510 млрд теңге шығындалатын алып жоба тұрғындарға ауыртпалық әкелді

4727

Алматы облысының тұрғындары "блокадада" қалудан қорқады, деп жазады Inbusiness.kz.

510 млрд теңге шығындалатын алып жоба тұрғындарға ауыртпалық әкелді

Қазақстанның автожол құрылысы саласындағы ең ірі жобасы – "Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының" (ҮАААЖ) құрылысы 2018 жылғы 31 мамырда басталғаны мәлім. Бұл жол еліміздің ең ірі мегаполисіндегі автокөліктердің алапат қозғалыс ағынын азайтуға, қазір қалаға кіріп кетіп жүрген транзиттік көліктерге (тәулігіне кем дегенде 38 мың машинаға) шаһарды айналып өтуге, осылайша, түтінге қақалған Алматының экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беруге тиіс. Оның үстіне ҮАААЖ нағыз "хай-уэйге" айналады: онда автомобильдер 150 шақырымдық жылдамдықпен тоқтаусыз айдай алады деп күтілуде.

Әу баста, 2018 жылы сол кездегі Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында аталған үлкен айналма жолдың құрылысы 2021 жылы аяқталып, ақылы негізде қолданысқа берілетінін жариялаған. Меже етілген жыл ортасына таяды, жоба бітпеген.

Оған мемлекет атынан жауапты құрылым – "Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы" АҚ-ы 66 шақырымға созылатын бұл жобаның аяқталуының жаңа мерзімін атады: 2022 жылғы 31 желтоқсан. Бірақ ол меже де шартты сияқты: дәл "Жаңа жыл" мерекесі қарсаңында құрылысқа кім көңіл бөлсін?! Демек, 2023 жылға әрі асуы ғажап емес.

Алпауыт құрылысты "БАКАД Инвестициялар және операциялар" ЖШС жүзеге асыруда. Ол компанияны түркиялық "Alsim Alarko" мен "Makyol" (Макйол) және кореялық "СК" мен "Expressway Corporation" құрған.

Басында ҮАААЖ құны 512 миллиард 352,8 миллион теңге деп жарияланған. Бертінде шамалы төмендетіліп, 510 миллиард 967 млн теңгені құрады.

Шенеуніктер мұның ел тарихындағы ең ірі концессиялық жоба болатынын, оған мемлекет қаржы салмайтынын, бар шығынын шетелдік ірі инвесторлар көтеретінін мақтана айтып жүр. "МЖӘ Орталығы" АҚ-ның ресми сайтында да жобаға мемлекет тек "жер учаскелерін ұсынумен" ғана шектелетіні көрсетілген.

Шынында олай емес екені енді анықталып отыр.

Былтырғы желтоқсанда "ҚР Үкіметінің концессиялық жоба бойынша мемлекеттік концессиялық міндеттемелерін қабылдаудың кейбір мәселелері туралы" 2018 жылғы 6 ақпандағы №41 қаулыға өзгерістер енгізетін жаңа Үкімет қаулысы қабылданғаны белгілі болды.

"Осы қаулыға қосымшаға сәйкес "Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын салу және пайдалану" концессиялық жобасы бойынша Қазақстан Үкіметі 510 967 322 мың (бес жүз он миллиард тоғыз жүз алпыс жеті миллион үш жүз жиырма екі мың) теңге көлемінде мемлекеттік концессиялық міндеттемелерін қабылдасын", – делінген құжатта.

Осынша алапат сома қайда кетпек?

Үкіметтің жаңа қаулысында айтылғандай, 510 миллиард 967,3 миллион теңгеден астам сома "қолжетімділік үшін ақыға" (орысша нұсқасы "плата за доступность") бағытталады. Бірақ бұл сомаға әзірге теңгенің девальвациясы кесірінен болуы мүмкін "валюталық өтемақы" кірмепті. Сондай-ақ концессия шартының талаптарында "қолжетімділік үшін төлемақыны түзету" көзделген, демек ол өсуі ықтимал.  

Бұл сонда не ақы? Тарата айтсақ, оның ішінде 176,7 миллиард теңгесі – инвесторлар салған "инвестициялық шығындардың өтемақысы" (ИШӨ) ретінде бюджеттен төленеді. Өйткені ұлттық заңнама бойынша елге инвесторларды кеңінен тарту үшін олардың құйған инвестицияларының қомақты бөлігі ел қазынасынан қайтарылады.  

Қазақстан 28 миллиард 31,2 млн теңге көлемінде инвесторлардың "эксплуатациялық шығындарына өтемақы" (ЭШӨ) жасамақ.

Ал ең үлкен бөлігі – 306 миллиард 211,7 млн теңгесі "басқару үшін сыйақы" (БҮС, орысшасы "вознаграждение за управление") болмақ.  

Әрине, осынша орасан зор қаражатты бірден аударуды онсыз да күйзеліс пен пандемия шығындарынан ортайып қалған мемлекет бюджеті көтере алмас еді. Сондықтан Үкімет әдеттегідей "дана шешім" қабылдады: жүздеген миллиардтық сома 2040 жылға дейін бөліп төленеді. Яғни, ең кемі тағы бір ұрпаққа жүк болмақ.

"Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына" (ҮАААЖ) өтемақыға бюджеттен келесідей қаражат бағытталады:

"Сақина" – сау басқа сақина емес пе?

Ел арасында "сақина" (кольцо) аталатын ҮАААЖ оның бойындағы бірқатар елді мекенге қазірден қиындық әкеліпті. Жұртшылық жоғарғы жаққа шағымданып жүр. Солардың бірі – Алматы облысының Талғар ауданындағы Талдыбұлақ ауылының тұрғындары.

"Біздің үйлер "Нұрлы жер" тұрғын үй бағдарламасы аясында тұрғызылды. Мембағдарламаға сәйкес, осында 70-тен астам коттеджден тұратын жаңа кент бой көтеруге тиіс еді. Барлық коммуникацияны толық жеткізу жоспарланған. Алайда қазіргі кезде құрылыс доғарылды. Содан небары 12 коттеджде ғана адамдар тұрады. Аумақ жағынан біз Талғар ауданының Қызылқайрат кентіне мейлінше жақынбыз. Бірақ Белбұлақ ауылдық округіне қараймыз", – дейді ауыл тұрғыны Марал Әсетова.

Үлкен айналма жол құрылысы басталғалы мәселе туындаған: кенттен сыртқа бастайтын жалғыз автокөлік жолын ҮАААЖ "қиып" тастап отыр.

"БАКАД құрылысы басталғалы блокадада қалдық. Себебі, біздің барлық инфрақұрылымымыз Талдыбұлақта қалды. Оған апаратын жол жабылды. Бас жоспар бойынша екі елді мекеннің арасын қосатын жол салынуға тиіс еді, ол қағаз жүзінде қалғандай. Айналма жолдың астымен өту үшін салынған тоннель Талдыбұлақтың ар жақ шетінде жатыр. Ол тоннельге жете алмаймыз, өйткені біздің тарапымыздан жол жоқ! БАКАД құрылысы басталғалы біз жолдан ғана емес, Талғар РЭС-і өндіретін электр қуатынан да айырылғалы тұрмыз. Әрине, дәл қасымызда жекеменшік трансформаторлық подстанция бар. Алайда оған қосылу үшін үлкен ақша талап етеді. Оның үстіне онда үнемі апат болып тұрады", – дейді кент тұрғындары.

Жалпы, Талдыбұлақ ауылының және оның коттедждер кентінің тұрғындарының басым көпшілігі Алматыда еңбек етеді. Айналма жолға шығу, тиісінше жұмыс орнына жету күрделенді дейді олар. Сонымен қатар, ауылда қариялар және мүгедек адамдар бар, олар ұдайы медициналық көмекке зәру. Жедел жәрдем жете алмауы ықтимал. 

Талғар ауданының әкімдігі талдыбұлақтықтардың шағымын қарапты.

"Талдыбұлақ ауылы үшін кезінде "Казгипроград" жобалау ұйымы Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын (ЕЖЖ) әзірледі. Оған Алматы облысының Сәулет және қала құрылысы басқармасы тапсырыс берген. Аудандық мәслихаттың 2017 жылғы 17 тамыздағы шешімімен бекітілген осы ЕЖЖ-да "Нұрлы жермен" салынған коттедждер кентінен Алматы айналма жолына шығатын және оны Талдыбұлақ ауылымен байланыстыратын жол салу қарастырылған-тын. Ол жол ҮАААЖ-дың солтүстігіне қарай, 1,5 шақырым қашықтықтан айналып бармақ. Қазіргі уақытта ҮАААЖ-дың құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Әзірге коттедждер кентінен "Талғар–Алматы" автожолына Қызылқайрат ауылы арқылы шығуға мүмкіндік бар", – деп қысқа қайырды аудан әкімдігі өз жауабында.

Осылайша, Қазақстанда бір жобаның үстіне бір жоба қосылып, қайсысы орындалатыны, қайсысы жайына қалатыны беймәлім болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу