Ресейлік компания Үкіметтен газды тегін беруді сұрап отыр

8671

Қазақстан және Ресей үкіметтерінің арасындағы "Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу" жобасын іске асыру туралы келісімнің жобасы ашық жарияланды.

Ресейлік компания Үкіметтен газды тегін беруді сұрап отыр

Бір қарағанда, бұл инвестжоба өзге контрактілерден еш ерекшеленбейді. Ресейдің "ЕвроХим" минералдық-химиялық компаниясы өзіне тиесілі қазақ жеріндегі "жобалау компаниясы" – "ЕвроХим-Қаратау" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және "жер қойнауын пайдаланушы" мәртебесіндегі "ЕвроХим-Удобрение" арқылы Жамбыл облысының Сарысу ауданында минералдық тыңайтқыштар зауытын салады.

Алайда осыған орай 20 жылға жасалып отырған "ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы "Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу" жобасын іске асыру туралы келісім" жобасына Ресей жағының енгізген талаптары сарапшыларды қайран қалдырды.

Атап айтқанда, құжатқа сәйкес, кейбір қазақстандық заңдар қазақ жеріндегі ресейлік бұл компанияға таралмауы мүмкін.

"Жобалау компаниясы және оның үлестес тұлғалары мердігерлер мен қосалқы мердігерлер жасаған қазақстандық заңнаманы қандай да бір бұзушылықтар үшін жауапкершілік арқаламайтынына Қазақстан тарапы келіседі. Жобалау компаниясына кез келген салықтар мен кедендік төлемдерге қатысты қазақстандық заңнамамен белгіленетін кез келген әкімшілік санкциялар қолданылмайды" деп жазылған құжаттың "Жауапкершілік" бөлімінде.

Ресейлік компания ел Үкіметінің трансферттік баға белгілеуіне де бағынбайтын болады: "Құрылысы және зауытты пайдалану кезеңі ішінде трансферттік баға белгілеуді реттеу саласындағы қазақстандық заңнама жобалау компаниясына және оның аффилирленген тұлғаларына қолданылмайды".

Кейде мемлекеттер халыққа жаңа жұмыс орындарын құру үшін инвестор алдында осындай "жеңілдікке" барады. Алайда ресейліктерге және олардың барлық мердігерлеріне зауыт құрылысына және ондағы жұмысқа жергілікті мамандарды алмауына рұқсат беру жоспарланған.

Бұл да келісім жобасында көрсетілген:

"Осы келісім арқылы тараптар жобалау компаниясына, оның аффилирленген тұлғаларына, сондай-ақ олардың мердігерлері мен қосалқы мердігерлеріне зауытты салу және пайдалану кезеңінде жобаны іске асырудың барлық аспектісіне қатысты және кез келген сатысында шетелдік қызметкерлерді еш шектеусіз (соның ішінде шетелдік жұмыс күшін тартуға қандай да бір рұқсат алусыз) тартуға және жалдауға рұқсат етілетініне келісті" делінген "Шетелдік жұмысшыларды жалдау және тарту" бөлімінде.

Көптеген мемлекеттер бұған салық төлеп, бюджетті толтыратын компаниялар қатарын көбейту үшін барады. Ал келісім бойынша кәсіпорын салықтан босатылмақ.

Атап айтқанда, жобалау компаниясы "жобадан түсетін кез келген табыстар бойынша Қазақстанның салық заңнамасына сәйкес есептелетін корпоративтік табыс салығынан босатылады".

Бұдан бөлек, жобалау компаниясы да, оның аффилирленген компаниялары да, тіпті мердігерлер мен қосалқы мердігерлер де қосылған құн салығын (ҚҚС), кедендік баж салықтарын төлемейтін болады.

Отандық бизнесмендер, тіпті қарапайым қазақстандықтар төлейтін өзге салықтар ше? Оларға қатысты Қазақстан Үкіметі жобалау компаниясы мен оның аффилирленген тұлғаларына: "(а) жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын есептеу кезінде жер салығының тиісті мөлшерлемелеріне 0 (нөл) коэффициентін қолданады; (b) жобаны іске асыруға және құрылыс нысанын пайдалануға байланысты пайдаланылатын жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемді есептеу кезінде 0 мөлшерлемесін қолданады; (с) 0 пайыздық мөлшерлеме бойынша мүлік салығын есептейді".

Бұл шарттардың барлығы уақытша емес және бір бекітілгеннен кейін қайта қарауға жатпайды.

"Қазақстан Үкіметі Қазақстан заңнамасына енгізілген және жобалау компаниясының жағдайын нашарлататын немесе жобаның экономикалық көрсеткіштеріне теріс әсер ететін кез келген өзгерістер мен толықтырулар 20 жыл ішінде жобалау компаниясына қолданылмайтынына келіседі және сол үшін барлық шаралардың қабылдануын қамтамасыз етеді".

Ел Үкіметі ресейлік компанияны барлық қажетті шикізатпен, көліктік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге міндеттенеді.

Нақтырақ тоқталсақ, келісім жобасында айтылғандай, қазақстандық тарап 2020 жылдан кешіктірмей, зауыт тұрған жерге 6,5 шақырым айналма автожолын төсеуі, 2022 жылға дейін "Жаңатас" станциясынан "Заводская" станциясына дейін ұзындығы 25 шақырым темір жол салып беруге тиіс.

Ел Үкіметі келісім күшіне енгеннен кейін 3 ай ішінде жобалау компаниясы мен Қазақстан бекітетін жергілікті компания арасында табиғи газды жеткізу бойынша ұзақмерзімді келісімшарттың бекітілуін қамтамасыз етеді. Құжатта айтылғандай, жаңа зауытқа жеткізілетін газ мөлшері жылына 760 миллион текше метрді құрамақ және "көгілдір отын" аса сапалы, "ГОСТ 5542-87г" стандартының талаптарына сәйкес болуы шарт екен. Оны ресейлік компания тек жеңілдікпен сатып алмақ, "Қазақстан Үкіметі жеткізушінің 1000 текше метр газ үшін 50 доллар көлемінде жеңілдікті баға ұсынуын қамтамасыз етеді".

Салыстыру үшін айтсақ, жақында "Газпром экспорт" басшысы Елена Бурмистрова Ресейдің "Газпромы" 2019 жылы өзге елдерге газды әрбір мың текше метрін 230-250 доллардан жеткізетінін хабарлады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу