25 мыңға жуық жұмысшының құқығы қорғалды

4258

Еңбекақысын ала алмай жүргендердің ісіне мемлекет араласты.

25 мыңға жуық жұмысшының құқығы қорғалды

Пандемиядан ауыр соққы алған саланың бірі – еңбек нарығы. Мұны Халықаралық еңбек ұйымы да мойындады. Ұйымның мәліметінше, 2020 жылдың тоғыз айында әлемдегі жұмыс уақытының қысқаруы әуелдегі болжамнан асып түскен.

Мәселен, пандемия басталғанға дейін 2020 жылдың ІІ тоқсанындағы жұмыс уақытының қысқаруы өткен жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда 14 пайызды құрайды деп болжанған еді. Алайда нақты көрсеткіш 17,3 пайызға тең болды. Бұл көрсеткіш 495 млн жұмыс орнына пара-пар.

Мұның негізгі себебі – дамушы елдер мен нарықтық экономиканы қалыптастырушы мемлекеттердегі адамдардың көп бөлігінің бейресми жұмыстармен қамтылуында. Зардап шеккен де солар. Сарапшылар бұл санаттағы адамдар бұған дейінгі дағдарыстарда мұншалықты қиналмағанын алға тартуда.

Бұл ретте Қазақстанның еңбек нарығынан да дағдарыстың салқынын сезуге болады. 2020 жылдың екінші тоқсанында елдегі жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрады. Жалпы бір жыл ішінде республикадағы жұмыссыздық 2,8 пайызға ұлғайып, жұмыссыздардың жалпы саны 454 мың адамды құраған. Бұл – соңғы жылдардағы ең нашар көрсеткіш.

Ол аздай экономикалық құлдыраудың салдарынан кәсіпорындардың жұмысшылар алдындағы берешегі де өсіп келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2020 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша мемлекеттік инспекторлар 891 кәсіпорынның өз қызметкерлеріне қарыз екенін анықтаған. Берешек көлемі – 2,7 млрд теңге. Ал еңбекақы бойынша жинақталған қарызын ала алмай жүргендердің саны – 25,9 мың адам.

Қарызы бар кәсіпорындардың басшыларына талапты орындау туралы 511 ұйғарым беріліп, 71,5 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынған. Қабылданған шаралардың, соның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің кестелері мен мерзімдерін қатаң белгілеудің нәтижесінде 24,7 мыңнан астам жұмысшының құқығы қорғалды. Оларға 2,76 млрд теңге төленген.

Қазақстанда пандемия кезінде еңбек нарығында жаппай жұмыссыздық орын алмаса да, жұмыс уақыты айтарлықтай қысқарған. Жұмыссыздықтың аз ған өсім көрсетуіне осы жағдай әсер еткен.

Десе де, дағдарыс жағдайында еңбек нарығының аз ғана уақыт ішінде еңсе тіктей қоюы екіталай.

Сондықтан қазіргі міндет – жұмыссыздық деңгейін аттырмау.

Санжар Беркінбай


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу