1 премьер-министр, 7 министр, 7 облыс әкімі...

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2412

Соңғы үш жылда елімізде шағын және орта бизнес қызметіне "қол сұққан" 328 лауазымдық тұлға бас бостандығынан айырылды.  

1 премьер-министр, 7 министр, 7 облыс әкімі...

Жауапкершілікке тартылғандардың біреуі – премьер-министр, жетеуі – министр және агенттік төрағалары, жетеуі – облыс әкімі мен орынбасарлары, 8-і – ұлттық компаниялардың басшысы, 8-і – күштік құрылымдардың жоғары басшылығының өкілі.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстардың салдарынан келген жалпы шығын – 240 млрд теңгеден астам қаржы. Бүгінде оның 44%-ы, яғни 106 млрд теңгесі өтелді.

Астанада өткен Қазақстан-Ресей бизнес-омбудсмендерінің І форумында баяндама жасаған ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев былайғы жұрт біле бермейтін осындай "қызықты" деректермен бөлісті.

Осы күні мемлекеттің жан-жақты қолдауына ие болып отырған екі сала бар болса, соның бірі – бизнес. Қазір кәсіпкерлік қызметте қай тұрғыдан болмасын жеңілдік көп. Бизнес өкілдеріне электронды форматтағы қызметтің көрсетіле бастауы да соның бір дәлелі. Осындай жеңілдіктердің арқасында көп мекеменің табалдырығын тоздырып, мезі болатын кәсіпкердің уақыты үнемделді. Бастысы сыбайлас жемқорлықтың қаупі азайды. Әйтпесе, "бұрын бір мекемеге кіріп, алақандай мөрді бастырып шығудың өзі пәленбай мың теңге тұрады" дей-тұғын білетіндер.   

Түптеп келгенде, кәсіпкерлік саласындағы кедергілерді азайтудың бір жолы – электронды қызмет түрлерін дамыту. Алик Шпекбаевтың деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстандағы мемлекеттік қызметтердің 60%-ы электронды форматта көрсетіледі екен. Ал осы жылдың бірінші жартыжылдығында қызметтердің 47%-ы онлайн режимде орындалған. Кәсіпкерлерге берілетін лицензиялар мен рұқсат қағаздары толықтай электронды форматта жүзеге асырылады.

"Бизнес-қоғамдастық бізден жүйелі әрекет күтеді. Бюрократиялық кедергілер мен сыбайластық қауіпті азайту бойынша атқарылатын шаралар бизнестің белсенді қызмет етуіне мүмкіндік береді", – дейді Алик Шпекбаев.

Қолға алынған реформалар өз нәтижесін беруде. Мәселен, жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіне сәйкес, "Соттық тәуелсіздік" индикаторы бойынша Қазақстан 111-орыннан 68-орынға көтерілді. "Doing Business-2016" дүниежүзілік банкінің рейтингінде Қазақстанның сот жүйесі 3 жыл ішінде 26 сатыға жоғарылаған. Атап айтқанда 190 елдің ішінде 35-орыннан 9-орынға көтерілді.

Былтыр мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл форумын ұйымдастырды. Аталған форумда бизнес үшін маңызды 16 салада сыбайлас жемқорлықты жоюдың жол картасын әзірлеу ұсынылған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан мен Ресей бизнес-омбудсмендерінің форумы алғаш рет ұйымдастырылды. Бизнес-омбудцмен инистуты Ресей Федерациясында бес жыл бұрын құрылған. Ал бұл институттың Қазақстанда жұмыс істей бастағанына бір жылдан асты.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу