2030 жылға қарай Қазақстан шөлге айналуы мүмкін

4227

Мұны Экология министрлігі растап отыр.

2030 жылға қарай Қазақстан шөлге айналуы мүмкін

Біріккен ұлттар ұйымы төл ресми сайтында Қазақстанға арналған "үрейлі сценарийін" жариялады. Онда 2030 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы күшейіп, Ұлы дала шөлге айналуы мүмкін екені жазылған. Құжатта келтірілген деректер жан түршіктіреді.

"Қазақстан – су жөнінен көршілеріне тәуелді, суы тапшы ел. Оның бүкіл территориясының небәрі 2,8%-ын ғана өзен-көлдер алып жатыр. Қазірдің өзінде Қазақстан жерінің үштен екісі шөл және шөлейтті аймаққа айналды. Қазақстандағы судың жартысына жуығы көрші елдерден келеді. Тиісінше трансшекаралық өзендерді бірлесе пайдалану бұл республика үшін өмірлік маңызды. БҰҰ Даму бағдарламасының дерегінше, соңғы жылдары өңірде климаттың өзгеруі қатты сезілуде. Температураның құбылуы артты, суық пен аптап ыстық толқын-толқынмен өрбиді, қуаңшылық барған сайын жиілеуде, су тапшылығы ушығып, осы ресурс үшін қақтығыстар туындауы ықтимал", – деп хабарлады БҰҰ.

Жаһандық ұйым Қырғызстан мен Тәжікстанды Орталық Азияның "су айдаушы мұнаралары" ("водонапорные башни") деп атады. Бірақ олардың да жағдайы сонша мәз емес. Біздің аймақтың тұщы суының шамамен 60 пайызы Тәжікстандағы тау мұздықтарында қордаланған еді. Алайда соңғы онжылдықтарда мұздықтардың көлемі 30 пайызға кеміген.

БҰҰ мәліметінше, мыңнан астам мұздық толығымен дерлік жойылды. Орталық Азияда енді құрғақшылық, шөл және құмды дауылдар жиілеуі мүмкін. Олардың тіркелген саны соңғы онжылдықтың өзінде 2 есе жиілепті. Соның кесірінен, малдың жаппай қырылу, егістіктердің шетінен қурап, күйіп кету қаупі артады.

Жаһандық ұйым биліктің осы мәселеге жете көңіл бөлмеуі кесірінен, ашынған, амал таппаған қазақстандықтардың ата-бабаның байырғы дәстүрін еске түсіріп, ұлы күштерге жалбарынып, жаңбыр шақыруға "тасаттық" беретініне назар аудартты.

Жалпы "Қазақстанның өзендері", "Реки и озера Казахстана", "Водные ресурсы" сияқты қазақстандық энциклопедияларға, сонымен қатар 1990-2000 жылдардағы Экологиялық статистика жинағына сенсек, уайымдайтын проблема жоқтай. Себебі оларда Қазақстанда 85 022 өзеннің бары, соның ішінде 84 694-інің ұзындығы – 100 шақырымға дейін екені, 305-і – 500 шақырымға дейін созылып жатқаны жазылған. 500-1000 шақырымнан асатын 23 өзен бар делінген.

Бұдан бөлек Қазақстан Республикасында 48 262 көл бар көрінеді. Оның ішінде 45 248-і ұсақ, ауданы 1 шаршы шақырымнан да аспайды. Айдыны 100 шаршы шақырымнан асатын ірі көлдер саны 21 ғана. Дегенмен елді мекенді ауыз сумен қамтуға шағын көлдер де жетуі мүмкін ғой?

Ғаламтоорда осы мәселені көтерген шығысқазақстандық қоғам белсендісі Санжар Сабаз тіпті Уикипедияда орналастырылған бұл ақпараттардың қазір өзекті емес екеніне назар аудартты.

"Қазақстан территориясында 85 мың өзен және шамамен 48 мың көл бар деп әлі күнге айтылып жүр. Әрине, қалғанының нақты санын білмейміз, әйткенмен қазіргі өзекті цифрлардың мүлдем басқаша екеніне еш күмән жоқ. Ол туралы көпшілік ойлана бермейді. Өзен, көлдердің көпшілігі республикада экологияның нашарлауы салдарынан соңғы 5-10 жылда қатты тайызданып, мүлдем жоғалып кетті", – деген ол билікке осы салада терең зерттеулер жүргізуді ұсынды.

Ол бүкіл Қазақстан аумағын қамтитын мұндай кең ауқымды, терең зерттеулер көп уақытты және мол ақшаны шығындауды талап ететінін түсінеді. Бірақ ел болашағы соған тәуелді.

Әйтпесе, Ғылым және жоғарғы білім министрлігі биыл "заманауи халықаралық қатынастарды, мемлекетаралық геосаяси процестерді, рухани жаңғыруды", яғни қазіргі заманда тез өзгеріп тұратып, бүгінгісі ертең көкейкесті болмай қалатын тақырыптарды зерттеуге 1,33 млрд теңге бөліп отыр. Еріккен шенділер Қазақстанның әлемді жатқызып-өргізетін жаһандық держава еместігін, мемлекетаралық қатынастарға ықпалы жоғын, халық ертең судан тарықса, әлгі зерттеулердің бәрі мақал тілімен айтқанда, "боқтықта" жататынын түсінбейтінге ұқсайды.

Ал өзен-көлдердің саны мен қазіргі ахуалы мемлекет пен халық үшін өмірлік маңызды мәселе. Қазақтар арабтар сияқты ауыз суды көрші елдерден тасып ішетін жағдайға жетуі мүмкін.  

Сонымен қазір Қазақстанда 85 мың өзен мен 48,2 мың көлдің қаншасы қалды? Бұл сұраққа Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жауап берді.

"Министрліктің тапсырысымен, 2020 жылы Қазақстанның өзендері мен көлдерінің Тізбесі құрылды. Бұл тізім Су ресурстары комитеті төрағасының 2020 жылғы 12 желтоқсандағы №200-Н бұйрығымен бекітілді. Аталған тізбеге сәйкес, Қазақстанда қазіргі уақытта 17 870 өзен және 4 024 көл қалды", – деп мәлімдеді Экология министрлігі.

Соған қарағанда, БҰҰ сценарийі ойдан шығарылмағанға ұқсайды. Әрине, өзен-көлдер таусылса, Қазақстан Каспийді тұщытып іше алар еді. Бірақ оны Ресей жағы қатты ластауда. Күні кеше Волгоград қаласында кәріз жүйелері жаппай жарылып, нәжіс пен былық ағыны Еділге және сол арқылы Каспийге төгілген. "Отравили Волгу-матушку" деп ресейлік экологтар дабыл қағуда.

Оның үстіне Каспий жағалауындағы тұщыту зауыттарының қуаты теңіз жағалауындағы облыстарға да жетпей жатыр. Кеше Үкіметтің тапсырмасымен "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Маңғыстау және Атырау облыстарына сапарлап, ҚМГ-ның су ресурстарын басқару жобаларын іске асыру барысымен танысты.

Атырау облысындағы "Астрахан-Маңғыстау" магистральды су құбыры – Атырау облысының Құрманғазы, Исатай және Жылыой аудандарының тұтынушылары, сондай-ақ Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия және Түпқараған аудандары үшін су берудің жалғыз орталықтандырылған көзі болып отыр.

"ҚазТрансОйл" бас директоры Талғат Құрманбаевтың мәліметінше, бүгінде су құбыры 90%-ға қатты тозған, ең жоғары өткізу қабілеті – тәулігіне 110 мың текше метрден аспайды. Оны қайта құру жобасы қолға алынды, бірақ ол бойынша су құбырының өндірістік қуаты тәулігіне 170-200 мың текше метрге әзер жетеді. Реконструкция келесі жылға ұзайды.

М.Мырзағалиевтің айтуынша, осы су құбырын қайта құру жобасы – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы.

Үкімет Маңғыстау облысындағы Қаражанбас кен орнында биылғы 1 шілдеде сынақ режимде су тұщыту зауытын іске қосты. Қазіргі уақытта кәсіпорын тәулігіне 7-8 мың текше метр тазартылған, тұщыландырған су өндіреді. Зауыт 2022 жылдың соңында толық өндірістік қуатқа көше алса, 17 мың текше метр су өндірмек.  Екі су жобасы батыс өңірлердегі ауыз су тапшылығын шешуге ғана жарайды. Ал 2030 жылға қарай басқа өңірлердің жағдайы не болатыны түсініксіз.

Болашақта Орталық Азияда су үшін соғыс болатынын болжап кеткен өзбек лидері, марқұм Ислам Кәрімовтың жорамалы шындыққа айналмасын делік.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу