. Жаңа қазандықтарды іске қосу гидрокүлді жою жүйесінің жұмысын өзгертпейді. Биыл бөгеттерді салу жұмысы жалғасуда, алдағы уақытта күлді жинау үшін жаңа күл үйіндісін салу жоспарда бар деді Андрей Соловьев МАЭС-тегі экскурсия барысында.

 Жанындағы жерлермен қатар МАЭС Шерубай-Нұра су қоймасының суын пайдаланады.

"Су қоймасы біздің станция үшін салқындатқыш тоған болып табылады. Тоғаннан су аламыз да, конденсаторлық турбиналардың буын салқындатамыз. Содан кейін бұл су қайтып көлге барады. Яғни трубкалар арқылы өтіп, буды салқындатып, кері қайтады. Бөлінген лимитке сай орны толмас шығындар, барлығы ережеге сай. Ағызу кезінде оған химиялық цехтың күшімен сараптама жасалады. Біздің өзіміздің зертханамыз бар. Көлге қайтарылатын су сапа талабына сәйкес келеді, экологтар тарапынан ескерту жоқ", - деп түсіндірді бас энергетик.

Сондай-ақ кәсіпорын энергиямен жабдықтаудың бес жылдық бағдарламасы аясында электр энергиясын тұтынуды қысқартуға белсенді жұмыс жасап жатыр.

"Келесі жылы энергиямен жабдықтауға үлкен қаражат салу жоспарланып отыр. Барлық жерде жарықдиодты жарықтандыруға көшкен. Насосты жабдық және шаң сорғыш жабдықтарға электр энергияны үнемдеу үшін жиіліктік-реттемелі жетектер орнатылған. Бу мен су аралас шығындарды қысқартып, суды химиялық өңдеу сапасын арттырамыз", - деді Андрей Соловьев.

Парниктік газ қалдықтарын қысқартуға қатысты мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жайын сөз еткенде, ол сауда жүйесін енгізу МАЭС-тің қалдықтар көлемін қысқартуға ынталандыратынын айтты. ЖЭК саласында электр станция "жасыл" энергетиканы дамытуды қолдайды, оны ЖЭК көздерінен электр энергияны сатып алу шығындары есебінен атқарады. Бас инженер болашақта МАЭС-ке ЖЭК-ті енгізу жоспарланып отырмағанын айтты.

Жұмыскерлерді оқыту
МАСЭС-те шамамен 1,2 мың адам жұмыс істейді, негізінен бұл Топар кентінде тұратын жұмыскерлер. Жаңғырту процесінде жаңа жабдықпен тікелей жұмыс істейтін жұмыскерлер арнайы оқытылады.

"Бірінші кезекті іске қосудың аяқталу кезеңінде жөнделген жабдықты қайта басқаратын кадрларды, операторларды, машинистерді оқыту жүріп жатыр. Осы мақсатты іске асыру үшін МАЭС базасында оқу орталығы құрылған. Жабдықты дұрыс пайдалануды қамтамасыз ету үшін ол жерде мамандар оқытылады", - деді Константин Филипцов.

Қызметкерлердің жартысын жаңа жабдықпен жұмыс істеуге "Силовые машины" АҚ мамандары оқытты. Қалған жұмыскерлер жаңа турбиналар мен қазандақтар іске қосылғанға дейін басқаруға үйретіледі. Жұмыскер жақсы жұмыс істей алу үшін оқытуда жабдыққа орнатылған автоматикаға баса мән беріледі.

"Бастапқы бөлігін бізде жөндеу ұйымы пайда болып, жоба матералдары бойынша жеке оқыту кезінде оқып танысқан болатынбыз. Жақында ауысым басшысы, қазандық машинситері, қазандықты басқаруға қатысатын барлық жұмыскерді оқытудың кестесі беріледі. Жаңа жабдықты қабылдап,қазандықпен танысып, онымен жұмыс істей алу үшін іске қосу мен жөндеу жұмыстарын жүргіземіз", - деді қазандық машинсті Сергей Мазной abctv.kz-пен болған әңгімеде.

Гүлназ Ермағанбетова, Саян Абаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу