2 трлн теңгенің 147 жобасы жүзеге асырылады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
8825

"Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағы көш бастап тұр.

2 трлн теңгенің 147 жобасы жүзеге асырылады

Қазақстанда 12 арнайы экономикалық аймақ (АЭА) және 23 индустриялық аймақ бар. Бұлар елімізге инвестиция тарту және экспортты ілгерілету үшін құрылған.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың сөзінше, болашақта Петропавл, Қостанай, Ақтөбе, Байқоңыр қалаларында тағы төрт АЭА пайда болуы мүмкін.

"Арнайы экономикалық аймақ аумағында 2002-2019 жылдар аралығында 183 жоба іске қосылды. Шетелдіктер 46 жобаға қатысты. Осы уақытқа дейін 15,5 мың жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке 150 млрд теңге салық түсті", – деді Роман Скляр үкімет отырыстарының бірінде жасаған баяндамасында.

Белгілі болғандай, АЭА-ның инфрақұрылымына республикалық бюджеттен 314,3 млрд теңге жұмсалған. Бұл ақша 910 млрд теңге инвестицияға айналып,  еселеніп қайтқан.

"Арнайы экономикалық аймақ инфрақұрылымына салынған бюджеттің 1 теңгесі 2,8 теңге жеке инвестиция тартты", – деді министр.

Оның сөзінше, 2021 жылға қарай АЭА аумағында 2 трлн теңгенің 147 жобасы жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда "Оңтүстік" АЭА инвестиция тарту көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Мұндағы тоқыма кластері бюджеттің 1 теңгесіне 15,5 теңге инвестиция тартып отыр. "Павлодар" АЭА-да міндетін мінсіз атқарып тұр. Ол алюминий өндірісін дамыту арқылы бюджеттің 1 теңгесін 12 теңгеге айналдырып отыр. Ал "Химпарк Тараз" және "Инновациялық технологиялар паркінің"  жұмысы ақсап жатыр.

АЭА-ны халықаралық деңгейде дамыту үшін "Қорғас – Шығыс қақпасында" құрғақ порт құрылып, Қытай шекарасынан Ақтау портына дейін логистикалық сервис ұйымдастырылды. Айта кетейік, елімізде "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" заң бар. Осы заң АЭА-ға кәсіби басқарушы компания тарту, шетел инвестициясының құйылуына жағдай жасау мен инвесторларға салық жеңілдігін ұсыну сынды сұрақтарды шешіп, жер телімін бөлу рәсімдерін  оңтайландырып, әкімшілік кедергілердің алдын алып отыр. Салық төлемдері мен кедендік-тарифті жеңілдету мәселесі де жоғарыдағы заң аясында қаралады.

Еліміздің 9 өңіріндегі 23 индустриялық аймақтың 21-і мемлекеттік, екеуі жекеменшік. Мұнда 183 млрд теңгенің 168 өндірісі іске қосылған. 8,5  мың адам жұмыс істейтін жобаның инфрақұрылымына 85,9 млрд теңге жұмсалған.

"Индустриялық аймақта 2021 жылға қарай 520 млрд теңгенің 173 жобасы іске қосылады. Бүгінгі таңда Қызылорда облысындағы индустриялық аймақтар тартылған инвестиция көлемі бойынша бірінші орында тұр.

Шымкент қаласында 43 млрд теңгенің 60 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ал Түркістан облысында 7 индустриялық аймақ бар", – деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу