"100 жаңа есім" жеңімпазы үстінен қылмыстық іс қозғалды

2259

Оған ірі көлемде алаяқтық жасаған деген айып тағылды. 

"100 жаңа есім" жеңімпазы үстінен қылмыстық іс қозғалды

Татьяны Немцан – Қазақстанда негізінен әйелдер ілгерілеткен "жасыл технологиялар" және "жасыл" даму қозғалысының көшбасшысы әрі белді өкілі. Ол "Қазақстанның 100 жаңа есімі" ұлттық жобасының жеңімпазы. 10 мың 436 отандасымыз оны жақтап, дауыс берді.

"Ақмола облысындағы Арнасай кентіндегі Вячеслав үлгілі орта мектебінің директоры Татьяна Николаевнаның білім ордасында хлор мен дәретхананың емес, үй тоқаштарының иісі аңқып тұрады. Бұл мектепте халықаралық делегациялар, комиссиялар, жоғары мәртебелі қонақтар, тіпті Президент те болып қайтқан. Мектептің жылыжайы, ал іргесінде жер учаскесі бар, сонда оқушылар ата-аналарымен бірге экологиялық және технологиялық стандарттарға сай көкөністер өсіреді. Картоптардың үлкендігі – қырыққабаттай! Ал қырыққабаты – қарбыздай! Балалар бақшада тамшылата суаруды енгізді", – делінген "Қазақстанның 100 жаңа есімі" ұлттық жобасының ресми сайтында  

Дәл ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында ел Үкіметі елордалық журналистердің үлкен делегациясын Арнасай ауылындағы осы үлгілі нысанға пресс-турмен апарды. Бірақ орамжапырақтай картопты, қарбыздай қырыққабатты байқай алмадық. Тіпті мысалы, жылыжай атыздарындағы өсімдіктерде дені дұрыс қызанақ болмай шықты. Бала кезімізде жап-жасыл, алқызыл және қып-қызыл қызанақтары самсап тұратын бақшалы үйде өскен жанбыз. Үлгілі жылыжайдағы мұндай оғаштықтың мәнісін сұрағанымызда, Т.Немцан ханым көкөніс-жемістерді бізден бұрын келген делегацияларға жинап бергендерін айтып ақталды.

"Балалар мен ата-аналар бақша өнімдерімен мектеп асханасын қамтамасыз етеді, сондай-ақ осында агробизнес негіздеріне үйренеді. Мектептің жетістіктерінің ғаламаты сондай, Ауыл шаруашылығы министрлігі өзгелерге оны назарға алуға ұсыным берді. Бұл тек "Жас фермер мектебі" бағдарламасы аясындағы жетістіктері ғана ал мектеп тап осы сияқты халықаралық жобалардың 29-ын иеленген: "Энергия үнемдеуіш технологиялар", "Менің экоүйім", тіпті сколиоз бен майтабан дерттерінің алдын алу жобалары бар", – дейді ұлттық жоба сайты.

Директор ханымның тек оқушылар мен ата-аналардың ғана емес, мұғалімдердің еңбегін пайдаланғаны, ірі сомадағы ақшаны жымқырғаны әшкере болып отыр.

2020 жылғы 18 мамырда Алматы қаласының Алмалы ауданының сотында Татьяна Николаевна Немцанның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтті. Оның анық-қанығы ақпарат құралдарына жария етілмеді. Дегенмен, кейбір егжей-тегжейі енді белгілі болып отыр. Оны белгілі заңгер Азамат Төлеуов жария етті. Бұл мәселе Azamat TV құқықтық арнасының жеке зерттеуіне де арқау болған.

Бұған дейін сарапшылық қауымдастық Т.Немцанды экология министрлігінің экологиялық білімді ілгерілету жөніндегі сарапшысы ретінде де білетін. Алайда экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев одан басын ала қашып отыр.

"Татьяна Немцан сарапшы ретінде министрдің бұйрығымен тағайындалмаған, ондай бұйрық та жоқ. Ол бізге тек бір рет сарапшылық қолдау көрсетті: "Республикалық экологиялық сағатты" дайындау кезінде бастауыш, орта және жоғарғы сыныпқа сабақ беретін педагогтерге әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Экологиялық сағат 2019 жылғы 3 қазанда барлық мектептерде өткізілді", – дейді министр.

Заңгер-ғалым Азамат Төлеуовтің мәліметінше, мемлекеттік айыптаушы Немцанды "алаяқ" деп айыптап отырған көрінеді.

"Ол көп миллиондық афераны жүзеге асырған. ЭКСПО-2017, "жасыл" экономика дегенді жамылып, қаншама қыруар ақшаны игерді. Енді алаяқтығы және кәсіпкер Галина Сейдыханованың 1 млн АҚШ доллары түріндегі мүлкін иемденіп алғаны үшін Татьяна Николаевнаның үстінен қылмыстық іс қозғалып отыр", – дейді А.Төлеуов.

Т.Немцан "Акмолинская правда" газетіне 2015 жылдың наурызында сұхбат беріпті. Сонда ол идеяны күйеуі Юрий бергенін жеткізді. Юрий Михайлович – шаруа қожалығының басшысы.

"Татьяна Немцанның жұбайы зауыттардың біріне ұн сатады. Алайда кәсіпорын оның ақысын төлей алмай қалады да, қайтарымы ретінде елордадан 40 шақырым жердегі танымал Вячеслав су қоймасындағы өзінің демалыс базасын алуды ұсынады. Бұрынғы "Балықшылар үйінен" қабырғаларынан басқа көп ештеңесі қалмаған, күрделі жөндеуді қажет ететін. Тиісінше, тозығы жеткен демалыс базасында ешкім де демалмайтын. Оны иеленген Юрий әйеліне соны мектеп қарауына алып, жөндеп, туризмді дамытуға кеңес береді. Т.Немцан кейіндері мектептегі жұмысы мен "Лазурный залив" аталған демалыс базасын басқаруды қатар алып жүруге тура келгенін еске алды. Содан мектеп қызметкерлері сабақтан шыққасын, сондай-ақ демалыс күндері және каникулда жөндеу жұмыстарымен айналысты, бояды, соңынан қонақ қабылдады", – деп хабарлады Azamat TV құқықтық арнасы.

Ол кезде ұстаздарды сабақтан басқа іске тартуға тыйым салатын "Педагог мәртебесі туралы" заңы әзірге қабылданбаған. Т.Немцанның мәліметінше, жартылай күйреген "Балықшылар үйінің" жап-жақсы күйге келтірілгені сонша, осы демалыс базасын кепілге қойып, ірі кредит ала алыпты. Сонымен қатар базаның өзі арендаға берілген.

Бұдан бөлек, "ауыл мектебі оқушыларына доп алу, үйірмелер ашу, костюм тігу және басқа да мақсаттарға қаражат жинау" үшін "Ақ бота" қоры құрылады. Ал қордың құрылтайшысы Юрий Немцан болған. Қор бұлақты тазарту үшін 2 мың доллар грантқа қол жеткізгесін олар "жасыл" технологиялардың қомақты қаражат әкелетінін түсініп, осы саламен белсенді шұғылдана бастайды. Мысалы, Арнасайда еліміздегі тұңғыш күн биовегетарийін салу жобасын қолға алып, онысы ел көлемінде дәріптелді. Сол жерде "Жасыл технологиялар орталығы", "Жасыл технологиялар академиясы", "Вермикультивациялау орталығы" (мал қиында жасанды түрде жауын құртын өсіру), "Органикалық тамақ өнімдерін өңдеу орталығы" ашылды. Бұл жерге ЭКСПО-2017 шетелдік қонақтары да тасылды.  

Сонымен қатар ол "Әйелдер болашақ энергиясы үшін" форумына кірді.

Заңгерлік кеңесші Неля Бадамшина "жасылтехнологияшыл" сарапшының шектен тыс берешекке батқанын нұсқады.

"Шыны керек, афераның үстіне афера жамалған. Ірі болғанымен, бір ғана жер телімін сансыз көп кепілге беріп, осы отбасы қыруар қарыз ақша алған. Ол әрине, кері қайтарылмаған. Немцан ісі басталғалы әлгі кентке талай баруыма тура келді. Сол жерінің әр шаршы метрі әралуан берешектері бойынша бірнеше рет бұғатталыпты. Несиелерді Татьяна Немцанның өзі де, күйеуі де ала берген. Юрий қамауда отырып шықты: қарыз берген кәсіпорындардың кейбірінің құрамында мемлекеттік үлес болғандықтан, оған қатысты алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалды. Галина Сейдыхановадан Татьяна алған қарыз да сол қайтпағандар қатарында. Тергеу өте күрделі жүрді. Неге? Жедел және тергеу топтары қаншама рет іссапарға қаражат жұмсап, Т.Немцаннан ауылға барып жауап алуға мәжбүр болды. Өйткені тергеуге келу туралы SMS-хабарлама ала салысымен, ол ертесіне ауруханада жатқаны жөнінде анықтама жібереді", – дейді Неля Бадамшина.

Алайда әлеуметтік желілерде дәл сол кезде шетелдік қонақтар тобымен кездескені туралы ақпарат жарияланады. Тіпті Миланға сапарлапты.

Сотта айыпталушы 1 млн доллар қарызынан бас тартпайтынын мәлімдеген екен. Бірақ 2014 жылдан бері бермегенде, қашан берері беймәлім. Татьяна Немцанды әзірге қамауға алмауға шешім қабылданыпты. Оған тағылған айыптардың рас-өтірігін тек сот шешеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу