"2025 жылға дейін 24 мың шақырым жол жөнделеді"

11911

Жолдың сапасы мен инфрақұрылымы – кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық деңгейін айшықтайтын көрсеткіші іспетті.  

"2025 жылға дейін 24 мың шақырым жол жөнделеді"

Жолына қарап, сол мемлекеттің қаншалықты өркендегенін байқауға болады. Ал елімізде жол сапасын жақсарту мақсатында қандай шаруалар атқарылуда? Осы салаға қатысты қабылданған бағдарламалардың нәтижесі қандай? Бұл жөнінде "QazAvtoJol" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліповке бірнеше сауал тастаған едік.

– Ұлан Тоқтарбайұлы, 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстар жолды жақсартуға қаншалықты тиімді болып жатыр? Бүгінге дейін қанша жол жөнделді, пандемияға байланысты қандай да бір іркілістер болды ма?

– Былтыр 31 желтоқсан күні қабылданған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы жақсы да сапалы жолдарды сала отырып, бәсекеге қабілетті көлік инфрақұрылымын құруды көздейді. Бағдарламада қамтылған алты жылдың ішінде 11 мың шақырым жолды салу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуге тиіс. Соның ішінде республикалық маңызы бар автожолдардың жағдайын 100% жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізуіміз керек. 

Ал биыл "Нұрлы жол" бағдарламасына сәйкес, жалпы ұзындығы 4 мың шақырым жолдың құрылысын жүргізу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Мақсатымызға жетуге дүниежүзін жайлаған пандемия да кері әсерін тигізе алған жоқ. Осылайша, Үкімет жүктеген 2 607 км жолды аяқтау жөніндегі тапсырманы толығымен орындап шықтық. Атап айтқанда, Жетібай – Жаңаөзен (73 км), "Бейнеу – Ақжігіт (85 км), Нұр-Сұлтан – Павлодар (115 км), Үшарал – Достық (60 км), тағы басқа да бағыттардағы автокөлік жолдары ашылды. Бұрын жылына әрі кетсе, 700 шақырым жол қозғалысы ашылып келгенін ескерсек, бұл – бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш деуге болады.

Бұған қоса, 1 882 шақырым жолда күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қолға алынып, оның 1 061 шақырымы кестеге сай аяқталды.

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында атап көрсетілгендей, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі тың инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, қызмет көрсету сапасын жақсарту және транзиттік бағдарлардағы жылдамдықты арттыру есебінен өсуге тиіс. Осыған сәйкес алдымызда тұрған басты міндет – 2025 жылға дейін 24 мың шақырым жолды, яғни республикалық маңызы бар жолдардың бәрін қайта жөндеп, жол бойындағы қызмет көрсетумен қамтамасыз етуіміз керек.

– Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан – Щучье, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Алматы – Қорғас және Алматы – Қапшағай бағытында төрт ақылы автожол салынғаны белгілі. Алдағы уақытта тағы қанша автожол ақылы болуы мүмкін?

– Ақылы автомагистралдарды салу –  әлемде бар тәжірибе. Дүниежүзінің дамыған елдерінде бұл мәселе жақсы жолға қойылған. Қазақстанда да біртіндеп іске қосылып жатыр. Бұл ақылы тас жолдардан жылына 5 млрд теңгеден астам қаржы түсіп отыр. Жиналған қаражат жолдарды күтіп ұстауға, жөндеуге жұмсалады.

Келесі жылы тағы бірнеше жолды ақылы ету жоспарда бар. Осыған байланысты былтыр инвестициялық конкурс өткізіп, онда Computer Vision Technologies компаниясы жеңіске жетті. Консорциум да ұйымдастырылып, тайвандық компания консультант болды. Олар 11 мың шақырым жолды ақылы етуді жоспарлап отыр. Биыл автожолдың 13 бөлігі, яғни 5,8 км жол жылдың соңына дейін ақылы болмақ. Бұл учаскелерде қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды, кейбір бөлігі пилоттық режимде пайдалануға берілді.

Ал келесі жылы 5 800 шақырым жолды ақылы ету жоспарланып отыр. 2024 жылы тағы 11 мың километр жол ақылы болады деп жобалануда.

– Енді жұртшылық тағатсыздана күтіп жүрген жолдардың жай-күйіне тоқталсақ. Айталық, басы Нұр-Сұлтан қаласынан басталатын Қарағанды –Балқаш – Алматы тас жолы қашан пайдалануға беріледі?

– Өткен аптада ғана мен көлікпен Балқаш арқылы шығып, Алматыға, одан әрі Меркі, Бурылбайтал жолдарын көріп келдім. Мұнда жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Саршағанның маңайында Бурылбайталға қарай өтетін екі учаске бар. Осында бұрын қытай және әзербайжан компаниялары жұмыс істеген еді. Олар міндеттерін дұрыс орындамағаннан кейін, біз келісімшартты үзіп, Дүниежүзілік банкпен келісе отырып, қайтадан конкурс өткіздік. Қазір аталған учаскенің жұмысын басқа мердігер қолына алды. Ал Шу мен Бурылбайталдың арасында "АБК" деген компания жұмыс істеп жатыр. Олар келесі жылға дейін жолды жөндеп бітіреміз деп уәде беріп отыр.

– Сонда бұл жол нақты қай жылы, қай уақытта пайдалануға беріледі?

– Келісімшарт бойынша 2022 жылдың жаз айында барлық жұмысты аяқтаймыз.

– Алматыдағы "Алтын Орда" әмбебап базары тасжолының күрделі жөндеуі де жыр болғалы қашан...

– Алматыдағы "Алтын орда" жолының 10 жолағы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал жоба толығымен 2021 жылы аяқталады. Негізі бұл жолдың жөндеу жұмыстарын биыл аяқтаймыз деп ойлағанбыз. Бірақ пандемияға байланысты сәл кейінге шегерілді. Себебі жол тура облыс пен қала шекарасында орналасқан. Карантин кезінде бұл жерге блокпостар қойылды да жұмыс істеуге рұқсат берілмеді. Кідіріс болғаны да сондықтан.

– Республикалық маңызды жолдарды жөндеуге қаржы қайдан тартылатынын да айта кетсеңіз?

– Инфрақұрылымдық жобаларға қаржы тартудың бірнеше бағдарламасы бар. Айталық, "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында жаңадан іске қосылатын және категориясы өзгеретін жолдарға әртүрлі қаржы көздері тартылады. Бюджеттен бөлінетін қаражаттан бөлек, Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкімен, қытайдың Эксимбанкімен, т.б келісімдер жасалады.

Жолды күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына, қалпына келтірілген жолды күтіп-баптауға қаржы бюджеттен бөлінеді. Осы бюджеттен қаржыландырылатын бағдарламада қаржы жетіспеушілігі бар. Сол себепті  жетпеген ақшаның орнын ақылы жолдардан түскен қаржымен толтырамыз. 

Сұхбат алған Қымбат Нұрғали


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу