19 наурызда Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы өтеді. Inbusiness.kz тілшісі осыған сәйкес сайлаушыларға арналған жадынама дайындады.
Сайлаушылар қандай құжаттар әкелуі керек?
Сайлау бюллетенін алу үшін өзіңізбен бірге жеке куәлік болуы керек. Дауыс беру тұрғылықты жері бойынша әкімдіктер жасайтын сайлаушылар тізімдері негізінде жүргізіледі. Оған белсенді сайлау құқығы бар Қазақстан азаматтары кіреді. Нақтырақ айтақанда:18 жасқа толған, әрекетке қабілетті және сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырмаған тұлғалар.
Қалай дауыс береміз?
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, бюллетень жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде сайлаушылар тізімдері негізінде беріледі. Келесі кезекте сайлаушы бюллетеньді алғаннан кейін тізімге қол қояды. Сайлаушылар бюллетеньдерді жасырын дауыс беру кабинасында толтырады. Әр адам толтырған бюллетеньді сайлау жәшігіне салады.
Дауыс беру бюллетеніне қарындашпен белгі қоюға, сондай-ақ қандай да бір түзетулер енгізуге болмайды.
Егер сайлаушы бюллетеньді өз бетімен толтыра алмаса, онда ол уәкілетті тұлғаның көмегін пайдалануға құқылы.
Сайлаушылар дауыс беруге келе алмаса не істеу керек?
Кейбір сайлаушылар денсаулығына байланысты дауыс беруге келе алмайды, себебі олар науқас отбасы мүшесіне күтім жасайды, сондай-ақ сайлау учаскелері құрылмаған шалғай және жетуге қиын аудандарда тұрады.
Бұл ретте учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушылардың дауыс беруін тұрғылықты жері бойынша ұйымдастыруға міндетті. Алайда ол үшін сайлаушы алдын ала жазбаша өтініші беруі тиіс.
Сайлау учаскесін қалай табуға болады?
Учаскені Электронды үкімет порталында ЖСН-ды енгізу арқылы табуға болады. Сонымен қатар iKomek бірыңғай байланыс орталығы 109 телефоны арқылы тәулік бойы жұмыс істейді. Операторлар телефон қоңырауларына жауап береді, iKomek мессенджерлері арқылы сұраныстарды қабылдайды.
Сайлаушылар тізімінде бар-жоғымызды қалай тексереміз?
Бір адам бір ғана сайлаушылар тізіміне енгізіледі. Учаскелерде сайлаушылар дауыс беру күніне 15 күн қалғанда тізімдері жасалады. Сол арқылы мәліметтердің дұрыстын тексеруге болады. Азаматты белгiлi бiр сайлау учаскесi бойынша сайлаушылар тiзiмiне енгiзу үшiн оның тұрғылықты жерi бойынша, көрсетiлген аумақта тiркелу фактiсi негiз болып табылады.
18 наурыз "тыныштық" күні
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау күні және оның алдындағы күні сайлау туралы кез келген үгітке тыйым салынады. Ол – "тыныштық" күні. Сайлау комиссияларының үй-жайынан және дауыс беруге арналған нысаннан тыс жерлерде бұрын ілінген басқа да үгіт материалдары бұрынғы орындарында сақталуы мүмкін. Интернет желісінде бұрынырақта жарияланған үгіт материалдары қала береді. Тек бұрын жарияланған материалдарды интернет-ресурстың басты бетіне шығаруға рұқсат берілмейді.