Әкімдіктің мүддесі Алатаудан неге биік

2419

Алатау жақта биік ғимарат салғызатын құжат қызу талқылануда.

Әкімдіктің мүддесі Алатаудан неге биік Фото: Максим Золотухин

Алматы билігінің шешімі жұртшылықтың наразылығын тудыруда. Халық оған қарсы шағымын ашық айтып жатыр.

Алматы қаласының басшылығы ІІІ сайланған Алматы қаласы мәслихатының XXVІ сессиясының "Алматы қаласы аумақтарының функционалдық аймақтарында құрылыс салудың қалақұрылыстық регламенттерін жүзеге асыру жоспарын бекіту туралы" 2006 жылғы 20 қарашадағы №284 шешіміне өзгерістер енгізу туралы шешім жобасын халықтың талқылауына шығарды.

Бұл ретте әдейі жасалған ба, белгісіз, бірақ құжат қоғам талқылауына "8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесі" өткеннен кейін және әз-Наурыз мерекесі қарсаңында, яғни, дәл халық сүргелдеңге түсіп, лайықты атап өту қамымен жүретін мерекелер ортасында шығарылып отыр. Оның үстіне талқылау мерзімі мейрам түгесілетін 25 наурызда аяқталмақ. Бірақ бұл оған көмектесе алмады.

Халықтың қарсылығының күшті болғаны сонша, қоғамдық талқылаулар жүргізу үшін арнайы құрылған мемлекеттік нормативтік құқықтық актілердің интернет ресурсында, "Ең көп талқыланатын жария талқылаудың НҚА жобалары" арасында бұл шешімнің жобасы тіпті бүкіл журналистерді дүрліктірген аккредитация туралы өзгерістер жобасын да ысырып шығарды.

Сонымен, құжат мәнісіне тоқсалсақ. Оған сәйкес, "Алматы қаласының бас жоспарына және Алматы қаласы әкімінің ұсынуына сәйкес, қалалық ортаны кешенді көріктендіру және эстетикалық ұйымдастыру, сондай-ақ экологиялық қолайлы, қауіпсіз әрі әлеуметтік ыңғайлы тіршілік ортасын құру мақсатында", VІ сайланған Алматы қаласының мәслихаты келесі шешім қабылдамақ.

Біріншіден, қалалық мәслихат 2006 жылы өз шешімін бекіткен "Алматы қаласы аумақтарының функционалдық аймақтарында құрылыс салудың қалақұрылыстық регламенттерін іске асыру жоспары" өзгертіледі.

Екіншіден, Алматының белгілі бір бөліктерінде үш қабаттан биік үй салуға қатаң тыйым салынады.

Үшіншіден, қала басшылығы бірқатар нысандарға үш қабаттан биік болуға рұқсат етпек. Жаппай шектеуден кейбір "таңдаулыларды" босатып, "ала қойды бөле қырқу" халыққа да, бизнеске де ұнамай отыр.

"Шығыс айналма автомобиль жолынан (ШААЖ), Әл-Фараби даңғылынан, Сайын даңғылынан, Жандосов көшесінен оңтүстікке қарай (Саин көшесінен бастап, қала шекарасына дейінгі аумақта) орналасқан барлық ғимараттың параметрлері үш қабаттан биік болмайды деп анықталсын" делінген құжатта. Рас, осы үш қабатта ел арасында "цоколь" деп аталатын жер бетінен шығыңқы, бастапқы іргелік қабат саналмайды.

Бұл ретте құрылыстың барлық түрінің ең жоғарғы биіктігі (шатырдан жерге дейін) 12 метрден үлкен болмауға тиістігі қатаң бекітілмек.

Алайда осы шешім арқылы қала билігі "денсаулық сақтау, білім беру, туризм және мәдениет саласындағы" әлдебір "халықаралық деңгейдегі әлеуметтік маңызы бар нысандарға" бұл шектеуге бағынбауға мүмкіндік бергелі отыр. Құжатта "бұларды қоспағанда", "за исключением" деп арнайы көрсетілген.

"Халықаралық деңгейдегі" қандай жобалар өзгелерге биіктен қарайтыны құжатта нақтыланбайды.

"Бұл түзетулердің өзі ақылға сыймайды. Өйткені жұртшылыққа дәл осы жерлерде, аталған аймақта "халықаралық деңгейдегі" заңғар биік әлеуметтік объектілер тұрғызудың не үшін қажеттілігін дәлелдейтін бір де бір жазбаша негіздеме ұсынылған жоқ. Қазіргі кезде Алматыда тәуелсіз эксперттік архитектуралық-қала құрылысы кеңесі жоқ. Демек, бұл шешімде сыбайлас жемқорлық нышандары бар. Себебі, қандай нысанды "халықаралық деңгейдегі әлеуметтік маңызы бар объект" деп танып, алып құрылыс салуға рұқсат беруге болатыны туралы шешімді әкімдік қызметкерлері және аудандық бөлімшелер қабылдайды ғой", – дейді қала белсендісі, сарапшы Елена Ерзакович.

Алатау бөктеріндегі "шұңқырға" қамалған мегаполисте Әл-Фараби даңғылынан жоғарыда үш қабат түгіл, кез келген құрылыс жүргізуге қатаң тыйым салу туралы да ұсыныстар айтылуда.

Экологтар да бұған алаңдаулы.

"Біз бұл өзгерістерден бас тартуды талап етеміз! Бұл түзетулер ел басшылығының тапсырмасын айналып өтіп, Әл-Фараби даңғылынан жоғары жерлерде құрылыс жүргізу мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді! 2016 жылғы ақпанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ол жақта 3 қабаттан немесе 12 метрден биік болатын ғимарат салуға тыйым салу туралы нұсқау берді және елбасы қандай да бір нысанды бұл тыйымнан шығарып, даралап алуға болатыны туралы айтқан жоқ. Сонда не, біздің әкімдік пен мәслихатқа мемлекет басшысының сөзі де тоқтау емес пе?! Тау етегіне қаптатып құрылыс салу Іле Алатауының экологиялық жүйелеріне түзеуге келмес зиян келтірді. Олар қазір қала ауасын ластанудан тазартып келген жел ағындарының қалыптасу процесіне теріс ықпал етуде. Мұны Қазгидромет пен тәуелсіз мониторингтік ұйымдар айтып отыр. Олардың дерегінше, Алматы ауасы ластанудың өте жоғары деңгейіне жеткен. Алматы 2019 жылдың қаңтарында Қазақстандағы ауасы ең лас қалалардың үштігіне кірді. Олай болса, тау бөктері жақта кез келген үлкен ғимараттар салуға жол беруге болмайды", – дейді қала тұрғыны Светлана Спатарь.

Расында, Қазгидрометің 2019 жылғы қаңтар айындағы есебі бойынша, Алматы қаласында бүгінде "жалпы атмосфералық ауаның ластану деңгейі өте жоғары деп бағаланып отыр". Әсіресе, азот диоксидінің шоғырлану көлемі өте көп екендігі анықталған.

"Азот диоксидінің орташа ластаушы заттарының шоғырлары ШЖШо.т.-тан (шекті жол берілген шоғыр) 1,6 есеге, формальдегид – 1,3 есеге, шаң – 1,1 есеге көп" делінген онда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу