2,9 трлн теңгенің 1285 жобасы жүзеге асырылып жатыр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3777

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке шетелдіктер қызығушылық танытуда.

2,9 трлн теңгенің 1285 жобасы жүзеге асырылып жатыр

Елімізде "Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы" жаңа заң қабылданғаннан бері билік пен бизнес әлеуметтік тапсырмаларды бірлесіп шеше бастады.

Екі жақ ортақ іс-қимылға негізделген жобаларды тәуекелді тең бөлісу арқылы жүзеге асыратын болды. Бұл бастама қос тараптың бір-біріне деген сенімі мен қолдауын арттырды.

Атап көрсетерлігі, "Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы" жаңа заң кәсіпкерлерге тың мүмкіндік берді. Бұған дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тек мемлекеттік жобалар ғана іске асырылатын. Қазір кәсіпкерлерге жоба ұсыну құқығы берілді. Бұл кәсіпкер өзі қызыққан жобаны дайындап, оны мемлекетпен бірлесіп жүзеге асыра алады деген сөз.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың мәлімдеуінше, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ел экономикасына оң әсер еткен. Соңғы жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы инвестиция тарту көлемі ауыз толтырып айтарлықтай ұлғайған.

"Билік пен бизнестің өзара ықпалдасуы жалпы ішкі өнімді 0,2%-ға өсірді. Бүгінгі таңда 2,9 трлн теңгенің 1285 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 548 жобамен шарт жасалды. Бұдан бөлек жалпы сомасы 1,4 трлн теңге шамасындағы 737 жобамен келісім рәсімделіп жатыр. Жобалардың басым бөлігі білім, денсаулық сақтау, энергетика, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, мәдениет және спорт салаларына тиесілі. 25 жоба республикалық деген мәртебеге ие болып отыр. 9 жобамен келісімшарт жасалып, 2 жоба – байқау, 14 жоба жоспарлау сатысында. Рәсімделген келісімшарт көрсеткіші бойынша Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары мен Алматы қаласы өзге өңірлердің алдында тұр", – деді Руслан Дәленов.

Министрдің мәлімдеуінше, бұдан былай мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында атқарылатын жұмыстар салалық мемлекеттік бағдарламаларды да қамтиды. Мысалы, қазір білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жоғары оқу орындары мен колледж жатақханаларының құрылысы жүріп жатыр. Бұл іс мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында атқарылуда.

"Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы" АҚ басқарушы директоры Айдос Көбетовтың сөзінше, еліміздегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке шетелдіктер ерекше қызығушылық танытуда.

"Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік әдісімен жұмыс істеу бізге шетелден енген тәжірибе. Әлемнің дамыған елдері бұл процестен әлдеқашан өткен. Сондықтан мұндай жолмен жұмыс істеу тиімді екенін шетелдік инвесторлар жақсы біледі", – деді басқарушы директор.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында министрлік жетекшілік ететін салаларда 32 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 10-ы – республикалық, 22-сі – өңірлік жоба.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу