Еліміздің жолдарында тамақтануды Google Maps көрсетеді

3732

Қазақстанда жол бойындағы сервистің жаңа тынысы ашылды.

Еліміздің жолдарында тамақтануды Google Maps көрсетеді

Мұны "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы жарияланған деректер дәлелдеп отыр.

Бір қызығы, ұлан-байтақ даланы айқыш-ұйқыш торлаған жолдар бойында шаршаған және қарны ашқан жолаушыларға қызмет көрсетуі бизнес сол кәсіпкер атаулыны жек көріп, "алыпсатар" деп күстәналаған кеңес заманында керемет насихатталды. Пойызбен немесе жеке көлігімен сапар шеккен адамдарды жол-жөнекей тамақтандырып, сусын ұсынып, және басқа да ұмытылмас романтика элементтерімен қанықтыратын бұл қызметтің "пиарын" көптеген КСРО-лық ірі студиялар, соның ішінде "Қазақфильм" түсірген кинолардан тамашалауға болады. 

Алайда ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының басындағы алапат дағдарыс дауылы жолбойғы сервисті жайпап өтті. Оның орнын ішінара болса да, пойыздарды аралап, "пирошки-самса-газировка" сататын егде жастағы әйелдер басты. Дегенмен, дамыған елдер қатарына ұмтылып отырған мемлекет үшін мұндай тұрпайы қызмет жарамасы анық.

Сондықтан соңғы бес жыл ішінде мемлекет бұл кәсіпкерлік түрінің дамуына үлкен көңіл бөлуде. Сала тіпті мемлекеттік қолдау басымдықтары қатарына енгізілді.  

Нәтижесінде, тек 2017 жыл қорытындысында жол бойындағы сервистің 165 нысаны қайта салынып, Қазақстанның ұлттық стандартына сәйкес келтірілген. 

Осылайша, қазіргі уақытта еліміз аумағында жол бойындағы сервистің 1 мың 859 нысаны ресми тіркеліп отыр. Оларда 25 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.

Мемлекет "ҚазАвтоЖол" арқылы бұл объектілерді ұлттық стандартқа сәйкестендіру бағытында кешенді жұмыстарға кірісті. Бұл ретте олардың посткеңестік, немесе артта қалған емес, дамыған елдер қалыбына қатты ұқсауына мән берілуде екен. Сондықтан бұл іске шетелдік кеңесшілер тартылған.

Автомобиль көлігінің халықаралық одағының (IRU) рекомендациялары бойынша халықаралық және республикалық маңыздағы автожолдарда жолбойғы сервистің 260 басымдықты объектісі іріктеліп алды. Оның басым көпшілігінің, 165-інің немесе 63%-ының сыртқы көрінісі мен ішкі сапа-мазмұны "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында шетелдіктер көз үйреткен қалыптарға келтірілуде.  

Бірден айта кетелік, ел үкіметі бүкіл Қазақстан бойынша жол жанында бой көтерген асхана, дәмхана, қонақүй, техникалық қызмет көрсету орындары және басқаларының барлығынан бірдей ең жоғарғы еуропалық дәрежеге көтерілуді талап етпейді.

Сондықтан ұлттық стандарт сервис нысандарын 4 кешенді санатқа – "А", "В", "С", "D"-ға топтастырады. Бұл жерде әр санат жолбойғы сервистің міндетті түрде болуға тиіс құрамымен ерекшеленеді.

Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша "C" категориясындағы нысандар Қазақстаннан ресейлік Саратов, Самара, Орынбор, Троицк, Қорған, Омбы қалаларына, сондай-ақ Өзбекстанның астанасы Ташкентке апарар жолдарда орнатылған. Бұдан бөлек олар Бурабай курорттық аймағына бастар "Астана-Щучинск" ақылы автожол телімдерінде бой көтерді. Бұл санат бойынша 2017 жылдан бері "KazWаy" модульдік үлгісіндегі, әртүрлі көлемдегі сервис павильондарын орнату жүруде.

Биылғы 2018 жылы павильондарды "Алматы – Қапшағай", "Астана – Щучинск" трассалары бойында, Астана қаласын айналып өтетін үлкен жол учаскелерінде іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар, сервистік қызмет көрсету аясында Бурабай кентінде қайық стансасы және 2 деңгейлі автотұрақ ашылатын болады.

Тағы бір жаңалық бар: Қазақстандағы ұлттық стандарттарға сай бұл сервистік объектілер Google Maps-қа енгізілуде. Тиісінше, шетелдік және отандық саяхатшылар, жүргізушілер сол арқылы іздеп тауып, жол бойындағы қызмет көрсету игіліктерін пайдалануды алдын ала жоспарлай алады.

Бұл сектордағы жаңару көрігі келесі жылға қарай қызады деп күтілуде. Нәтижесінде 2019 жылы жол бойындағы сервис объектілерінің барлығын ұлттық стандартқа сәйкестендіріп шығу жоспарлануда.

Айта кету керек, өткен жыл аяқталар тұста, желтоқсан айында мәдениет және спорт министрлігінің туризм индустриясы комитетінің, "ҚазАвтоЖолдың", "Атамекен" КҰП-тың, сондай-ақ жаңадан құрылған "Qazaq Tourism" ұлттық компаниясының қатысуымен "Жол бойындағы сервис қауымдастығы" құрылды. Ұйым инфрақұрылымдық дамудың мемстратегиясын жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы араағайынға айналады.

Сондай-ақ жаңа ұйым алдына "жол бойындағы сервис саласын дамыту тұжырымдамасын әзірлеу", "осы саладағы кәсіпкерлерге көмек көрсету тетіктерін түзу", "сектордың барлық объектілері үшін жеке қолдауды ұйымдастыру" міндеттері жүктеліп отыр. 

Инвестициялар және даму министрлігінің автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Бековтың айтуынша, 2020 жылға қарай ұлттық және халықаралық маңызы бар автомобиль жолдарында 260 жол бойындағы қызмет көрсететін нысанды салу және жаңғырту жоспарланып отыр. Олар ұлттық стандартқа толық сәйкес келетін болады.

"2018 жылы қазіргі заманғы талаптарға сәйкес әзірленген тағы 10 павильон іске қосылады. Олар азық-түлік бекетіне, жақсы жабдықталған дәретханаларға және тағы басқа да қызмет көрсету нысандарына арналған. Бұлар жыл он екі ай тәулік бойы қызмет көрсетеді", – дейді ол.

"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ-ы басқарма төрағасы Ермек Қизатов жалпы алғанда, Қазақстанның жол бойындағы сервис объектілерінің саны екі мыңнан асатынын (2182 бірлік) айтады. Негізінен олар жанар-жағар май құю стансалары, сауда орындары және тамақтану орындары.

"Осы салада "Нұрлы жол" бағдарламасын жүзеге асыру аясында жолбойғы нысандардың А, B, С және D категориялары қай жерлерде орын тебетінін белгілейтін "орналасу сызбасы" жергілікті атқарушы органдарымен бірлесе отырып жасады және ол инвестициялар және даму министрінің бұйрығымен бекітілген. Халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді және сұрыптауды биыл аяқтау және ғаламдық цифрлық "Транспарк" қазақстандық ақпараттық қорының жүктелуін қамтамасыз ету жоспарлануда", – дейді ол.

Саланы дамыту үшін жолбойғы сервис объектісінің құрылысына жер алу рәсімдерін жеңілдетіп, бұл нысандар құрылысына жеке кәсіпкерлер үшін "Даму" қоры арқылы жеңілдетілген несие беру мәселелері қарастырылуда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу